«Ю-тюб» бейнебаяндар порталына кіріп, аталған сайттың маңдайшасындағы іздеу амалына «пикап» деп жазсаңыз, қылықты қыздарды «сындырудың» небір айла-тәсілдерін көріп, жағаңызды ұстайсыз. Бұл біздің «пикап» өнерінен өнеге алсын дегеніміз емес, керісінше, бұл тұрпайы істің жамандығын танып, жиренсін деп жазып отырмыз.
Кейде тарихымыздың терең қойнауына сүңгіп, ертедегі сал мен серілеріміздің қырмызы қыздарға қалай қырындағанын білгіміз келетіндігі жасырын емес. Бет-әлпеттерін сәндеп ұстап, үстіне бар жақсысын киіп, үкілі домбырасын шертіп-шертіп жібергенде ет жүрегі елжіремейтін ару кемде- кем. Оның үстіне өздері ұнатқан аруға тез арада өлең шығарып, артынша ән қылып, талай қыздың жүрегін жаулаған сал-серілерді нағыз «пикап мамандары» десе боларлықтай. «Пикап» – ол қазіргінің тілімен айтқанда «қыз сындыру». Ағылшынның сансызбайлары қолданған «пикап» сөзі – «pick up», яғни «танысу» деген мағына береді. Бүгінгі таңда бұл сөз кең өріс алып, жігіт-желеңнің көшедегі қыздарға қолданатын қауіпті қаруына айналды. Көптеген анайы дүниелерді ұлтымыз кеңестік кезеңде жұқтырды десек, аты тұрпайы «пикап» сөзі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қолданысқа енді. Әрине, ұлт даналығының, тереңнен жеткен салт-дәстүріміздің арқасында, қазақ жігіттері «пикаптың» артына түсіп, «пикапшылардың» жолын қуған жоқ. Десек те соңғы кездері сол баяғы «ю-тюб» бейнебаян порталы арқылы бірнеше қазақ жігіттерінің «пикап» туралы дәрістерін көзіміз шалып қалды. Аталған бейнелі баяндарды көріп, жағамызды ұстадық. Шыны керек ертеректе «танысу» ретінде қолданылған «пикап» сөзі өзінің бастапқы мағынасынан сәл ауытқыған. Бүгінгі таңда бұл сөз «қыздарды төсек қатынасына тарту» мағынасында қолданылады. Яғни, жігіт көшеде не болмаса қоғамдық орындарда өздеріне ұнаған қыздарды еш шімірікпестен «сындырып алса» – ол нағыз «пикап» маманы болып саналады. Қазақ жігіттері орыс ағайындарының «пикапшыларынан» тәлім алуда. Бұл іске, әсіресе, орыстың «жеңілтек» жігіттері жақсы машықтанған. Қазақтың қара домалақ жігіттері де осы мамандықтың нағыз майталманына айналуға әуес. Бірақ «қырық үйден тыйым салған» қазақ қыздарына бұл әдіс өте қояр ма екен. Бұрынғының қырмызы қыздары жігіт «әу» десе, бірден қылымси қалмаған, қайта байсалдылық танытып, сезімге ерік бермеген. Ал қазіргінің «модный» қыздары «пикапшылардың» нағыз құрбанына айналуда. «Ю-тюб» сайтында Риччи деген атпен белгілі қазақ жігіті қызбен танысудың қыр-сырын әбден жетік меңгеріп, енді сол ісін барлық қазақстандықтарға үлгі етіп көрсетуде. Атам қазақтың дәстүрінде болмаған бұл істі бесіктен белі шықпаған жігіт «ю-тюб» арқылы өзгелерге үйретіп жатыр. «Пикаптың» маңыздылығынан бастайтын Риччи әңгімесінің аяғында қыздарды «сындырудың» небір айласымен таныстырады. Оның айла-тәсілі «қарындас уақытты айтып жібермейсіз бе?» деген секілді жаттанды танысу әдісінен анағұрлым өзгеше. Оның айтуынша, қыздарға қылымсып, міңгірлеп жатудың керегі жоқ. Бүгінгінің қыздары нағыз ержүрек, сенімді жігіттерді ұнатады. Сондықтан әңгімені төтесінен бастап, қыздан нені қалайтыныңды астарлап айтып салу керек. Сонда қыз сенің дегеніңе көнеді-міс. Осындай тұрпайы істерді байқаймыз да басымызды шайқаймыз. Дінімізге де, ділімізге де жат қылық қой бұл.
Бүгінгі таңда осы «пикаптың» қыр-сырына үйрететін арнайы кітаптар жарық көруде. Қазіргі таңда мемлекетіміз халыққа өзге діни ағымдардың кітаптарын оқуға тыйым салып жатқан жоқ па? Осы «пикапты» үйретуші оқу құралдарын дүкен сөрелерінен алып тастаған абзал. Аталмыш кітаптардағы анайы сөздерді оқып, «әйел адамын төсек қатынасына тарту» тәсілдерін оқығанда денең тітіркеніп кетеді. Бұрынғының қазағы классик жазушылардың романдарын оқыса, бүгінгінің қазағы осындай аты да, ішіндегі мазмұны да тұрпайы кітаптардан тәлім алуда.
Ресейдің белгілі «пикап маманы» Филип Богачевтың есімі Қазақстан жастарына жақсы таныс. Тіпті, көбісі осы кәсіби «пикап шеберінен» тәлім алып, бүгінде сол өнерлерін реті келгенде танытып жүр. Филип шәкірттерінің алды қазіргі таңда түрлі семинар, тренингтер өткізіп, дәрістер оқуда. Қалың оқырманға Филип Богачев туралы бірер мәлімет бере кетсек. Ресейдегі «пикап» сөзі Филип Богачевтың есімімен қатар жүреді. Соңғы 20 жыл ішінде «пикапты» қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналдырып, оны адамдар арасында кеңінен дәріптеген болатын. 1998 жылы құрылып, 2000 жылы жаңартылған «пикапты» жан-жақты түсіндіріп, пайдалы кеңестер беретін белді сайттың дүниеге келуіне түрткі болған да осы Филип Богачев. Бүгінгі таңда тек Ресейге емес, одан шет аймақтарға жақсы таныс сайт «пикаптың» дамуына елеулі үлес қосып жатыр.
Қазақстанда «пикап» өнері жан-жақты дамуда. Бүгінгі таңда жас жігіттер қыздарға қырындағанда ерекше тәсіл қолданғанды жөн көреді. «Пикап» мамандары өздеріне сенімсіз жігіттерді «аяқтан тұрғызып», олардың қыздармен еркін сөйлесуіне жағдай жасап береді. «Пикапты» жақсы меңгерген жігіттер кез келген қызды өз ырықтарына көндіреді-міс. Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар қалаларында «пикап ағымы» жақсы дамыған. Жастар көп шоғырланған осы аумақтарға Ресейден «пикап шеберлері» келіп, талай рет дәріс оқыған. Әрине тегін емес. Филип Богачев шәкірттері Қазақстанға келіп, «пикап» өнері арқылы ақша табуды әдетке айналдырғалы қашан. Еліміздегі «пикап» өнерінің бір дәрісі 800-1000 АҚШ долларын құрайды. «Пикапшылардың» көбісі атақты «қыз сындырудың білгірі» американдық Лайф Коучингтің дәрісі бойынша оқытады.
Иінінен жаңашылдықтың иісі аңқыған «пикаптың» пайда болғанына көп уақыт болған жоқ. Десек те осы аралықта оның ауқымы кеңіп, жастардың арасында кеңінен қолданылатын ағымға айналды. Тіпті, кейбір білгір әлеуметтанушылар «пикапшыларға» «сектанттар» деген лақапты таңып қойыпты. Әрине, мамандар білгендіктен, оның қоғамға зияндығын танып айса керек. Жігіттер «қыз сындырудың» амал-тәсілдерін үйренуді тоқтатпақ емес. Олар тұрпайы істің жақсы-жамандығына мән беріп жатқан жоқ. Бұл қоғам арасында белең алып отырған өзекті проблема.
Айдос АҚМЫРЗА
dmk.kz