«Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан «Сырғалым» атты жаңа отандық телехикая көрсетіледі. Бұл туралы «Қазақстан» АҚ» республикалық телерадио кешенінің баспасөз хатшысы Танакөз Толқынқызы хабарлады.
Оқиғалар желісі қарапайым қазақ отбасының күнделікті тыныс-тіршілігін баяндаудан басталады. Бір күні қалада ғұмыр кешетін Жантөренің шаңырағына ауылдан отағасының жақын досының қызы келеді. Қалалық отбасыда тәрбиеленіп жатқан үш ұл алғашында қызды жақтырмай қарағанымен, кейін оқиға желісі басқа арнаға бұрылады. Үлкен ұл ауыл қызына қамқорлық танытса, ортаншысы оған ғашық болады. Ал кенже ұл қызды отбасынан алыстатуды ойластырады.
Қаймағы бұзылмаған ауыл тәрбиесін көріп, ұлттық салт-дәстүрмен сусындап өскен қыз бала қазақы болмысты ұмытуға шақ қалған қала тұрғындарының өміріне үлкен өзгеріс әкеледі. Жаңа телехикая әдемі қалжыңдар мен көрерменге ой салатын өмірлік оқиғалармен көмкерілген. Ұзақтығы 42 минуттық 48 бөлімнен тұратын мелодрама қазақ салт-дәстүрінің артықшылығын дәріптеп, төзімділік, қайырымдылық, қонақжайлық сынды қасиеттерді насихаттайды.
«Сырғалым» телехикаясының қоюшы режиссері Рашид Сүлейменов, Дмитрий Коробкин. Басты рөлдерді Жұлдыз Маханова, Шер Әлі, Омар Қиқымов, Қалампыр Айсанғалиева, Жандарбек Садырбаев сомдайды.
Өз тілшімізден
http://aikyn.kz/