Астана. 13 қыркүйек. Baq.kz – Биыл Хан ордасы кезінде ту тіккен, киелі Көкшенің жерінде халқымыздың аса көрнекті мемлекет қайраткері Абылай бабамыздың туғанына 300 жыл. Бұл тарихи маңызы бар, дүйім жұрт арман еткен елеулі оқиға. Көп жылдар бойы бұрмаланған тарихымыз қайта қаралып, толықтырылып жатыр. Көптеген тарихи деректер мен тұлғалар таптық тұрғыдан емес, жалпы адамзат тұрғысынан сөйледі.
Осы бағытта заман өзгерістеріне сәйкес тарихшыларымыздың алдында көптеген міндеттер тұр. Солардың бірі – оқиғалардың жанды негізігін қалпына келтіріп, белгілі тарихи қайраткерлерді дұрыс көрсете білу және олардың күшті не әлсіз жақтарын айқындау.
Бір сөзбен айтқанда, қанша қиын болғанымен олардың өткен өмірі, қызметі туралы шындықты ұрпақтан ұрпаққа жеткізу. Осыған байланысты, бірқатар мемлекет қайраткерлері мен белгілі тұлғалардың Абылай (Әбілмансұр) хан жайлы айтқан сөздерін ұсынамыз:
«Орындалмаған үш арманым қалып барады, біріншісі – жаумен жағаласумен жүргенде елді отырықшылдыққа үйрете алмадым, екіншісі – қала сала алмадым, үшіншісі – егін егіп, халқыма жер емшегін емдіре алмадым».
Абылай хан
«Абылай – қазақ халқының өмірінде ұзақ уақыт жарқырап жанған жұлдызы. Оның жанған жарығы мен ыстық лебі, шапағаты халқымыздың жүрегінде мәңгі-бақи сақталатыны сөзсіз!».
Жабайхан Әбділдин
«Болып өткен оқиға зор, тарихи тұлға тұғырлы болған сайын оның жұмбағы мол болады. Себебі оның айтылмай қалған тұстарына «аңыз», «ертегі» тор құрады. Біздің арғы-бергі өмірімізде Абылайдай асқақ, Абылайдай терең, Абылайдай қас батыр, Абылайдай мәмілеген мемлекет басшысы болған емес».
Жарылқасын Боранбай
«Тарихи тұлғаларды бір-бірімен теңестіре салыстыруға болмайды. Әйткенмен, Ресей үшін Петр бірінші, Германия үшін Бисмарк қандай қызмет атқарса, Қазақстан үшін Абылай ханның еңбегі олардан кем емес!».
Қадыржан Әбуев
«Абылай хан! Бұл есімді атағанда барша қазақ атаулының жадына бостандық, егеменді ел, қазақ халқы, туған жер, Отан, ел бірлігі, ел ынтымағы сияқты қасиетті ұғымдар оралады. Айбынды да айдынды, әруақты Абылай бабамыздың есімі, рухы өсіп-өнудің ұрығы емес деп ешкім де айта алмас! Абылай ханның даналығы мен көрегендігі – осы бір Дала демократиясы мен хандық диктатураны бір жүйеге сала білді».
Манаш Қозыбаев
«Әр халықтың тарихында қаһарман тұлғалар бар, олардың есімдері әрқашан халықтың жадында. Қазақ халқының тарихында ұлттық қаһармандардың бірі – Абылай хан».
Нұрсұлтан Назараев
Жалғасы бар…