АЛТЫНОРДА
Новости АстаныНовости Казахстана

Тұрғын үй қорын басқару саласында бірқатар өзгеріс бар

гылымҚазақстанда тұрғын үй қорын басқарудың жаңа тұжырымдамасы әзірленді. Бұл туралы жақында Астанада осы саланы жаңғырту мәселелері талқыланған республикалық конференцияда Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс ұлттық палатасының басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков мәлімдеді.

«ТКШ ұлттық палатасы көппәтерлі тұрғын үй қорын басқару мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасын әзірледі. Тұжырымдама Польша, Словакия, Шығыс Германия, Балтық елдерінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалаудағы озық тәжірибесіне негізделген. Сонымен қатар, Қазақстан өңірлеріндегі тұрғын үйлерді жаңғыртудың ерекшеліктері де ескерілген», — деді ол.

Сондай-ақ, басқарма төрағасы әлемнің көптеген елінде, атап айтқанда, Франция, АҚШ, Канада, Польша, Словакия, Чехия, Мексика, Сингапур, Малайзияда тұрғын үй-коммуналдық саласы бизнестің бір саласы ретінде қарастырылып отырғанына да тоқталды.

Тағы бір жаңалық — алдағы уақытта пәтер иелері кооперативтері (ПИК) жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып құрылуы мүмкін. Елімізде ПИК-тер 1995 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Біраз шаруаны тындырды. Бірақ, енді коопетаривтер жүйесі қазіргі күннің талаптарына сай келмей отыр.

Сол себепті ТКШ Ұлттық палатасы пәтер иелері кооперативін ЖШС-ға көшіруді ұсынды. Бұл аталған органды бақылауды, олармен жұмыс істеуді жеңілдетеді.

Сонымен қатар, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарушы ЖШС-лар алдағы уақытта тұрғындардан жиналатын қаражаттың 80-85%-ын тұрғын үйлердің қажеттілігіне жұмсауға міндетті болмақ. 

Ал деректерге қарағанда, қазіргі күні тұрғындардан жиналатын қаражат негізінен тек қана ПИК қызметкерлерінің жалақысынан артылмайды.

Қ.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ