Жаңа жыл айтыстан басталды. Айтыстан дегенде «Қазайтыстан» басталды. «Абаймен» айтысыпты дегеннің өзі біртүрлі, қызық естіледі екен.
Желдің төркіні қай жақтан екенін, әр шөпт
ің басы қалай қисайып қимылдап тұратынын жіті бақылап отыратын ағайынға айтып отырған жәйтіміз түсінікті шығар деп ойлаймын.
Бізде өзі, қазақтың сөзін сөйлейтін, жоғын жоқтап, жақсылығына сүйінетін, жауы болса, қасарыса айқасатын ұлттық порталдар енді ғана еңсесін тіктеп, биік мінберге айналып келе жатыр ғой. Мұның өзі заманның талабы, ұлттың рухани һәм саяси қажеттілігі деп түсінуіміз керек.
Өткенде бір жиында қолынан боқ та келмейтін бір білгіш ағамыз: «қазір бәрі портал ашқыш боп кетті ғой, өзі!» — деп сақал-мұртын сипалап, бөсіп тұрған. Бөсіп тұрған емес-ау көсіп тұрған. Морт кететін мінезім-ай осы менің! «Сіз өзіңіз қазақ үшін бірдеңе істедіңіз бе, осы?» — деп едім, «қой саған ештеңе айтпаймын, пәртәліңә бірдеңе жазып, мені масқара қылып қоярсың деп ат-тонын ала қашты.
Осындай тыныш жүрмей, елдің ішін ірітіп, дым істемейтін адамның іші қызғаныштың қызынақ шырынына толып тұрады. Бұлар сөйтсе, сайт ашып, еңбек қылып жүргендерді ақшалы деп ойлайды екен.
Сайт ашу, оны жүргізу жатқан бір машақат екенін қайдан білсін ол! Бұл тендер алып, шылқып баюдың ешқандай көзі емес. Осындай бірнеше ірі деген сайттардың өзінің редакциялық ұжымы (ары кетсе, 2 адам) айлап еңбек ақысын ала алмай жүрсе де, ұлттың сөзін айтуды мойынына жүктеп алған соң, тарамыстанып, сынып қалмай, қиындыққа берілмей күн кешіп жүр.
Ал, кейде монитордың арғы жағында отыратын кейбір пысылдақ ағайынға ренжисің де! Пәлен екен, түген екен, осылар дұрыс жазбайды, былай жазу керек қой, неге олай жазбайды, бұларды қойшы, қазақ десең өзіңе тиеді деп мыңқылдап, есіп отырады.
Ау, мықты болсаң, 1900 теңгеге домен сатып ал да, сайт аша қойшы! Қайратты болсаң, тапсырыспен басқа жұмысты атқар да, қосымша сайтты жүргізіп көрші! Елді мойындат, оқылымды қыл. Жасай алмайсың ба, жасағың да келмей ме? Онда құрметтім, құрығанда еңбекті бағала.
Жә, көңілдегі дүниелер бұрқ-сарқ қайнаған соң, төгіліп кетті, ренжімейсіздер.
Қазайтыс.кz туралы бірер сөз. Бұның бағыты мен идеологиясы айқын, саясат – паясатта қақ соғы жоқ әп-әдемі ғана, жинақы, жанрлық сайт еді. Редакторы – өзімнің қанды көйлек досым Ұларбек Нұрғалым. Бұл сайттың иелерін немесе Ұларбектің өзін де, білмеймін, не түлен түрткенін түсінбедім.
Мақала жазылса, жазылады. Әңгіме айтылса, айтылады. Жазылсын, айтылсын! Айтылмаса, сөздің атасы өледі! Қанша адам болса, сонша пікір бар. Плюрализм, ағайын! Дүниенің барлығына бір жақты қарауға болмайды ғой. Тиынның да екі беті, екі жиегі бар. Сосын жауап жаздың екен, оны сол дау шыққан жаққа жібер, сол жақта шықсын. Мәдениеті солай бұның. Баспай жатса, өз мінберіңді пайдалан.
Сосын, тақырыптан ауытқып, тіпті мақаланы жазбаған адамға тиісіп, оның жер-жеберіне жетіп, жеки сөйлеп, алған-алмаған тендерін құрттай санап, не көрінді? Осы кейде қазақтың осындай бір жыбыр-жыбыр мінезі ұнамайды. Жалғыз маған ғана емес деп білем.
Керемет болсаң, ана қазақтың мүддесі қорғалуға тиіс кезде, жұмған ауызын ашпайтын, керек кезде қазақты сайқымазақ қылып, тізесін батырып алудан рахат табатын «тенгриньюспен», «зонамен», тагы сондай бірденелермен айқас. Жоқ, бізде жуас түйе жүндеуге жақсы ғой. Ағайын ғой, ештеңе етпес деп, ақырын кеп санына біз сұға салады.
Осындайды қою керек! Телеарналардың түрі анау, билік не айтса, соны көрсетеді. Қазақтың мүддесін шын, қаймықпай қорғайтын, ұлттың алдындағы биік мұраттарын талмай айтып, жазып жүрген, қоғамымыздың қайта түлеуіне бірден бір ықпал етіп отырған, санасаң саусағың артылып қалатын қазақ сайттары бір бірімен итше ырылдасса, жетіскен екенбіз. Егер бұл тіпті пиар болса, жетіскен пиар деп айта алмас едім.
Енді қалғаны айналдырған үркердей топтың арасында от тұтату, соған сырттан мәз боп қарап отыру екен. Ұят болады, ағайын. Бұлай бола берсе, өзімізге – өзіміздің, оқырманның бізге сенімі кемиді, ұйымшыл топ болудан қаламыз.
Осыны сайттың иелері де, қолдарында осындай үлкен құралды ұстап, елге сөз айтып отырған азаматтар қаперіне мықтап түйіп алса деймін. Бірлік жоқ жерде, ештеңе көгермейді.