Астана. 25 желтоқсан. Baq.kz – Украина президенті Виктор Янукович елде Еуропа одағымен интеграцияны талап еткен демонстрациялар кезінде ұсталғандардың барлығына рақымшылық жариялау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды 31 арна.
Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, рақымшылық демонстрациялар басталған 21 қарашадан бері ұсталғандардың барлығына бірдей қолданылады. Ұсталғандар босатылып, істері жабылуы тиіс. Қарашаның ортасында Украина үкіметінің Еуропа одағымен ассоциация келісіміне қол қоюға дайындықтан бас тартып, Ресеймен байланысын нығайтатыны туралы шешімінен соң елде жаппай наразылық акциялары басталған. Акцияларға жүз мыңдаған адам қатысты. Өткен аптада Янукович Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен қаржылай көмек алу және ресейлік газ бағасын арзандатуға келіскен соң, Украинада демонстранттар саны біршама азайған болатын.