Астана. 9 қыркүйек. Baq.kz – Астанада кеше «Тілеп қобыз сарайы» концерт залында «Ұлы Дешті Қыпшақ даласының әуендері» деген атаумен «Көк түркілер» фольклорлық-этнографиялық ансамблі өнер көрсетті.
Кеште көне аспаптарды шебер меңгерген музыканттар XVIII ғасырдағы Тілеп Аспантайұлының нар қобызын, IX ғасырда ұлы ғалым әрі ойшыл Әл-Фараби ойлап тапқан әл-канун аспабын, археологтар Алтай үңгірінен тапқан V ғасырдағы қыпшақ домбырасының көшірмесін, сонымен қатар қыл-қобыз, шаң-қобыз, жетіген, дабыл, данғыра, сыбызғы сияқты аспаптарда ойнап, көрермендерге қуаныш сыйлады.
Әсіресе, жиналған қауым көмеймен ән айтудың хас шебері Еділ Құсайыновтың өнеріне таңдай қақты.