АЛТЫНОРДА
Новости

МАҚПАЛ МЕН ҚАЙРАТ НЕГЕ «ҚАРА ТІЗІМГЕ» ІЛІКТІ?

Мақпал мен Қайрат неге Қазақ тыңдарманы мен көрерменінің көңілінен шыққан қос әншіні «қара тізімге» іліктіргендер кімдер? Олардың көздегені не?

Қазақстандағы ірілі-ұсақты шенді-шекпенділерінің арасында «шаш ал десе, бас алатындары» бар. Қазақты құртатын да солар. Ешбір жерде жазылмаған, айтылмаған заңдары бар өздерінің. Кейде қалаған адамын өсіреді, қаламағанын өшіреді. Мәселен, соңғы кездері Қайрат Нұртасқа шүйліккені байқалады базбіреулердің. Бұған дейін ондай «қара тізімде» Мақпал Жүнісова ғана бар еді. Енді «репрессияға ұшырағандардың» қатары көбейіпті.

Желтоқсанның 20 күні «Жұлдыздар отбасы» мен Аңыз адам» журналының өкілдері өздері дәстүрге айналдырған «Жыл әні-2013» концертін өткізді. Дайындық жұмыстары тып-тыныш жүре берер ме еді кім білсін, егер қолында билігі бар біреулер хабарласып, концертке Мақпал Жүнісова мен Қайрат Нұртасты шығармауға бұйрық бермегенде. «Жұлдыздар отбасы» журналының бас редакторы, ұлт пен тіл жанашыры Жарылқап Қалыбай ағамыз да қарап қалмады. Әлеуметтік желілер арқылы дабыл қағып, қазақ журналистерін, қоғам қайраткерлерін көмекке шақырды. Дүр етіп көтерілген азаматтардың наразылығы мен қоғамдық пікірден ықты ма, мүдделілер халықтың қолдауына ие болған қос әншісін сахнаға шығаруға тыйым сала алмапты.

Кештің салтанатты ашылуында концерттің кеш басталғанына кешірім сұраған Жарылқап Қалыбай биылғы концертті өткізуде Республика сарайының басшылары тарапынан кедергілер туындағанын жасырмады. Алматыдағы Республика сарайын концертті өткізу үшін 1 күнге жалдау ақысы төленгеніне қарамастан, Сарай басшылығы бұрнағы күні факс түрінде ескерту жасап, жалға алу туралы келісім-шартты бұзамыз депті. Себебін сұраса, Сарайдағылар «Мақпал мен Қайрат сахнаға шықпасын» депті. Әлбетте, Ж. Қалыбай мырза бұл талапты орындаудан үзілді-кесілді бас тартқан. Сонымен қатар Республика Сарайының басшылығына 2650 билеттің алдын ала сатылып кеткенін ескертіп, концертке келгендердің қолында арандатушылық мақсаттағы бөтелкелердің болмауын тексеруді тапсырыпты.

Сахнаға шыққан бойда: «Мені 31 арнадан қараңыздар, басқа арналардан көре алмайсыздар» деген Мақпал Жүнісова концертті ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Көптен көрмей, сағынып қалғасын ба «Қазақтың ерке қызымын» деп халқына еркелейтін Мақпалды көрермен қауым да еркелетті. Бір көрермен 101 раушан буылған гүлді бір-ақ сыйлады. Әпкесінен кейін сахнаға көтерілген Қайрат Нұртас та ән салды. Көп концерттерінің бірінде ол да: «Осылай боп қалды. Сахнаға әрең шығамыз» деп жұртты ду күлдіргені бар еді.  Кешке жиналған көрермен қауым да қос әншінің әндерін тыңдағанына дән риза. Тек түсініксізі, айдың, күннің аманында, қазақ тыңдарманы мен көрерменінің көңілінен шыққан әншілерді «қара тізімге» іліктіру кімдерге тиімді? Олардың көздегені не?

 

Нәзия Жоямергенқызы

http://www.turkystan.kz/kz/articles/view/38739