АЛТЫНОРДА
Региональные новости

1 МИЛЛИОН 200 МЫҢ ТҰРҒЫН КӨГІЛДІР ОТЫН АЛАДЫ

газ«Бейнеу-Шымкент» газ магистралінің құрылысы  Шымкент қаласының тұсынан өтті. Осыған орай Сайрам ауданындағы Ақбұлақ ауылының маңында салтанат болды. Бұл жоба бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының 1 миллион 200 мың тұрғыны көгілдір отынның қызығын көреді деп жоспарланған.

Бүкіл түркі әлемінің бас қаласы Түркістан жұртшылығы тақияларын аспанға атып жатыр. «Жақында газ келеді, өркениеттің рахатын сезінеміз» дейді олар.

Кеңес одағы жылдарында керек-жарақпен Мәскеу қамтамасыз етіп отырған,  Қаратаудың тәжі аталып кеткен кеншілер қаласы Кентаудың тұрғындары «Қыста үйімізді көмірмен жылытқанды доғаратын болдық», деп бірін-бірі құттықтап жатыр. Бабтардың бабы Арыстанбаб байыз тауып жатқан, атақты Әл-Фараби бабамыздың кіндік қаны тамған Отырар ауданының біраз адамы «Бейнеу-Шымкент» газ құбыры өткен жерге барып, мал сойып, қуанғандарынан құдайы беріп қайтыпты. Арыстықтар «Бұл құрылыс Елбасының Жарлығымен басталды. Президенттің  бақылауында тұр. Мемлекетіміздің басшысына мың да бір рахмет!» деп жүр. Сондай-ақ облыстағы Бәйдібек, Ордабасы, Сайрам, Түлкібас аудандарының тұрғындары да осы газ магистралінен көгілдір отын алатын болдық. деп үмітпен қарап отыр.

га

Қазір елімізде бірнеше газ магистралдары салынып жатыр. «Бейнеу-Шымкент» солардың біреуі. Жалпы, газ құбырларының ұзындығы  1477 шақырымды құрайды екен. Олар Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарын газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермекші. Ал «Бейнеу-Шымкент» республикамыздың оңтүстік өңірлерін көгілдір отынмен қамтып қана қоймайды, газды одан әрі Қытайға жеткізеді.

-Оңтүстік Қазақстан облысы арқылы өтетін осы магистралды газ құбырының құрылысына тартылатын инвестицияның жалпы көлемі 647 млн. АҚШ долларын құрайды.  Оның бірінші кезеңдегі құрылысына – 480 млн. АҚШ доллары тартылды,-деді мамандар.

Оңтүстік Қазақстан облысының аумағынан өткен магистральды газ құбыры облыстың 8 қала, ауданындағы  284 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз етпекші.

Елді мекендерді газбен қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Құрылысшылар магистралды салу барысында  қаланың, ауылдардың тұсынан газ алатын орын қалдырып кетеді екен. Кейін  автоматтандырылған газ тарату стансалары  салынуы керек. Енді облыста сондай 7 стансаның құрылысы жүргізіледі. Оның біреуі «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның инвестициялық қаражаты есебінен салынбақшы. Ал  қалған алтауы облыстың бюджеті есебінен тұрғызылады.

Басқасын қайдам, автоматтандырылған газ тарату стансасына қаражат табылатын шығар. Бұл қалың елдің асыға  күтіп отырған құбыры ғой. Халық жақсылыққа асыққандарынан болар. Аттылы, тіпті есекке мінгендері де бар, құрылыстың басына барып, құбырға ұза-а-ақ қарап тұратын көрінеді.

 

 

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ

           Оңтүстік Қазақстан облысы