АЛТЫНОРДА
Новости

Өтембаевтың ісі бойынша алдын-ала сот тыңдауы белгіленді

Қазақстан парламентінің сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев.Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берді деп сотталған Ержан Өтембаевтың ісін қайта қарау бойынша алдын-ала сот тыңдауы 10 қаңтарда Талдықорғанда басталатыны туралы хабарланды.

Қазақстан парламентінің сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев.

Қазақстан парламентінің сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев.

Оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне кінәлі деп танылып, 20 жылға сотталған парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаевтың ісін қайта қарау бойынша алдын-ала сот тыңдауы 10 қаңтарда басталатын болды.

Жергілікті ақпарат құралдары Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотының ұйғарымына сәйкес алдын-ала сот тыңдауы Талдықорған қалалық сотында өтетіні туралы хабарлады.

Желтоқсанның 20-сы күні бас прокуратура «Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген» деп мәлімдеген.

Қазақстан оппозициясының басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылдың ақпанында жанындағы екі серігі Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан еді.

Ресми жүргізілген тергеу қорытындысына сүйенген сот бұл қылмысқа парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп тауып, оны 20 жылға соттаған. «Кісі өлтіру» қылмысын жасаған деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов өмір бойына түрме жазасына кесілген еді.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Ибрагимов 2012 жылдың сәуір айында Жоғарғы сотқа жүгініп, Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес, Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев деп көрсеткен.

Бас прокуратура 2013 жылы 11 желтоқсанда Ибрагимов келтірген мәліметтер мен жаңа деректерге  сүйеніп, Жоғарғы сотқа Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты сот үкімін қайта қарауды сұраған. Ал Жоғарғы сот 19 желтоқсанда Өтембаевқа қатысты үкім күшін ішінара жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген.

http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_yerzhan_otembayev_retrial/25223271.html