АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Ащы болса да, ашығын айтайын

телеАяқ астынан шақшадай басым шарадай болды. «Неге?» дейсің ғой. Пәленің басы теледидардан. Кешкісін көз майын тауысып, соғып шұқшиятын әдет болып кеткен. «Ауру қалса да әдет қалмайды» дегендей көк сандыққа титрында көшке берген тайым қалғандай төне көз тігемін де отырамын. Тал бойымда «талғам» деген пәле және жетерлік.

Обалы қане, «Хабар» арнасын соңғы кездері «Сол бір кеш», «Көз көрген» секілді бағдарламалар көрсетіле бастады. Өзгелерді қайдам, тележурналистер мені жиі шақырады. Қиыла өтінген соң бастапқы кезде барып жүрдім. Кейін шақырушылардан бойымды аулақ салып, сылтаурататын болдым. Өйткені кептелдеме кесіріне түсесің, жету үшін жарты күнді жоғалтасың. Оны да қойшы. Сонша әуре-сарсаңға көніп, тақылдап сөйлеп бересің. Кейін бағдарламаны көре бастайсың. Тележүргізушінің алғашқыда берген уәдесі бордай тозып шыға келеді. Он минут сөйлеген сөзім соры қайнап бір ғана минутке жетер жетпес болып сымпиғанын байқайсың. Дәлел дейсіз ғой… Әнеу күні берілген «Сол бір кеш» бағдарламасында солай болды. Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевке арналған еді. Мен ұлы сазгерге арнап «Киелі домбыра» дастанын жазған едім. Сөйлеген сөзімді шорт кесіп, оқыған үзіндімнің желкесін бір минутқа жетпей үзіп тынды. Ал керек болса.
…Келесі аптада кешкісін «Хабардың» «Көз көрген» бағдарламасын көре бастадым. Ұстазым Асқар Тоқпановқа арналған екен. Кезінде бізге «мәнерлеп оқудан» дәріс берген аса дарынды режиссер. Бірнеше жылдан бері «Бауыржан шоуды» басқарған баяғы Бауыржан Ибрагимов осы бағдарламаны жүргізушілердің бірі екен.
Ана тілінің тазалығын сақтау жолында талайдан бері ат арытып, тон тоздырып, айқай-шуды қоздырып жүргенде тілді шұбарлап төпеуге шебер Бауыржан тағы да алдымыздан шықты. Екі сөзінің бірінде орысшасы мен қазақшасынан «ботқа жасамай» басыла қоймайтын Бәукең қаз-қалпы. Беті бүлк етпейді. Сөзінің түрі «Технологический институттың пәлен факультеті», «документі»… Өйдә, төпейді кеп, өзге қойыртпақтарынан да аяғың сүрінеді.
Құдайға шүкір, әйтеуір, хабарда айтулы сатирик Көпен Әмірбектің болғанына қуандым. Асекеңнің өзге шәкірттері де әліне қарай пікірлерін айтқан болды. Онда да Бауыржан бауырымыз ауыздағы сөз, аяқтыға жол бермей белден басып, әлсін әлі сөзді бөле берді. Асылы, Бауыржан қазақ ауылына барып, қазақша сөйлеуді жетік үйренгеннен соң ғана барып сахнаға шығуы дұрыс болар еді-ау деген ойда қалдым. Көрермендер ана тілін ардақтаудан ада «шүлдірлектердің шұбар тілдерін» естуге құштар емес. Теледидар титтей сәбилердің ойыншығы емес. Ау, өзіңді де, өзгелерді де сыйлау қажет қой.
Алғашқы «Сол бір кеш» бағ­дарламасы қайсыбір кем­шіліктеріне қарамастан қаз тұрып, қадам басып келе жат­қан сыңайлы. Ал мына «Көз көргенді» соңынан «сөз ерген» етпей, жауапкершілікпен қа­раған жөн (Көпен інімнің құ­лағына алтын сырға). Өзге бағ­дарламаларда да «Көз көргендегі» іспетті көзге ұрып тұрған кем­шілік. Бағдарлама жеке адамға арналғаннан кейін тұлға ха­қында сыпырта сөйлей бермей олардың тікелей өзін көрсетіп, сөзін естірту керек-ақ! Асқар Тоқпанов та, басқалар да кезінде түсіріліп сөздері жазылған, телерадио корпорациясының қорында сақтаулы. Содан алып көрсетуге болады ғой. Бұл жөнінде көршілес Ресей телебағдарламаларының тәжірибесінен үйрену де ләзім.
Ащы болса да ашық айт­қаныма кешірерсіздер, мен әншейін ғана көрермен емес әрі әріптестеріңіз екенімді де естен шығармасаңыздар екен.
«Көш жүре түзеледі» демей ме қазекең. «Ақылдасқан азбайды» дегені және бар. Жалпы жер бетінде қазақтан шешен ел жоқ шығар. Ендеше өз қадірімізді қашырмай, кемшілігімізді жасырмай, бет-жүзімізге қарамай, ақ-қараны саралай білейік, ағайын.

Өнер жанашыры,
қарт қаламгер
Мыңбай Рәш

http://anatili.kz