5 миллион теңгенің толыққанды иесі атану әрі ең соңғы техникамен жабдықталған студияда ән жинағы жазылуы кез келген әншінің арманы ғой. Алайда ол мүмкін бе? Әрине, әбден мүмкін, егер сіз «Қазақстан дауысы» жобасының жеңімпазы атансаңыз. Ол үшін не істеу керек? Біз бұл жайлы жобаның бас директоры Кенже Жұманұлымен сұхбаттасып едік
Кенже ЖҰМАНҰЛЫ, «Қазақстан дауысы» вокалдық телевизиялық шоу бағдарламасының директоры:
– Аға, 5 миллионды тегіннен-тегін бере салатын бұл қандай жоба?
– «Қазақстан дауысы» – бұл алғаш 2010 жылы Голландияның RTL4 телеарнасында тұңғыш рет төрткіл әлемді дүр сілкінткен The Voiсe of Holland шоу бағдарламасының қазақша нұсқасы. Ал мұның жоғарыда аталған жобалардан ерекшелігіне тоқталсақ, біріншіден, мұнда қатысушының түр-сипатына, киім киісіне емес, тек қана дауысына мән берілетіндігі. Яғни тәлімгерлер көрмей тыңдайды. Қатысушы ән сала бастағанда егер сол төртеудің бірі ұнатса, алдындағы қызыл нүктені басады, орындық автоматты түрде бұрылады. Сонда ғана олар әлгі ән иесінің түрін, жас па, кәрі ме, ер ме, әйел ме, толық не арық екенін бір-ақ көреді. Және екінші бір қиындығы – тәлімгер дауыс иесін таңдап алды екенін, сол сәттен бастап ол сол адам үшін жауапты, яғни оның даусымен жұмыс істеп, келесі сындардан сүрінбей өтуіне, әр сәт сайын кәсіби мүмкіндігінің артуына жағдай жасауы тиіс. Былайша айтқанда, отырған тәлімгерлер арасында өз әншісін шыңдау тұрғысынан бәсеке басталып кетеді.
– Жобаға іріктеу, жаңылмасам, басталып кетті. Қанша адам қатысып, соның қаншасы іріктеліп алынды?
– Жалпы, еліміздің барлық өңірінен 9 мыңнан аса адам қатысуға келіпті. Соның ішінде ең белсенділік танытқан осы Алматы қаласы, нақты айтсақ, 3 мың алматылық қатысып, соның ішінен небәрі 57-сі ғана байқаудың негізгі сынынан, өткен. Содан-ақ іріктеудің қаншалықты қатаң түрде өткенін байқай беріңіз. Тіпті біздің сынымыздан өте алмай қалғандардың арасында көптеген республикалық, халықаралық байқаудың жеңімпаздары да болды десек, сенесіз бе… Бірақ ол – ақиқат. Бұл жобада әр адамға 90 секунд қана уақыт беріледі. Сол тым қысқа сәтте даусының мүмкіндігін көрсете алса көрсетті, болмаса өкінішті…
– Осындай байқау ұйымдастырудағы басты мақсаттарыңыз не?
– Қазіргі кезде нағыз әнші мен жай «әу дейтінді» ажырату қиын болып кетті ғой. Өйткені барлығы дерлік фонограмма жазып алып, сахнада да, тойда да шапқылап жүргені. Тыңдасаңыз, бәрі – «бұлбұл». Қазір соған етіміздің өліп кеткені соншалық, танымал әншілердің бәрі дерлік жанды дауыспен ән айтудан қорқатын дәрежеге жеткен. Қашқақтайды кәдімгідей. Мысалы, біз мұның алдында «Жұлдызды сәт» деген байқау ұйымдастырдық. Сонда кеш қонақтары ретінде танымал әншілерді шақырдық та, бірақ оған «жанды дауыста шырқауыңыз керек» деген талап қойдық. Сөйтіп ек, бәрі қашатын болды, әрине, «ән айта алмаймын» демейді, түрлі сылтау айтады. Бізге сол ой салды. Сөйттік те, жанды дауыста ән айта алатын, болашақта кез келген байқауда, не концертте, «тап осы жерде шырқа» десе дағы еш жүрексінбестен әуелете жөнелетін мықтылардың мықтыларын іріктеуді көздедік. Шынында, небір мықтылар бар екен. Тіпті өзіңіз таңғаласыз.
– Бізде осы күнге дейін қандай керемет жобалар болып, небір дарынды дегендер іріктеліп шықты, бірақ солар сол жеңімпаз болған жерде ғана қалып жатқандай. Бұл жоба да сол әрекетті қайталамай ма, яғни жеңімпазды іріктеп-іріктеп алып, соңында «іс бітті, қу кетті» демей ме?
– Бас жүлде тағайындалған адамға бізде қомақты жүлде беріледі, оған қоса шетелдік Sony music студиясымен бір жылға келісімшартқа отырады, солар әнжинағын жазуға көмектеседі. Ал негізі адамның өнерде өсуі не өшуі оның дарынымен қоса еңбектенуіне қарай. Екінің біріне тегін эфир, әр апта сайын оның бойындағы дарынын ел-жұртқа таратуға мүмкіндік беріле бермейді, техника тілімен айтқанда, ротация ақылы. Соны сезініп әрі тиімді пайдалана білген адам әрі қарай өз арбасын өзі сүйреп кете алады. Яғни жоба арқылы танылды ма, әрі қарай жақсы ән жазып, концерттерге шығып көрінсе, ол әнші жерде қалмайды. Қазірдің өзінде бізге композиторлар хабарласып, «жеңімпаздарға біз өзіміздің әнімізді берейік, ешқандай ақы төлемей-ақ сол әндерімізді жарыққа шығарып, өздерін таныта берсін» деп отыр. Неге? Себебі қазір, шыны керек, композиторлар дарынсыздардан шаршады, олар өз туындысын шебер әрі кәсіби орындайтын әншіге бергісі келеді. Яғни көрермен ғана емес, авторлар да нағыз әншіге зәру. Мүмкіндігінше біз өз жеңімпаздарымызға одан әрі де жылы қабақпен қарап, байқау біткен соң да қолдан келгенше мүмкіндік жасауға тырысамыз. Алайда біздің бас жүлдеден үмітті жан «мен жоба жеңімпазымын, ал жағдай жаса» деген масылдық психологиядан бойын аулақ салуы тиіс.
– Сіздердің тәлімгерлеріңіз, біздіңше айтқанда, әділқазыларыңыз Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев, Медеу Арынбаев және Нұрлан Албан. Осылардың өзі қандай да бір іріктеуден өткен бе? Оларды кім тәлімгерлікке таңдап алды және не үшін? Қазақстандағы нағыз кәсіби әнші осылар ғой, демек?
– Негізі, тәлімгер таңдау да тартысқа толы әрі қиын болды. Алайда ақылдаса келе көптің таңдауы осыларға түсті. Неге десеңіз, бұл төртеудің бірі өзі де осындай сыннан өткен, ол – Алмас Кішкенбаев, екіншісі – сүйкімді әнші Мәдина, Медеу Арынбаев ағамыздың дауыс мүмкіндігі, мәдениеті әрі педагогтігі бар, ал Нұрлан Албан – өзгеше жанрларға барып, музыкада ізденіс танытып жүрген тұлға.
– Нағыз «Қазақстан дауысына» қойылар талап қандай, яғни ол қандай болуы керек? Қазақы ма болмаса қазақылық басты емес, керісінше, шет тілінде ән айта білсе болғаны ма?
– Бастысы, ол жанды дауыста ән салуда тосылмауы керек, сондай-ақ ол қазақ әнімен шектеліп қалмай, қай тілде айт десең, сол талаптың үдесінен шыға білуі шарт. Өйткені болашақта ол әнші шетелдерге қазақ музыкасын, қазақ әншілерін танытады деген үміт артып отырмыз. Біз өзіміз де шеттегі жобаларға ұсынбақпыз, бәлкім, ол АҚШ-тың Voiсe-ы болар, мүмкін басқа…
– Қазір қазақ жастары онсыз да шетел әнін орындауға әуес, өйткені күндіз-түні тыңдайтындары сол батыстық әуендер, керісінше, біз өз қазақы үн, қазақы әнімізді жоғалтуға шақ қалған сияқтымыз. Шетел өз тілдерінде өзгелердің ән айтқанына зәру емес, керісінше, оларға әр халықтың өз ұлттық үні, ерекше музыкасы таңсық емес пе? Олай болса бізге неге осы жағына күш салмасқа?
– Қазақтың дәстүрлі музыкасы ешқашан жоғалған емес, жоғалмайды да, себебі оның орныққан өз мектебі бар. Ал енді олардың насихаты кем десеңіз, оныңызбен келісемін. Поп музыканы көбірек тыңдап, соған ауытқып кеткеніміз рас. Тойға да соларды көбірек шақырады. Сол тұрғыдан ғана бізде қазақы ән жоғалып бара жатқандай көрінетін шығар, бірақ, шын мәнінде, бәрі де ән салып жүр. Тек ешқашан «біз қазақпыз» деп қана шектеліп қалмау керек. Заманның ағынына қарай жүру – қашаннан бар құбылыс. Ал енді қазақы үн деген тек домбырамен салған әнде ғана бар немесе дәстүрлі әншілер басқа жанрда ән сала алмайды деген дұрыс көзқарас емес. Біз осы іріктеу барысында домбырада ән салып жүрген жас әншілердің эстрадада керемет шетелдік әндер айтқанын көріп таңғалдық. Тіпті опера жанрында да шырқай жөнелгендері болды. Демек, егер адам дарынды болса, ол қай тілде, қандай аспап, қандай жанрда айтса да, жарқырай көрінеді. Былайша айтқанда, батырға оң-солы бірдей ғой.
– Осыған дейін іріктеу кезеңі болған шоудың телевизиялық түсірілімі басталды ғой. Телеэкраннан көрінетін қанша «бақытты жан» қалды?
– Тоғыз мыңнан астам адамның небәрі 150-і қалды. Солар ғана түсірілімге қатысады. Басында айтқандай, түр-келбетіне мән берілмей, көрмей таңдалады, тек жартылай финалға іліккендермен стилистер жұмыс істей бастайды. Төрт тәлімгер кімге бұрылады, кім бастапқыда қалай болып келіп, енді қалай құбылады, соңында ең мықты деген кім қалады? Оны енді сіздер алдағы жексенбі, яғни қыркүйектің 29-ынан бастап кешкі сағат 21:35-те «Қазақстан» ұлттық арнасынан тамашалайтын боласыздар.
Автор: Мәриям ӘБСАТТАР