АЛТЫНОРДА
Новости

Жаңа жылды түркілерше тойлауға болмай ма?

Бүкіл әлем болып тойланатын Жаңа жыл мерекесі хақында танымды кеңейтіп, оның мазмұнын түркілік ерекшеліктермен толықтыра түспесек, еуропалық һәм христиандық сипатта Жаңа жылды қарсы алып дүбәра күйде қала береміз. Кеңес кезінде жаңа жылды православ үлгісінде орыс ертегілерінің желісімен тойлап келсек, кейін католиктік қалыппен елдің бәрінің қызыл күртешелі, қызыл телпекті Санта-Клаус болып киінуі сәнге айналып кетті. Орыстың ертегі кейіпкерлерінің орнын мультфильмдердің қаһармандары Шрэктер, Халктар, Хоббиттің сиқыршылары ығыстырып, түп қазығымыздың қайда қалғанын таппай қалдық. Соңғы кездері жаңа жылдың түп-төркініне қатысты жиі айтыла бастаған жаңаша көзқарастарды өмір шындығына айналдыратын кез жетті

Тарихшы-мәдениет­тану­шы ғалымдар шырша айналу мейрамының көшпелі түркі­лерге тән ежелгі ғұрып екенін дәлелдеді. Күннің қыс­қаруы­ның тоқтап, ұзара бастауына қуанып, қызыл шекпен киген Үлкен деген ақсақалды адамға алғыстарын білдірген, оның сүйікті ағашы – шыр­шаны қастерлеп, шүберек байланып, қол ұстасып айна­латын дәстүрі болған. Күннің қайта ұзаруы – Ұлы Туылыс секілді аспан әлеміндегі құбы­лыс­тар­мен, жараты­лыс­тың заңдылығына бай­ла­нысты туындаған дәстүрдің осындай идеялық мазмұны Нау­рызбен ұқсас келеді. Демек, Қазақстанға жаңа жылдың басты атрибуты – табиғатпен сабақтасып, Жарат­қанға шүкір­шілік айтып, тілек-лебіздер білдірумен аста­сып жатса дұрысырақ болар еді. Зерт­теу­шілердің пікірінше, ғұндардың Еуро­паға Ұлы қоныс аударуы кезінде шырша айналу салты кәрі құрлыққа сіңісті болып, олар бұған өз­дерінің этно­гра­фиялық және діни жорал­ғы­ларын енгізген. Жаңа жылды Рождество мей­рамы ретінде атап өтіп, осы нұсқа, бас­қаша атрибут бүкіл әлемге жайыл­ды, біз де солай тойлап келеміз. Батыстық құнды­лық­тарды қабылдай отырып, рождестволық жаңа жылдың православиелік үлгісімен католиктік сипатын ұстанатын болдық. Жаңа жылдың мәні батыстықтар үшін Иса пай­ғам­­бардың туған күні болса, түркілердің ұрпағы біз үшін жаратылыстың заңдылығы – «Ұлы туылыс күні» ретінде тұжырымдамасы ойлас­ты­ры­лып, атрибуттары айшық­та­луы қажет.

Өйтпейінше, Жаңа жылды хрис­­­тиандық тұрғыда, батыстық тұр­патта тұтынушы, еліктеуші халық ре­тінде тойлап, түпкі мазмұнынан алыс­тап кетеріміз хақ. Мәдениет­та­ну­шы Серік Ерғали ағамыз жазғандай, «түр­кілер бар­лық қадыр-қасиетті Жерге өмір сыйлап тұрған Күнмен шендестіруді дәс­түрге ай­нал­дырған болатын. Сон­дық­тан аталмыш күн­ді басқа жұрттар пай­ғам­бар үшін ұрлап алды деуден гөрі, сол ежел­гі пәк әфсананы қайта жаңғыртып, та­рихи тұлғаларды, пайғамбарды қа­сиет­теп отыруға түр­кі­лер­дің өздері осылайша ті­келей кіріскен деген абзал. Себебі түр­кілер адамның туылған күнін емес, әлгі та­ным арқылы ғаламның туған күнін ме­ре­келеумен бар мәселені бірден шешкен!».

Түркілер үшін Жаңа жылдың мәні қан­дай болған?

Біріншіден, жаратылысты жасаған Жа­ратқанға тәубе қылу, дұға-тілектер тілеу.

Екіншіден, ғаламның туған күні.

Үшіншіден, аспан әлеміне зер салып, уақытты межелеу.

Төртіншіден, табиғатпен етене екенін, бір жаратылыс екенін сезіну.

Бесіншіден, жаратылыстың ерекше кү­нін­де ақ дастархан басында бірлік пен ын­ты­маққа келу.

Алтыншыдан, өткенге шүкіршілік етіп, келешекке пікір түю, сеніммен алға басу.

Жетіншіден, аспан әлемі, ортаңғы әлем – жер­үстілік тірлік әлемі, жерастылық әлем­мен қатысты мифологиялық, пәлсапалық дү­ниетаным жиынтығы.

Жаңа жылда бар табиғат әлемі үлпіл­дек ақ ұлпа жамылып, қыраудан өрілген ою-өр­нек­тер жалт-жұлт етіп шағылысқан сәтте адам жанын ерекше көңілге бөлеп, ғажайып ертегілер еліне жетелей жөне­летін құдіретті сезінеріміз сөзсіз. Пәк сәби көңілі, бүлдіршін балаң санасы жа­ңа­жыл­дық шырша мей­ра­мында ба­тыс­тың идео­ло­гиясын қаз-қал­пын­да қа­былдап, дү­ние­та­нымы да еу­ро­па­ша, христиан діні тұр­­ғысында қа­лып­та­сады. Үлкен алаң­дарда, ойын-са­уық ор­талық­та­рын­да, мектептерде, ме­ке­ме­лерде өтетін Жаңа жыл шыршалар­ды Аязата мен Ақшақар орыс тілінде жүр­­гі­зеді, қойылымдар орыс ерте­гі­лері мен ба­тыстық мульт­фильм кейіп­кер­лерін сом­даудан аспай­ды. Қазақ ер­тегілеріндегі Таз­ша бала, Қо­жа­на­сыр, Алдар Көсе, Ер­төстік ер­те­гі­сінің кейіпкерлері орын алса, қа­зақ ер­те­гі­ле­рінің мотивтері басты на­зарға алын­са жақсы болар еді. Әзірге мұ­ны бірен-саран Жаңа жыл шыр­ша­ла­ры­нан ғана көр­дік. Христианша Жаңа жыл­­ды атап өтуде неден ұтылып отыр­мыз? Бірін­ші­ден, батыстық атри­бут­тар мен сим­вол­дар санамызға сына қаға­ды. Екіншіден, Жаңа жылды тойлау аста-төк мал шаш­пақ­тық пен дарақы­лық­қа ұласады. Үшін­­шіден, Жа­ңа жылға жаңаша көз­қа­рас қа­лыптас­тыр­майынша отарлық жү­йе сі­ңір­ген қасаң қалыптар мен сте­рео­тип­тер­ден түпкілікті арыла алмаймыз.

Жаңа жылды әр ел әрқалай тойлайды де­сек те, біз Жаңа жылды көбінесе орыс­­­тар­ша тойлайтынымыз жасырын емес. Ре­сейден бөліп алар ерекшелігіміз жоқ. Те­ле­арналардың жаңажылдық қо­йы­лымдары Ресейдің шоу бағ­дар­ла­ма­ла­рына еліктеуден әрі аспай жатады. Кей­бір телеарналардың өз жаңажылдық бағ­дар­ламаларын эстрада жұлдыздары мен әртістерін жинап алып, шығыс ерте­гілерінің же­лісімен эфирге ұсынғаны сәтті бола қой­ма­ды. Әр арна жаңажыл­дық бағдарлама жа­сауда ізденіс жаса­ға­нымен, идеялық, ру­хани-мәдени қазы­ғын қа­ға алмай ке­леді. Демек, Жаңа жыл­ды атап өтудің түр­кілік идеологиясын әзір­­леу өзекті болып отыр. Сондықтан көп ұзат­пай Жаңа жыл­дың ілкідегі түр­кі­лік мазмұнына сай жал­пы­ға ортақ за­ма­на­уи нұсқасын, бірыңғай сценарийін жа­сау қажет.

Автор: Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ

 http://alashainasy.kz/kus/48542/