Төрткіл дүниені дүбірлеткен Сириядағы соғысқа 150 қазақстандық «жиһадқа хижра қылдық» деген ұранмен аттаныпты-мыс. Бұл мәліметті ең алғаш болып француздардың France-24 ақпараттық арнасы таратты. Артынша youtube.com сайты сол 150 қазақ азаматының «соғысуға дайын екенін» ашық көрсететін бейнетаспаны жариялады. Соңғы екі-үш күн бедерінде бұл таспа аталмыш сайттан алынып тасталғанымен, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Әзірше бұл бейнетаспаның артында кімдер тұрғаны, жиһадшылардың кімдер екені белгісіз...
Бейнетаспа не дейді?
Шындығын айту керек, осыған дейін бірқатар ақпарат көздері Сирияға жиһад жасауға бет алған 150 азаматтың 30-ы бала-шаға екенін айтқан болатын. Бейнетаспадағы көріністе бес бірдей қазақ азаматы ашық түрде өздерінің жиһадқа шыққандарын жария етеді. Мәселен, Абдол-Рахман әл-Казақи деген атпен сөйлеген қандасымыз: «Алла тағала, шейіттердің жандарын әртүрлі қылып алып, марапатына сай жаннаттың төрінен орын береді» десе, Сайф әд-дин әл-Казақи атты біреуі: «Қазір кейбір бауырлар «фард кефайр» деп алданып қалады. Ол мүлдем олай емес. Ғалымдар: «Жаулар бір қадамдай жерге кірсе, ол жердегі бүкіл мұсылмандар болып қорғануы керек. Олар қорғануға шамасы келмесе, көрші жерлерге көшеді. Сөйтіп, бүкіл Жер шарын алады», – дейді деп сөзін қорытындылайды. Түсіне білген адам бірінші «жиһадшының» санасында тек жаннаттың төрі тұрғанын аңдайды, ал екіншісі белгісіз ғалымның тұжырымдамасы арқылы өз «сапарларының» дұрыстығын дәлелдегісі келеді. Бұл жерде саяси тұрғыда мән беретін һәм көзге бірден түсетін бір жағдай бар. Ол «жиһадшылардың» тегінде «қазақ» атауының жалғаса жүруі. Бұл – бір.
Сарапшылар бейнетаспаның растығына сенетін сыңайлы
Біз тура осы мәселе жөнінде бірнеше мамандармен пікірлескен едік. Олардың көпшілігі бұл бейнероликтің растығына сенетін тәрізді.
Мұртаза Бұлұтай, дінтанушы:
– Бұл – трагедия, бұл қазаққа жасалған, қала берді исламға жасалған қиянат! Жазықсыз адамдарды өлтіру мұсылмандық емес. Бұлардың санасын улап отырған ұйымдарға Сирияда соғысатын адам күші керек, оларға қазақтың көк тиынға да қажеті жоқ. Осылай 50 шақты елдің жастарын алуан түрлі әдіспен алдап, торға түсіріп, үгіттеп, дайындап, Сирияға әкеліп бейшара халықты бір-біріне қырғызып жатыр. Бұл бейнетаспа арандатушы топтардың Қазақстанда да «ячейкалары» бар екенінің көрінісі.
Жиһадшылардың саны 150-ден де көп болуы мүмкін
Total.kz сайтына сұхбат берген белгілі саясаткер Досым Сәтбаев Сириядағы қандастарымыздың саны 150-ден де көп болуы мүмкін екенін айтады. Ол өз сөзінде «Сириядағы қазақ жиһадшыларының көрініс беруі жаңалық емес, бұған дейін бұл жағдай Ауғанстанда да орын алған» дей келе, бар мәселені еліміздегі жастардың әлеуметтік проблемасының шешілмеуіне әкеп тірейді.
Ал белгілі журналист Ахмет Аляз болса «Бұл – тікелей діни идеологияның теріс насихатының көрінісі» екенін айтады.
Ахмет Аляз, журналист:
– Дүниежүзінде 2 млрд мұсылман бар. Солардың ішінде 10-нан аса өздерін ислам дінінің қорғаны сезінетін кертартпа ұйымдар кездеседі. Сол ұйымдар түрлі елдерден түрлі әдістер қолданып, жастарды соғысқа апарады. Өкінішке қарай, қазақ азаматтарының Сирияға бару-бармауын тек бүгінгі күн тұрғысынан бағамдамау керек. 1990 жылдарда Шешенстанда болған соғысқа біздің де отандастарымыздың қатысқаны құпия емес. Олар сол шайқасқа жалдамалы әскер ретінде барып, қайтқан кезде экстремистік діни идеологиямен уланып қалды. Қазіргі еліміздің батыс, солтүстік аймағындағы бұрыс жолды ағымдардың көбеюіне солардың әсері мол болғанын мойындауымыз керек.
Тақырыпқа тұздық
Бесіктен белі шықпаған балалардың жайы не болмақ?
Аталмыш бейнетаспада жас сәбилердің құран оқып һәм спорттық жаттығулар жасап жатқаны да көрсетілген. Тіпті біреуі: «Мына заман өзгерді, Аттанатын кез келді. Жүректерде иман оянды, Найза қанға боялды» деп қазақша өлең жолдарын да оқиды. Ең қиыны, егер де осы видео рас болса, Сирияның, сол Сирияны басқарған Башар Асад дегеннің кім екенін білмейтін бұл балалар жазықсыздан жазықсыз жиһад құрбаны болып кетуі мүмкін.
Арабқа жасалған сәлемдеменің астарында не тұр?
Бейнетаспаға қайта оралайық. Бұл бейнероликті араб жігіті дайындапты-мыс. Десе де: «Мынадай құралдармен, әлхәмдүлиллә, жиһад қылуға шықтық. Соған амал жасаудамыз, иншалла. Бауырларымызбен, бала-шағамызбен, әлхәмдүлиллә, отбасыларымызбен жиһад қылуға хижра қылдық» дейтіндер бейнетаспаның соңына қарай араб бауырларына сәлемдеме айтады. Бірақ біздің елдің тұрғындары мен сарапшылары бұл сәлемдемеге баса назар аудара қойған жоқ. Қараңыз, қазақ жиһадшылары: «Біздің өзіміздің араб бауырларымызға сәлемдемеміз бар. Аллаһ айтты: «Біз құранды араб тілінде түсірдік» дей келе: «Егер сендер (арабтарды айтып отыр) теріс бұрылсаңдар, Аллаһ сендерді басқа қауыммен ауыстырады. Олар сендердей болмайды» дейді. Бұл жердегі басқа қауымы кім? Әрине, аттарының артына «қазақ» деген жалғауды жалғап алған осы 150 қандасымыз емес пе? Бұл қорқынышты болса да, логикаға сыйымды сұрақ.
Досай Кенжетай, дінтанушы:
– Бұлардың шекарадан қалай асып кеткенін білмейміз. Танымдық, философиялық, саяси тұрғыдан қарасаңыз, өз ішімізде оларды шекарадан асыратын дәліздің болғанын аңғаруға болады. Олар қазірдің өзінде режимге қарсы соғыс психотехникасын меңгеріп, мол тәжірибе жинап алғаны байқалады. Бұл белгілі бір ұйымдасқан топтың жүйелі жұмысының нәтижесі. Ал қолына қару асынған қазақтар – тек құралдар. Кезінде Ресей Варшава келісімі аясында Сирия, Ирак, Ливия секілді бірқатар елдерді қолдан социалистік елге айналдырды. Осы қадам арқылы ислам топырағында социалистік тенденцияны ұстанатын ағымдар пайда болды. Бүгінгі жағдайдың бір ұшы сол кездегі саясатқа барып тірелуі әбден мүмкін. Бұдан шығар жолды таным мен ағарту ісінен іздеу ақымақтық. Бұл – саясат. Ол саясаттан тек арнайы саяси механизм арқылы ғана арыла аламыз.
Ресми органдар неге кереғар пікірде?
Кеше кешкісін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Нұрғали Білісбеков Қазақстан өз азаматтарын Сириядан қайтару жөнінде кешенді жұмыс істеп жатқанын, олардың бөтен елдің аумағында заңға қарсы әрекеттерге баруы да мүмкін екендіктерін айта келіп: «Бір отбасы бар екен, 150 адамы бар екен» деген секілді әңгімелердің шындыққа жанаспайтынын тілге тиек етті. Ал Дін істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Марат Әзілханов: «Әрине, оларға сырттан да күштердің көмек беріп отырғандығы белгілі. Яғни бұл – біздің азаматтарымызды радикалды қозғалыстардың қатарына қосуға бағытталған акция, өкінішке қарай, ғаламдық ақпараттық мүмкіндіктердің кеңеюі салдарынан кез келген адам интернет арқылы уағыз ала алады, оның ішінде радикалды сипаттағы уағызға да ұрынып қалады», – деді. Бір қызығы, ҚР Сыртқы істер министрлігі таратқан ақпаратта министрлік «аталмыш радикалдық сектаның 150 мүшесінің қазақстандық азаматтығы барлығын не растамайды, не теріске шығара алмайды» деп хабарлады. ҚР СІМ баспасөз қызметі: «Қазіргі таңда ҚР Сыртқы істер министрлігі Сирияда түсіріліп алынған және интернет желілерінде таратылған бейнематериалдардағы адамдардың Қазақстан азаматтығына қатысы бар-жоқтығын растап немесе жоққа шығара алмайды. Аталған тұлғалардың аты-жөндері бейнематериалда көрсетілмеген, бұл өз кезегінде оларда қазақстандық төлқұжаттың бар екендігін тексеруге мүмкіндік бермейді. Олар консулдық есепке алынбаған», – делінген. Сонымен қатар «Сирияда қазіргі кезде әскери іс-қимылдар жалғасып жатқандықтан, жергілікті билік өкілдері қазақстандық тараптың ресми сұранымына жауап беруге мүмкіндіктері жоқ.
Қуырдақтың көкесі…
Кімге сенеміз? Ендігі мәселе осы. ҰҚК жоққа шығарады. СІМ ресми түрде «аталған тұлғалар ол елге Түркия аумағында орналасқан босқындар лагері арқылы Сирия визасын рәсімдемей кіруі мүмкін деп болжайды. Оған себеп – Қазақстан мен Түркия арасында визасыз жүйе орнатылған. Екі құзыретті орган бір-біріне кереғар мәлімдеме таратып отырса, біз қай кеменің басын ұстамақпыз? Десе де, мұндай бейнетаспаның түсірілуі жақсылықтың нышаны емес. Жарайды, мұны қолдан жасалған арандатушылық деп білелік. Ол бізге абырой әпере ме? Бұл – бір. Екіншіден, біз не себепті сыртта жүрген азаматтарымызды толыққанды бақылай алмай отырмыз? Үшіншіден, бұл таспаның артында кімдер тұруы мүмкін? Бейнетаспа нақ Сирияның өзінде түсірілді деп айту да қиын. Себебі барлық оқиға ауланың ішінде өрбиді. Олай болса, осындай арандатуға барып отырғандар кімдер? Неге? Сұрақ көп, жауап жоқ.
Түйін
Осыдан бірер жыл бұрын Норвегияның геологиялық барлаушылары Сириядан ірі мұнай және газ кен орындарын (егер Сирия сол мұнайдың бәрін игеретін болса, күніне 6-7 млн баррель мұнай өндіріп, әлемдегі үздік ел Сауд Арабиясы өндіретін мұнай көлемінің тең жартысына әп-сәтте жетеді екен) һәм ірі көлемдегі газ қорын тапқанын жариялаған болатын. Ақиқатын айтқанда, Сириядағы бүгінгі соғыстың астарында да осы байлық жатыр. Ал сондай алпауыттардың саяси ойынына құрбан боларлық я арандатушылыққа ұшырарлық қазақ жастарының не кінәсі бар еді? Бізді өкінтетіні осы ғана.
Автор: Қанат БІРЛІКҰЛЫ