Президенттік сайлауда екі мәрте жеңіске жеткен, билік басында 10 жылға жуық отырған, еліне алғашқы күннен-ақ демократиялық құндылықтарды ұстануға уәде берген гүржілердің басшысы Саакашвили санаулы күндерден кейін биліктен кетеді. Грузиядағы президенттік сайлау демократиялық қағидаларға сай болды ма? Жаңа президенттің ұстанған бағыты қандай? Айқын басымдықпен жеңіске жетуіне сеп болған не? Грузиядағы саяси доданы көруге журналист әрі халықаралық бақылаушы ретінде барған сапарымызда біраз нәрсені ойға түйген едік.
«Шет елдерден 700-ден астам бақылаушы келді»
Грузия Сыртқы істер министрі Майя Панджикидзенің мәлімдеуінше, 2013 жылдың 27 қазанында Грузияда өткен президенттік сайлауда халықаралық бақылаушы ретінде 65 ұйымның 700-ден астам адам тіркеліпті: «Шетелдік бақылаушылардың, әлемдік деңгейде беделді ұйымдар өкілдерінің Грузиядағы президенттік сайлауға бақылаушы ретінде қатысуға қызығушылық танытуы бізді қуантады. Бұл еліміздегі саяси оқиғаның әділ де ашық өтуіне ықпал ететініне сенімдіміз». Халықаралық бақылаушылардың арасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық құрылымдар мен адам құқығы бюросы (200-ге жуық бақылаушы), Еуропалық Кеңестің Парламенттік ассамблеясы, NATO Парламенттік ассамблеясы, Еуропалық Парламент, Қаратеңіздік экономикалық ынтымақтастық ұйымы, АҚШ-тың Халықаралық республикалық институты, АҚШ Ұлттық демократиялық Халықаралық қатынастар институты, Халықаралық сайлау жүйесінің қоры т.б. өкілдері бар.
Грузия мен Ресей арасындағы саяси салқындық сайлау процесін бақылаушыларға да кері әсер еткендей. Мәселен, Еуропалық Кеңес Парламенттік ассамблеясының Ресейдегі өкілдері Василий Лихачев пен Сергей Калашников гүржілер еліндегі саяси науқанға қатысудан бас тартыпты. Оған себеп, «бүйректен сирақ шығаруға құмар» ресейлік бақылаушылар Оңтүстік Осетия мен Абхазияға тек арнайы рұхсат қағазы арқылы Грузия жақтан кіруге қарсы болған. Жуырда ғана Ресейдің Орталық сайлау комиссиясының өкілдері Грузия тарапынан шақырту алмағандықтан, сайлауды бақылауға бармайтындықтарын айтқан.
Қазақстан тарапынан грузиндік президенттік сайлауға Парламент депутаттары, Сыртқы істер министрлігі, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері, БАҚ өкілдері т.б. жиырма шақты бақылаушы қатысты.
Бірінші кезеңде-ақ айқын басымдықпен жеңіске жеткен «Грузиндік арман» партиясының үміткері Маргвелашвилидің әділ де ашық сайлау нәтижесінде алға шыққанын мәлімдеген халықаралық бақылаушылар дауыс беру процесінен кейін түскен арыз-шағымдарды қараудан бас тартты. Өйткені сайлау учаскелеріндегі ахуал арыздарда көрсетілген жайтқа мүлде кереғар. Сайлау күні Тбилисидегі бірнеше сайлау учаскесін біз де араладық. Бірнеше нысанға барғанда тып-тыныш, бейбіт түрде дауыс берген азаматтарды көрдік. Сайлаушылар учаскеге біртіндеп кіреді. Алдымен есік алдында тұрған сайлау комиссиясының мүшесіне саусақтарын көрсетуі тиіс. Бір рет дауыс берген азаматтың бас бармақтарында сайлаудан бұрын арнайы маркермен қойылған белгі қылаң береді. Демек, заң бұзуға мүмкіндік жоқ. Былтыр өткізілген парламенттік сайлауда «карусель» орын алған, яғни бір адам бірнеше рет дауыс берген көрінеді. Оны халықаралық бақылаушылар есебінен байқауға болады.
Кім мүлт кетті?
Сонымен, Грузия басшысын таңдаған халық қалауы Маргвелашвилиге түсті. Грузияның Орталық сайлау комиссиясы тарапынан берілген алдын ала есеп бойынша, 100 пайыз дауыс беру бюллетенін санау нәтижесінде, қазір билік басында отырған «Грузиндік арман» партиясының үміткері Георгий Маргвелашвили 62,11 пайыз дауыс жинаса, оның қарсыласы, Михаил Саакашвилидің партиясынан түскен үміткер Давид Бакрадзе 21,73 пайызды иеленген. Әлбетте, барлық мәселе сайлаушылардың саяси белсенділігіне байланысты. Б.Иванишвили сайлау алдында халықты белсенділік танытуға шақырып: «Біртұтас ұлттық қозғалыс» үміткері Давид Бакрадзе жеңіске жетсе, Михаил Саакашвили премьерлік таққа отырады. Қызықтың көкесі сонда болады сіздер үшін», – деп ескерткен. Премьердің сөзін сан-саққа жүгірткен грузиндік сарапшылардың пікірі алуан. Мәселен, «Горби» әлеуметтік қызметінің жетекшісі Мераб Пачуляның айтуынша, Иванишвили сайлауға аз қалғанда, дауыс берушілердің қытығына тиіп, оларды оятуға күш салды: «Біз жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сәйкес, билік тарапынан ұсынылатын үміткердің жеңіске жетуіне басты кедергі келтіруші – жалқау дауыс беруші. Шын мәнісінде, жалқау сайлаушы Иванишвилиге бүйрегі бұрғанмен, оның ұсынған үміткері Маргвелашвилиге дауыс беруге дайын тұрғанымен, сайлау учаскесіне келуге мойны жар бермеуі мүмкін. Ауа райын болжаушылар сайлау өтетін күні ауа райы күрт бұзылуы мүмкіндігін ескертуде. Демек, күн бұзылса, төрт қабырғадан шықпай, үйде бұйығып отыратындардың саяси белсенділігі бәсеңдейтіні анық. Осының салдарынан, Маргвелашвилидің ұпайы оның басты қарсыластары Давид Бакрадзе мен Нино Бурджанадзеден әлдеқайда жоғары болса да, жинаған дауысы 50 пайыздан кем түсуі мүмкін». Алайда, Иванишвили жақтастарын оята алмады. Сайлау күні ауа райы керемет болғанына қарамастан, дауыс беруге сайлаушылардың небары 46 пайызға жуығы ғана қатысыпты. Ал саяси науқандағы ең күшті дегендердің алғашқы үштігінде болған Бурджанадзеге бұйырғаны – 10,18 пайыз. Сайлаушылармен сұхбат барысында ұққанымыз, екі рет Грузия парламентінде спикер болған, бір рет тіпті, Грузия президентінің міндетін атқарған Бурджанадзе халықтың өзіне деген сеніміне селкеу түсіріп алған. Оны негізінен орта жастан асқандар мен қарт кісілер қолдайды. Сарапшылар қауымы саяси додада Бурджанадзеге кедергі болған – оның тек ресейлік бағытты ұстанатынын ашық айтуы. Сайлауалды кампанияларында Кремльмен ынтымақтастыққа ден қоятынын мәлімдеуден танбаған ол Еуропалық Одақ, АҚШ немесе Кедендік одақ туралы ләм-мим демеген. Ал жаңа президент Маргвелашвилиге келсек, философия ғылымдарының кандидаты. Бірде бір партияға мүшелікке өтпеген ол үкімет құрамына келгенге дейін Зураб Жвания (GIPA) атындағы Грузияның қоғамдық істер институтының ректоры болған. Сайлаудың алдында: «Әйеліммен ажырасқанмын, бір қызым бар, қазір азаматтық некеде басқа біреумен тұрып жатырмын», – деген сөзін қарсы пайдалануға тырысқан оппоненттері оны «отбасылық құндылықтарды қастерлемейді» деп айыптауға тырысты. Мансап жолын Грузиядағы туристік агенттіктің жолсерігі ретінде бастаған Маргвелашвили Тбилисидің тәуелсіз университетінде философия мен мәдениеттен лекция оқып, «Бизнес күнделіктер» компаниясының маркетинг департаментін басқарған. Сондай-ақ, Ұлттық демократиялық институтта кеңесші-маман болған. Ағылшын және орыс тілін мүлтіксіз меңгерген ол бірнеше ғылыми жобаның авторы әрі жетекшісі. Президенттік сайлауға үміткер ретінде «Грузиндік арман» партиясынан кімді ұсынамыз деген сұрақ туғанда партия мүшелері, араларында қазіргі премьер Иванишвили де бар, бірауыздан Маргвелашвилидің кандидатурасын қолдаған. Дауыс беру процесі басталмай тұрып-ақ, сайлаушылар да, грузиндік билік пен саяси сарапшылар да Маргвелашвилидің басым дауыспен жеңіске жететінін болжаған. Тбилиси көшелерінде біз ұйымдастырған әлеуметтік сауалнама қорытындысы да осыны көрсетті. Халықтың басым бөлігі 9 жылдан астам билік басында отырған М.Саакашвили мен оның жақтастарынан шаршаған, жаңа өзгерістер мен жағымды реформалар күтеді. М.Саакашвили екінші рет билік басына келгеннен кейін халыққа жасалған психологиялық қысым: тың тыңдау, жасырын бейне камералар орнату, әлеуметтік жеңілдіктерді алып тастау т.б. салдарынан жақтастарының санын күрт азайтып алды. Осыны ұтымды пайдалана білген «Грузиндік арман» Маргвелашвилидің сайлауалды бағдарламасында «егер жеңіске жетсек, азаматтардың саяси, экономикалық, мәдени және әлеуметтік құқығын қорғауға күш саламыз», – деді. Ал сыртқы саясатында жаңа президент «Грузияның NATO мен Еуропалық Одақпен ынтымақтастығын арттыруға, Ресеймен бейбіт қарым-қатынас орнатуға ден қоймақ». Грузияның жаңа президенті таққа отырысымен, былтырғы парламенттік сайлауда жаңа үкіметтің Грузия Конституциясына енгізген өзгерістері күшіне енеді. Яғни, президенттің лауазымына қарағанда премьер-министрдің құзыры күшеймек. Былтырғы уәде бойынша қазіргі премьер Бидзина Иванишвили өз еркімен отставкаға кетеді. Сарапшылар бірауыздан «биліктен кеткенмен, Иванишвили билік тізгінін уысынан шығармайды. Азаматтық жүйе (үкіметтік емес ұйымдар), бұқаралық ақпарат құралдары толығымен соның қолына өтеді. Бұл «Грузиндік арман» партиясының беделі мен ықпалын арттыруға сеп. Саакашвилидің өзіне дейін жасаған талай шаруасын теріске шығарған Маргвелашвили Тбилисидің ескі бөлігіндегі Авлабари ауданында бәсекелесі салдырған құны аса қымбат тұратын жаңа резиденцияға барудан бас тартып, «халықтың ақшасына салынған дүниені халыққа қайтару керек. Мен Иванишвилидің Үкіметтегі кабинетіне отырамын», – деді.
Саакашвилидің кемшілігі мен жетістігі
Президенттік сайлауда үкіметтік үміткерге басты қарсылас болған Бакрадзе туралы айтқанда барлық зейін Саакашвилиге қарай ауады. Өйткені «Біртұтас ұлттық қозғалыс» атынан сынға түскен үміткердің бағы жанбауы қазіргі грузиндік қоғамдағы Саакашвилиге деген ұстаным мен көзқарастан. Тарихқа сәл шегініс жасасақ, 2003 жылдың қарашасында Тбилисидің әр түкпірінде орын алған наразылық шараларына қатысқан бір топ бөлектеніп шығып, сол кездегі президент Эдуард Шеварднадзе сөз сөйлеп жатқан парламент ғимаратын басып алды. Күтпеген жайттан абдырап қалған Шеварднадзені оққағарлары оқшау жерге алып кетті. Ал мінберге жұлқына шыққан 37 жастағы Михаил Саакашвили «Раушан төңкерісінің» ескі билікті құлатқанын мәлімдеді. «Саакашвили ел есінде қандай қасиетімен қалды?» деген сауалға біржақты жауап беру қиын. Өйткені бір біріне кереғар пікір көп. Алдымен архитектуралық жетістіктері туралы: жас президент Тбилиси, Батуми мен Грузияның басқа да қалаларындағы жаңа ғимараттардың бой көтеруіне мұрындық болды. Осының арқасында кеңестік жүйе құлағаннан кейін қоқысқа айналған көп қала қайта гүлдеп, адам танымастай өзгерді. Тбилисидің ескі бөлігіндегі Кура өзенінің үстінен жаяу жүргіншілер өтетін жаңа көпір салып, оны «Бейбітшілік көпірі» деп атады. Әсіресе, Кутаисиде салынған Парламенттің жаңа ғимаратын Саакашвили ерекше мақтан тұтады. Тбилисидегі ескі ғимаратты тастап, Кутаисиден қайта салуына қарсы шыққандар да болды. Олар «президент қаржыны желге шашты» деп наразы болды. Екінші жаңалығы, Саакашвилидің туризм саласына ден қоюы. Сванетияның таулары, Қаратеңіздің жағажайлары т.б. грузиндердің табиғаты әсем жерлерін телеарналар арқылы өзі жарнамалап, шетелдік туристерді тартуға тырысты. Осының арқасында Грузияға қонаққа келуге құштар туристердің саны едәуір артқан екен. Үшінші жетістік, гүржі шарабын бүкіл әлемге танытуға назар аударуы. Шарап өндірісін дамытуға қатты көңіл бөлген Саакашвили экспорт көлемін арттыруды көздеді. Табиғи ресурсы шектеулі Грузия үшін шарап өндірісі – аса маңызды сала. Төртінші жетістік, бұған дейін ел несібесін талан-таражға салып, халықтың үрейін ұшырған ұрыларды, жемқорларды құрықтауы. Заңды бұзғандармен аяусыз әрекет барысында Саакашвили: «Қазір біз Ресейге грузин шарабын емес, баукеспе ұрылар мен қылмыстық топтарды көбірек экспорттап жатырмыз», – деген болатын. Тбилисидегі көп кездесулердің бірінде біз Грузияда тұратын Лариса атты орыс келіншекпен таныстық. Сүйсінгеніміз, елінің нағыз патриоты, Путиннің, қазіргі Ресей билігінің Грузияға қарсы ұстанған саясатын құптамайтынын ашық айтады, Саакашвилиді жақтайды, оның жемқорлықты құрықтағанына сүйсінеді: «Мишаның кезінде адамдар пара алуға қорқатын. Мұғалімдерге тіпті, бір қорап шоколад алуға тыйым салынған. Бірақ Иванишвили билік басына келгелі бері мұғалімдер ақша, қымбат сыйлық, яғни, пара алуды қайта бастады. Өзгелерді қайдам, әйтеуір, мен жұмыс істейтін мектепте солай». Әлбетте, қылмыскерлермен күреске көңілі толмағандар да кездеседі. Өйткені заңды түрде жазаға тартылғандардың көптігі сонша, Грузия түрмелері аузы-мұрнынан шыға толып кеткендіктен, жаңа түрмелер салуға мәжбүр болыпты. Осыдан кейін Саакашвили мен оның үкіметін «адам құқығын таптады, жазасын өтеу орындарындағы ахуал сын көтермейді» деп айыптағандар саны күрт артты. Сонымен, президенттік сайлауда екі рет жеңіске жеткен, 10 жыл мемлекет басқарған Саакашвили ел есінде қалай қалады? Бұл сұраққа жауап беруге сарапшылар қауымы қиналып отыр. Өйткені, елдегі ахуал солай. Яғни, халықтың бір бөлігі Мишаны «Грузияны сыбайлас жемқорлық пен былыққа белшеден батқан қылмыстық жүйені құрдымға кетірген халық қаһарманы» ретінде қабылдаса, екінші топ «авторитарлық жүйені қолдаған, БАҚ-ты уысында ұстап, сөз бостандығын шектеген, тек төменгі бөліктегі жемқорлықты жойып, элитарлық коррупцияны сақтап қалған, полицияның халықты басынуына жол берген президенттің дәурені өтті», – деп бөріктерін аспанға ата қуануда. Ал жаңа президенттің Грузияға не беретіні, халыққа қалай қызмет ететіні – уақыт еншісіндегі мәселе.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ
Алматы – Тбилиси – Алматы