Толоконникованың күйеуі Петр Верзилов «Орталық Ресейдегі Мордовия Республикасында орналасқан колония әкімшілігі әйелінің жағдайы нашарлағаннан кейін, оны түрме ауруханасына жатқызу туралы шешім қабылдағанын» айтты.
27 қыркүйек күні Толоконникова түрме қызметкерлерін «су бермейді» деп айыптаған еді. Түрме басшылары бұл айыпты жоққа шығарып отыр.
Петр Верзилов жариялаған Толоконникованың хатында «27 қыркүйек күні түрме күзетшісінің оған суды тартып алатынын айтқаны, содан кейін оның қолын қайырып, суды алып кеткені» жазылған.
Толоконникова Мәскеудің кафедралдық соборында Ресей президенті Владимир Путинге қарсы ән айтқаны үшін екі жылға сотталған еді.
Ол түрме басшыларының «тұтқындарға шамадан тыс жұмыс істетуіне және өлтіретіндерін айтып, қорқытуына қарсы» аштық жариялаған.
Толоконникова ауруханаға түсетін күні «карцерге» қамалғанын да хабарлаған.