АЛТЫНОРДА
Новости

Сириядағы «қазақ жиһадшылары»

FD45B225-9332-47D9-ABB0-CB6AC367CB4C_w974_n_sҚазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қарашаның 21-і күні Лондонға барған сапарында «Сириядағы қазақстандық жиһадшыларды» елге қайтаруға күш салып жатқанын мәлімдеді. Азаттық өздерін «Сирияға жиһад жасау үшін қоныс аударған адамдармыз» деп сипаттайтын ересектер мен балалардың кейбірінің аты-жөнін анықтады.

12013 жылы 15 қазанда YouTube-те «Сирияға жиһад жасауға барған 150 қазақ» туралы ұзақтығы 20 минуттық бейнематериал жарияланды. Онда өздерін «Сирияға жиһад жасау үшін хижра қылғандар (қоныс аударғандар — ред.)» деп сипаттайтын, қазақ және орыс тілдерінде сөйлейтін ересек ер адамдармен бірге ондаған бала да көрсетіледі. Бұл тақырып әлеуметтік желілерде қазақстандық қолданушылар арасында қызу талқыланды.

2Ол видеода көрсетілген балалардың кішілері әлі еңбектеп жүр, жеті-сегіз жас шамасындағы ересектері дауыстап Құран сүрелерін оқып отыр. Биіктігі бір метрден астам тас не балшық дуал ішінде отырған жас балалардың арасында үш-төрт жастан асқан кішкентай қыздардың бәріне қара түсті хижаб кигізіп, кейбірінің бетін көзі ғана көрінетіндей етіп бүркеп қойған. Видеода бойжеткен қыздар мен әйел адамдар мүлдем көрінбейді. Ұл балалардың етпеттеп, қол күштерін шынықтырып жаттығу жасап жатқан сәті де көрсетілген.

3Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков «Сирияға жиһадқа барған 150 қазақстандық» туралы видеоны «әлдекімдердің үгіті» деп атады. Қазақстан сыртқы істер министрлігі видеода көрсетілген адамдар «Қазақстан азаматтары екенін растайтын не жоққа шығаратын мәлімет министрлікте жоқ» екенін мәлімдеді. Қазақстан дін істері агенттігінің өкілі Сақтаған Сәдуақасов  видеоны сараптап жатқандарын айтумен шектелді.

4Бірақ Азаттық тілшілері Қарағанды облысынан бұған дейін бірнеше азаматтың «жиһад жасау үшін» Сирияға аттанғанын анықтады. «Сириядағы қазақ жиһадшылары» жайлы видеодағы қару асынған адамдардың бірі — Астана маңындағы Максимовка ауылының тұрғыны 27 жастағы Аманжол Жансеңгіров екенін туыстары мен жерлестері таныды.

5Видеода аты-жөні Әбу-Хафиз әл-Казақи деп көрсетілген Аманжол Жансеңгіров 1986 жылы Қостанай облысында туған. Кейін Жаңсеңгіровтар отбасы Ақмола облысына көшіп келген. Аманжол  – үйдегі бес баланың екіншісі.

6Туыстарының айтуынша, Аманжол жарты жыл бұрын үй-ішіне Түркиядан хабарласып, аман-есен екендерін, ұлды болғандарын айтқан. Аманжолдың әкесі Алпамыс Жансеңгіров (суретте) осыдан 9 жыл бұрын дінге бет бұрған ұлының неге осындай жағдайға тап болғанын түсіне алмайтынын айтып, «оны біреулер пайдаланып отыр» деп, көзіне жас алды. Жансеңгіровтер отбасы Аманжолды Сириядан Қазақстанға қайтаруды сұрап, сыртқы істер министрлігіне өтініш айтты.


7.Журналистік зерттеу жүргізген Азаттық тілшілері «Сириядағы жиһадшы топ» ретінде видеоға түскен адамдардың тағы бірі – 1981 жылы туған жезқазғандық Мақсат Аймаханов болуы мүмкін екенін анықтады (суретте қызыл шеңбер ішінде).

8Азаттық тілшісі Жезқазған қаласында жолықтырған жергілікті тұрғын Есмұрат Аймаханов видеода Нұх Әл-Қазақи деп таныстырылған адам өзінің ұлы Мақсат Аймаханова екенін  растап, баласының бұрын түскен суретін көрсетті.

9Есмұрат Аймаханов (суретте) Азаттыққа төрт ұлының екіншісі Мақсаттың соңғы жылдары такси жүргізушісі ретінде күн көргенін айтып берді. Үйлі-баранды, үш қызы бар Мақсат банк арқылы несиеге алған пәтерінің ақшасын жабу үшін табысы мол жұмыс қарастырып жүрген. 2012 жылдың жазынан бастап діне бет бұрып, намаз оқи бастаған. Биылғы қаңтар айының басында астындағы екі көлігін сатып, отбасын қалдырып, жалғыз өзі сапарға кеткен. Есмұрат Аймаханов видео шығардан бірнеше күн бұрын Мақсат телефон шалып, үй-ішімен сөйлескенін айтты. «Трубканың ар жағынан жылап тұрғанын естідім. Меніңше, ұлым әлдекімдерге алданып қалған» деді ол Азаттыққа

10Жезқазған тұрғындары «Сирияға кеткендердің» ішінде жерлестері — ағайынды Еркебұлан, Еркемұрат (жасыл шеңберде) және Жасұлан Сәрсенбектер (қызыл шеңберде) бар екенін Азаттық тілшісіне айтты.

11Журналистік зерттеу жасап жүрген Азаттық тілшісімен сөйлескен жезқазғандық жастар Теймур Балакишиев есімді жерлестерін де «Сирияға жиһадқа кеткендердің» бірі деп атады. Азаттық тілшісімен әңгімеде Теймурдың анасы ұлының «Сирияға емес, Египетке оқуға кеткенін» айтты. Интернеттегі «Мой мир» әлеуметтік желісінде «1994 жылы туған, Жезқазғандағы 13-мектепте оқыған» Теймур Балакишиев (суретте оң жақта) есімді қолданушының балдаққа сүйеніп, бір жолдасымен құшақтасып, «Лә иләһә иллә аллаһ» («Алладан басқа құдай жоқ») деген жазуы бар қара түсті ту ұстап түскен суреті бар.

12«Сирияға кеткен қазақтар» туралы хабарлардан соң кейбір адамдар діни көзқарасына сәйкес шетелге кеткен туыстарын қайтаруға жәрдемдесуді сұрап, Азаттық редакциясына телефон арқылы хабарласты. Өзінің толық аты-жөнін атағысы келмеген алматылық Айгүл есімді әйел видеодағы адамдардың арасынан күйеу баласы Кенжебек Ахмадиев пен оның 5 жасар қызынтанығанын айтты. Мына суретте құжаттары көрсетілген екі адамды қазақстандық «7-арна» телекомпаниясы «Сирияға кеткендердің бірі Кенжебек Ахмадиев пен қызы» деп сипаттады.

13«Сирияға қоныс аударған қазақстандық жиһадшы топ» жайлы видеода ересек адамдармен бірге Құран аяттары мен өлең оқыған кішкентай балалар көрсетілген. Сол балалардың екеуін танып қалған жақын туысы Азаттыққа хабарласты. Аты-жөнін жарияламауды өтінген бұл адамның айтуынша, видеодағы балалардың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Жетісай қаласының тұрғыны Нұрлан Қаматаев пен Мәдина Мырзаханованың сегіз жастағы Дінмұхамед (суретте қызыл шеңбермен оқшаулап көрсеткен ) және алты жастағы Әбілқайыр атты ұлдары бар.

14Туысы видеода Құран аяттарын оқып отырған бұл баланы «аты — Әбілқайыр, жасы — алтыда» деп сипаттады. Ол Мәдина Мырзаханованың күйеуі Нұрлан Қаматаевпен бірге жарты жылдай уақыт бұрын «Дубайға емделуге кеткенін» айтты. «Мәдина Мырзаханованың 10 жасар Салтанат есімді үлкен қызы да бірге болуы тиіс» деді туысы. Бірақ видеодағы қыз балалардың көбі оранып алғандықтан туысы олардың арасынан Салтанаттың бар-жоғын тап басып айта алмады.

15Балалары «Сириядағы қазақстандық жиһадшылар» видеосында жүрген адамдардың — жетісайлық Нұрлан Қаматаев (39 жаста) пен әйелі Мәдина Мырзаханованың (34 жаста) төлқұжаттарының фотокөшірмесі «Мой мир» әлеуметтік желісінде жарияланды. Нұрланның әкесі Орынбасар Қаматаев Азаттық тілшісіне интернеттегі видеодан немерелерін танығанын, бірақ ұлы мен келінін көре алмағанын айтып, «балаларымыз да, немерелеріміз де елге қайтарылса екен» деді.

16Қарашаның 21-і күні Лондонға барған сапарында Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов «қазақстандық жиһадшыларды» елге қайтаруға күш салып жатқанын мәлімдеді. Ол «елде исламдық радикалдық жағдайдың бой көрсетуін ешкім күтпеген таңғаларлық жағдай» болғанын айтты. Суретте: «Сириядағы көтерілісшілер қатарында соғысып жүрген белгісіз азиялықтар».

http://www.azattyq.org