Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Швейцария конфедерациясы Парламенті Кантондар кеңесiнiң төрағасы Филиппо Ломбарди екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.
Атап айтатын болсақ, халықаралық парламенттік ұйымдар аясында қос ел парламенттерінің өзара іс-қимылын нығайту, заңнамалық салада тәжірибе алмасу, сондай-ақ ынтымақтастық жөніндегі топтар арасындағы байланыстарды ынталандыру мәселелері сөз болды.
Нұрлан Нығматулин Мәжіліс жұмысының басым бағыттарына тоқтала келіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050 Стратегиясын» заңнамалық қамтамасыз ету жолында атқарылып жатқан істерге баса назар аударды.
Қазақстан үшін аталған мемлекеттің индустриялық-инновациялық даму саласындағы тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырады.
Филиппо Ломбарди өз кезегінде халықтар арасындағы өзара ынтымақтастықты және жалпы бейбітшілікті нығайтуға ықпал ететіндіктен екі елдің парламентаралық байланысының маңызы зор екендігін атап өтті.
Тараптар барлық сала бойынша қазақстандық-швейцариялық өзара қарым-қатынас деңгейін жоғары бағалай келіп, осы ықпалдастықты одан әрі нығайту екі мемлекет басшыларының да етене байланысына зор әсер ететінін тілге тиек етті.
Мәжіліс төрағасының атап өткеніндей, Швейцария соңғы 5 жыл көлемінде көшбасшылық деңгейден түспей, инновацияның әлемдік орталығына айналуда.
– Бізде, әсіресе, Қазақстан экономикасын жаңғырту бағдарламасы аясында өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтудың керемет мүмкіндігі бар, – деді Н.Нығматулин.
Сондай-ақ, сауда-экономикалық әріптестік, Орталық-Азия аймағындағы қауіпсіздік, соның ішінде, Ауған мәселелері де кездесушілер назарынан тыс қалмады.
Жүздесу соңында Мәжіліс Спикері 2014 жылы «Баршаның мүддесі жолында қауіпсіздік қауымдастығын құру» ұранымен өтетін Швейцарияның ЕҚЫҰ төрағалығы аталған аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздікті күшейтуге айтарлықтай үлес қосатынына сенім білдірді.
Ернұр ӘБДІСАМАТ
http://www.aikyn.kz/articles/view/35186