Астана халқы 795 мың адамнан асты. Бұл туралы Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы хабарлады.
«Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2013 жылдың 7 айында елорда халқы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2%-ға өсті. Сонымен бірге, елдің бас қаласында 410810 әйел, 384991 ер адам тұрады», — делінген хабарламада.
Астаналықтардың жартысына жуығы немесе 365530 адам «Алматы» ауданында, 40,4%-ы «Сарыарқа» ауданында, 13,7%-ы «Есіл» ауданында өмір сүреді.
Сондай-ақ, ДДРО мәліметінше, еліміздің бас қаласында туу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 14,5%-ға артқан.
«2013 жылдың 7 айында елордада 12634 бала өмірге келді. Өлім көрсеткіші 10,7%-ға – 1000 адамға шаққанда 4,74-тен 4,28-ге азайды. Сәби өлімінің көрсеткіші 10,8%-ға – 1000 адамға шаққанда 10,8-ден 9,1-ге азайды», — делінген хабарламада.
BNews.kz