АЛТЫНОРДА
Новости

Мэрлин Монроның сұлулығы жасанды көрінеді

48711c49116344c511d532c3925251f3Өмірден озса да, сұлулығымен күні бүгінге дейін дүйім жұртты тәнті етіп келген Голливуд жұлдызы Мэрлин Монроның сұлулығы – пластикалық хирургтердің арқасы екен, деп жазады NY Daily News.

Беверли-Хиллзде өтетін аукционда аты аңызға айналған Мэрлин Монроның кезінде пластикалық хирургия қызметін кеңінен пайдаланғанын дәлелдейтін құжаттар шығарылмақ. Сатылымға актрисаның рентген суреттері мен оған берілген дәрігерлік кеңестердің түпнұсқалары шығады деген болжам бар. 1950-жылғы құнды құжаттарды аукцион ұйымдастырушыларына пластикалық хирург Майкл Гудвин тапсырған екен. Хабарламаға сенсек, дәл осы дәрігер кезінде әйгілі жұлдыздың көркін келтіруге көмектесіпті-міс.

Бір қызығы, киножұлдыз қазір екінің бірі әдетке айналдырған кеуде пластикалық хирургиясына мүлде жүгініп көрмеген. Есесіне, бет пішінін өзгерту үшін бірнеше рет пышақ астына жатыпты. Ұсынылған құжаттағы мәліметтер бойынша, актриса «өзінің ұсқынсыз жақ сүйегіне жиі шағымданған». Құжаттар бойынша, 1950 жылы жұлдыздың жағына жасанды шеміршек салыныпты. Сондай-ақ ол дәрігерлерге мұрын пішінін өзгертуді өтінген. Тарихи құжаттардың арасынан Мэрлин Монроның тек сыртқы келбетіне қатысты емес, сондай-ақ жалпы денсаулығына байланысты құнды деректер кездестіруге болады. Олардың бірінде актрисаның жатырдан тыс жүкті болғаны туралы да мағлұмат бар.

Әрине, күні бүгінге дейін жұлдыздың өнеріне табынып келген фанаттары мұндай мағлұматқа сенгілері келмейді. Олар Мэрлин Монроның сұлулығы табиғаттың әлемге сыйлаған ең үлкен сыйы деп есептейді. Осы жайттың ақ-қарасын ажырататын қағаздар 10 қарашада өтетін аукционда сатылымға түседі. Оның бастапқы бағасы 30-50 мың долларға бағаланып отыр.


BNews.kz «www.bnews.kz».