АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қасиетіңе қайранмын, қазақ әйелі

Адамның ең бағалы қасиетінің бірі – бар өмірін балаларына арнайтын мейірімділігі шығар? Баласы үшін от пен суға түспейтін ата-ана кемде-кем. Әрине, қазіргі таңда нақ осы бала мәселесінде қоғам ішінде түрлі келеңсіздіктер орын алып жатқанымен, өз балаларына қоса асырап алған балаларын да жетілдіріп, адам етудің қамымен жүрген жандарды көргенде ізгілік пен мейірімді аз ғана қарау ниетті адамдар өшіре алмайтынына көзің жеткендей болады. Жуырда сондай бір мейірімді әрі қажырлы жанмен әңгімелесудің сәті түсті.

Кейіпкеріміз Күмісай Берпе­йісова соңғы жылдардың бедерінде ғана елордаға көшіп келіпті. Өзі Қостанай облысының тумасы. Көп жылдар бойы Қостанайдан елу километр жердегі Семеновка дейтін селода тұрған. Сегіз баланы бағып-қағып, тәрбиелеген ардақты ана бүгінде елордада кіші ұлының қолында екен. «Өзімнің төрт балама қоса ертеректе қайтыс болған қайын сіңлімнің төрт баласын баққаным үшін ешқашан да налыған емеспін. Рас, кішіректеу кездерінде ауырып-сырқап, түн ұйқым төрт бөлінетін. Қайын сіңлімнің балалары бізге келгенде алды бес жастан жаңа асқан, одан кейінгісі үш жарым жаста, үшіншісі бір жарым жаста да, ең кішкентайы тоғыз айлық болатын. Өз балаларым да осылар шамалас еді. Сондықтан қақаған қыс пен шіліңгір шілде айларында бірі жазыла бергенде, екіншісі ауырып мазамыз қашқанымен, аз жылдардан соң-ақ балалардың алды мектепке барған соң, кейінгі балалардың қалай өсіп кеткенін аңғармай да қалдық. Тіпті, балалардың барлығы бізге қолғанат болды. Сырттың жұмысын ұлдарға, үйдің жұмысын қыздарға тапсырып алаңсыз жұмыс істей беретін халге жеттік», – дейді Күмісай апай.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауыл адамдарына едәуір қиын­дық келтіргені шындық. Колхоз, совхоздар тарап кеткен тұста ауылда істейтін жұмыс та қалмаған кезең болған. Оған қоса ауылдың дүкендері қурап бос тұратыны да әлі күнге көз алдымызда. Сондай кезеңде Күмісай апай өзі тұрған ауылдағы поштаны басқарыпты. Бұл 1997-98 жылдар. Сондағы алатын айлығы 400 теңге екен. Оған қоса зейнетақы таратқаны үшін 1600 теңге жалақысы тағы бар. Шиеттей сегіз баланы асырауға бұл қайдан жетсін? Әжептәуір қызмет істеп жүрген күйеуі де осы тұста жұмыссыз қалады. Содан апай өзі тұрған ауылдан Қостанай қаласына апарып ет сата бастайды. «Қостанайда ол кезде арнайы жабық базарлар жоқ болатын. Біздер етті көшеде тұрып сататынбыз. Кешке қарай өтпей қалған еттерді подъездерді аралап жүріп саттық. Сонда халықта да ақша жоқ. Біреу етті алып, орнына сабын берсе, екіншісі қант беретін. Тіпті, күріш беретіндер де болды. Осы заттардың бәрін жиып-теріп үйге әкелемін. Бір күні ас үйдің лық толғанын көріп, «осыларды неге сатпаймын?» деген ой келді. Сөйтіп, айырбасқа кел­ген тауарларды да өткізе бастадық. Жағдайымыз біршама жақсарған тұста күйеуім жер сатып алды да, шаруа қожалығын ашты. Сөйтіп, ары қарай шаруаны өзі дөңгелетіп әкетті. Айтайын дегенім, біз сол қиын кезеңде де жаман тұрған жоқпыз. Тек еңбекпен ғана көгеретінімізді білген соң, жатпай-тұрмай еңбек істедік», – дейді кейіпкеріміз. Бірақ, Күмісай апайдың ашық күнде төбесіне жай түсірген бір оқиға – 2002 жылы кенеттен күйеуінің қайтыс болуы еді. Есімхан аға жүрегі ауырып жүргенін әлде елемеген, әлде жарынан жасырды ма, бұл енді Аллаға ғана аян. Жұмыстан шаршап келіп ұйықтаған да, сол күйі оянбаған. Кете барыпты. Сегіз баламен жесір қалған Күмісай Берпейісова сол кездерде естен танғандай күй кешеді. Бірақ, табиғатынан мықты әйел «балаларымның алды енді ғана мектепті бітірді. Қалғандары жас. Соларды жетілдіруім керек»-деген ұстаныммен қайтадан тіршіліктің көшіне қосылып, еңбек ете бастайды. Сондай күндердің бірінде қайнағасы шақырып алып «Енді Есімхан жоқ. Сегіз баланы бір өзің бағып-қағу ауыр болады. Сен өз балаларыңды ғана бақ. Ал қарындасымның балаларын маған бер. Оларды еңбекке үйретейін, өзім тәрбиелейін», – деп қолқа салады. Апай балалардың үлкені Жасұланды сонда жібереді. Қалған балалар екі үйдің ортасында жүріп мектепті бітіріпті. «Ол кезде балалардың бәрі есейіп қалған кез. Барлығы да мені «мама» дейді. Бөтен үйге үйренісу оларға оңай емес қой», – дейді апай.

Міне, сол балалардың алтауы қазір үйлі-баранды көрінеді. Рас, Жасұланды қайнағасы үйлендіріпті. Қалған бес баланы апайдың өзі үйлендіріп, тұрмысқа берген. Енді екі ұл қалған көрінеді. Біреуі өзінің кенжесі де, екіншісі қайын сіңлісінің кенжесі. Жасы 55-те болған соң ол кісіге «зейнетке шықтыңыз ба?» деп сұрасам, шықпағанын айтты. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша бес және одан да көп бала туып немесе асырап алған, оларды сегіз жасқа дейін бағып-қаққан әйелдер 53 жасында зейнеткерлікке шығуға құқылы. Сөйтсек, заңның да бір иі қанбаған тұсы бар екен. Заң бойынша «асырап алған» деген құжат керек. Ал, апайдікі «қам­­қорлыққа алған», яғни, «опекунство». Түн ұйқысын төрт бөліп балаларға қарағаны, оларға білім алып беріп, қатарға қосқаны «опекун» деген құжаттың тасасында қалған Күмісай апай Алла қуат берсе, енді үш жылдан соң бәрібір зейнет­керлікке шығар-ау. Соңғы жыл­дары «омыртқа жарығы» деген диагноз қойылып, ауыр жұмыс істеуге жарамай қалғанын, тіпті, әнеубір жылдары мүгедектердің арбасына да таңылған кезі болғанын тиісті орындардың ескермейтініне өкіндік. Десе де бір қауым елге үлгі ғып көрсетуге жарайтын қажырлы апайымыз бейнетінің зейнетін көруге тиісті екенін білгенімен, бұ­ған аса мұқалып та отырған жоқ. Керісінше, балаларының тату-тәтті тұрмыс кешіп, өзінің елордасы Астанада тұрып жатқан жағдайына шүкіршілік еткен жайы бар.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».