Қазақстанда қатігездікті көрсететін, гомосексуализмді насихаттайтын киноларды және басқа бейне-жазба өнімдерді телеарналардан таратуға тыйым салынбақ.
Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен кешегі жалпы отырыстарында қалаулылар «Балалардың денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» және оған ілеспе қос заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Әзірлеушілердің айтуынша, бұл құжат «рухани кеңістіктің тазалығын» қарастырады.
Осы заң жобасының бірінші ерекшелігі, оны әдеттегідей Үкімет емес, Мәжілістің бір топ депутаты әзірлеген. Екіншіден, ол – толығымен қазақ тілінде жазылған, тек кейін орыс тіліне аударылған заң!
– Бұл заң балаларды БАҚ арқылы таратылатын залалды ақпараттан қорғауға арналған, – деді жобаны қорғаған депутат Алдан Смайыл. – Кейбір ағымдардың ақпаратты ұлтқа қарсы бағыттауы, қоғамға жат әрекеттерді ашық-жасырын насихаттауға көшуі, балалардың арасында суицид, қатігездік, елдік мұраттар мен құндылықтарды жатсыну секілді жағымсыз қылықтардың байқалуы алаңдатпай қоймайды. Жоба осылай дүниеге келді.
Ең алдымен, онда «белгілі бір жас топтары арасында қандай ақпараттық өнімді таратуға тыйым салынғандығы және шек қойылатындығы» айқындалды. Ол үшін балаларға арналған ақпараттық өнімдердің жас сыныптамасы-классификациясы және жас санаты ұғымдары енгізілді. Жоба бойынша мұндай ақпараттық өнімдердің «6-», «6+», «12+», «16+» және «18+» «жас санаттары» белгіленген. «Бұлар балалардың жетілу және дүниетану мүмкіндігіне сәйкес жіктелген» дейді депутат. Сондықтан телеарналар қандай да бір бағдарлама не киноөнімді қоймас бұрын, оның осы санаттың қайсысына жататындығын көрсетуге міндетті. Тиісінше, ата-аналар жас балаларын теледидар алдынан әкету мүмкіндігіне ие болады.
Жалпы алғанда, бұл заңмен «қатігездік пен зорлық-зомбылыққа құрылған», «балалардың өміріне қатер төндіретін іс-әрекетке, сондай-ақ суицидке итермелейтін», «порнографиялық және арнайы сексуалды-эротикалық сипаттағы көріністерді қамтитын», «дәстүрлі емес сексуалдық бағдар-ориентацияны насихаттайтын» ақпараттық өнімдерге тыйым салынғалы отыр. Мұнымен бірге отбасы институтын жоққа шығаратын және ұлттық дәстүрлерге қарсы үгіттейтін ақпараттар да «балаларға зиянды» деп танылады.
Осы заң жобасы арқылы қалаулылар тұңғыш рет «балалардың денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың қағидаттарын айқындап» отыр. Екіншіден, зиянды ақпараттық өнімдер айналымын тоқтатудың құқықтық жолдары көрсетілді. Үшіншіден, теле-радио және кино өнімдерін эфирде таратудың балаларға қолайлы уақыты белгіленген. Төртіншіден, компьютерлік-электрондық ойындарына балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты сараптама жасаудың құқықтық мүмкіндігі туғызылды
Айхан ШӘРІП