АЛТЫНОРДА
Новости

Қарағандыда болат арқандар өндірісі іске қосылды

кНегізі болат сымдар өндірісімен 2008 жылдан бері айналысып келе жатқан кәсіпорынның жаңа желісі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асты. Оған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы қолдау жасалды.

 Тұсаукесер рәсіміне қатысқан облыс әкімі Бауыржан Әбдішев жаңа өндіріс мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып отырған жобалардың бірі екеніне тоқталды.

«Казметиз» ЖШС-ы іске асырып отырған жобаның құны 905 миллион теңгені құрайды.  Егер жұмыс жоспарланғандай жүріп кетсе, кәсіпорын жобаланған қуаттылығына 2017 жылы ие болмақшы.

Өндіріс орны басшылығының айтуынша, жылына 5 мың тонна болат арқан шығару көзделген. Қазір 1000 тонна арматуралық сым өндіріледі. Жаңа желінің іске қосылуы өнім көлемін 2000 тоннаға жеткізуге мүмкіндік бермек. Осының арқасында ішкі нарықтағы сұраныс толық өтеледі. Шетелге де шығаруға болады. Атап айтқанда, болат сымдарға Ресей мен Өзбекстанда сұраныс жоғары. Өзімізден артылғанды сол елдер қуана-қуана алуға әзір.

Жалпы болат арқандар өндірісімен айналысатын зауыт ТМД аймағында екеу ғана екен. Өндіріс орнының қожайындары осылай дейді. «Каз-метиз» ЖШС-ның тау-кен және металлургия өнеркәсібіне, энергетика және құрылыс секторына арналған болат арқандары халықаралық талаптарға сай деп отыр өндіріс басшылары.

Өндіріс орнының жаңа желі ашып, қанатын кеңге жаюы аймақ тұрғындарына тиімді болып тұр. Бұған дейін зауытта 200 жұмысшы жұмыс істеген болса, енді тағы да 40 жұмыс орны ашылып отыр.

Мәліметтерге жүгінсек, өнеркәсіптің болат сымдар шығаруда өзіндік тәжірибесі бар көрінеді. Дәлірек айтсақ, 2008 жылдан бері болат арқанның негізі болып табылатын болат сымдар шығарумен айналысқан. Ол сымдар болат арқан жасайтын елдерге жеткізіліп келген. Енді зауыт сол болат арқанды өзі жасап шығаратын деңгейге жетіпті.

Бұл жоба отандық болат арқандар өндірісінің өрісін кеңейтіп, қазақстандық мазмұндағы өнім шығаруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Жоба мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы жанданған. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары арқылы қолдау жасалды.

Қ.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Қарағанды