АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Мейрамханаға баламен барсаң, айып төлейсiң

ресторанЖүйке тамырларым ауы­ратын едi. Алматыға тойға барып, ренжiп, одан сайын ауы­рып қайттым. Әрине, қырық жыл мектепте мұғалiм болып жұмыс iстеу оңай емес...

Жақында туған құдамның баласы үйленiп Алматыға тойға бардық. Кенже баламның қолында тұрғандықтан, өзiме тиесiлi 4 жастағы кенже немеремдi ала кел­генмiн. Мен үшiн дүниеде баланың қуан­ғанынан артық бақыт жоқ. Ақ бантигiн тағып, етегi жел­бiреген ақ көйлегiн кигiзiп, қызым такси жалдап, кешке тойға бардық. Мейрамханаға кi­ре­йiк десек, iшке кiргiз­бейдi. Дап-дардай басыммен есiктiң алдында аз-маз сүмiрейiп кiдiрiңкiреп қалдым. Қызым: “Бiздi тойға шақырған. Ендеше, неге кiруге болмайды?..” – десе, “Той иелерi сiздерге ескерткен жоқ па едi? Кiшкентай баламен мұнда кiруге болмайды”, – дейдi. Анау-мынауға бой бермеушi едiм, мынандай сұмдықты көрiп не айтарымды бiлмей тосылып қалдым. Бiздi көрген құдам жетiп келдi. Бетiмнен сүйiп, жiк-жаппар болып жатыр, байғұс (байғұс демегенде не дейiн, өз тойына өзi иелiк ете алмаса). “Айып­пұлын төлеймiн, кiрсiн”, – дедi бiздi iшке кiргiзбей қой­ған қызға.
Жастардың тойы ғой, бақытты болуларын, құда мен құдағиға жақсы келiн болуын тiледiм, әрине. Бiрақ жасы келген қарияны, ақ жаулықты ананы есiктiң алдында жаман оқушы се­кiлдi ұстап қалғандары үшiн мен қатты ренжiдiм.
Артынан бiлдiм, Алматыда кейбiр мейрамханаларға баламен тойға бармау керек екен. Мейрамхананың заңы солай көрiнедi. Олардың айтуынша, бала жылайды, шулайды, жүгiредi. Жал­пы айтқанда, жұрттың мазасын алады. Сондықтан “кiшкентай балаларды тойға ертiп келмеу керек” екен. Бiз болған мейрамхананың айыппұлы – 2 мың теңге (Бұл мейрамхананың атын жазайын десем, құдаларға кесiрi тие ме деп отырмын). Оны бадырайтып жазып, есiктiң алдына iлiп қойыпты. Ұят-ай! 70-ке келген ғұмырымда көп нәрсенi көрiп едiм, ал мынандай сұмдықты көрмеппiн…
К.Еңсепова,
Оңтүстiк Қазақстан облысы.
Жас Алаш газетiнен алынды