АЛТЫНОРДА
Новости

ОТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАР ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУДІҢ ҚҰПИЯСЫН АШТЫ

Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик Абай Сағитов адамдардың өмірін 150 жасқа дейін ұзартуға болады деген мәлімдеме жасады. 

Оның ойынша, Іле Алатауының бөктерінде тіршілік ететін кордицепс жасушасы арқылы ғұмырымызды ондаған жылға ұзартуға болады. Ғалымдар Іле Алатауының үш мың метр биіктігіндегі жәндіктерден кордицепс атты ұлпалы жасуша тапқан.
«Мұндағы жәндіктерде бактериялар болмайды және олар іріп-шірімейді. Бұл оның құрамында табиғи қорғаныс — кордицепиннің болуында», — дейді ғалым.
Сонымен қатар, Сағитов өз сөзінде кордицепстің жазық далада да кездесетінін, алайда оның таудағы түрі ғана емдеуге жарамды екендігін атап өтті. Академик кордицепстің бүйрек қызметін жақсартып, тромбоциттер мен лейкоциттердің жетіспеушілігіне ем, сондай-ақ радиотерапия, химиотерапия жағдайларында көмектесіп, жүрек қан-тамырлары аурулары, ұйқысыздық және жүйке шаршауында көмекке келеді деген сенімде.
«Уақытынан бұрын қартаю, жедел және созылмалы гепатиттер мен түрлі ісіктер, ұйқы безі, тыныс алу жолдары аурулары, қант диабетінің алдын алу жолдарында өз тиімділігін көрсетті», — деді ғалым сөз соңында.

 

Дуанабай Жолдасбек

http://www.aikyn.kz/articles/view/40111