АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Түлеген Тарбағатай

Облыс орталығынан шалғайда жатқан Тарбағатай аграрлы аудан болып саналады. 17 ауылдық округтегі 65 елді мекенде 43 мың­нан астам тұрғын бар. Өңірде мал саны жыл сайын өсіп келеді. Қазір ауданда 355 мың қой-ешкі, жүз мыңға тарта ірі қара, 20 мыңнан астам жылқы бар. Бүгінгі күні ау­данда 19 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсіріп жатыр. Өткен жылы ауданда 21 миллиард теңгенің өнімдері шы­ға­рылыпты. Бұл облыс бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі.

– Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы аудан тұрғындарының жігерін жанып, ынтасын туғызды, деді жақында облыс орталығында бұқаралық ақпарат құралдарымен өткізген брифингте Тарбағатай ау­данының әкімі Ділдабек Ораз­баев. Жолдау барлық ауылдық округтерде кеңінен талқыланды. Онда халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыс орындарын ашу, ба­ла­бақшалар мен бұқаралық спортты дамыту жөнінде айтылған. Өткен жылы ауданның алты ауылында «Балапан» бағдарламасы бойынша 6 жекеменшік бала­бақ­ша ашылды. Биыл 8 ауылда бала­бақша бой көтермек. Елбасы Жол­дауында айтылған бұқаралық спортты дамыту жөніндегі бас­та­маға орай ауданда оннан астам хок­кей қораптары, спорт модулі жұ­­мыс істеп тұр. Тар­ба­ғатайда жаңалық көп, аудан тұр­ғындары қашанда ізденіс пен іл­кімділік танытуда, деп аудан әкімі Ділдабек Тәжібайұлы біраз жай­лардан мағлұмат бере кетті.

«Жақсыны көрмекке» деген емес пе, осыдан бір ай бұ­рын Тарбағатай ауданында болғаны­мызда жаңадан ашыл­ған балабақшада болған едік. Ба­лабақшада барлық жағдай жа­салған. Төрт уақыт тағам бері­ле­ді, түрлі үйірмелер жұ­­мыс іс­теп тұр. Ал Тұғыл ауылында бол­ға­ны­­мыз­­да қуыршақ театры­ның «Қоян мен маса» де­ген спектаклін тамашаладық. Аудан әкімі мә­дениет үйін жөндеуге және жаңа­дан ашылған қуыршақ театрына қаржылай көмек көрсетіпті. Тамаша дәстүр. Қазақстанның әр ауылында осындай театрлар ашылып жатса, мәдениетіміз бен өнеріміздің асығы алшысынан туғаны ғой.

Аудан әкімі Д.Оразбаевтың бастамасымен төрт ауылда шағын құс фабрикалары ашылыпты. Жәнтікей ауылындағы Бақытбек Ожаев деген кәсіпкер 3 миллион теңге несие алып, үй жанынан құс фабрикасын ашып алған. Бастапқыда 200 мекиен сатып алып, оның санын 500-ден асырыпты.

– Бір қарағанда көзге ілін­бей­тін ұсақ кәсіп көрінетіні рас. 500 мекиен­нің құрығанда 400-і күн сайын жұмыртқалайды. Бір жұмыртқаны 15-20 теңгеден сатқанның өзінде күніне 6-8 мың теңге пайда түсіресіз. Ауылдағы дүкен иелері қуана алады. Бір айда жұмыртқа өткізіп 200-240 мың теңге, ал бір жылда 3 миллион тауып алуға болады. Ауылдық жерде бұл көл-көсір табыс. Сондықтан болар келер жылы аудан әкімінің тапсырмасы бойынша барлық елді мекендер құс фабрикасын ұйымдастыруды қолға алмақ, – дейді жұмыртқа сатып пайдаға кенелген іскер азамат Бақытбек Ожаев.

Ауданда ірі қара жыл сайын ұлғайғанымен өңірде сүтті әлі күн­ге сырттан тасу тыйылмай отыр. Ау­дан әкімі Д.Оразбаев жақында Ақжар ауылының кәсіпкерлерімен кездесіп сүт зауытын салу жөнінде бастама көтеріпті. Аманшылық болса, жыл соңына қарай сүт, қай­мақ, кілегейді облыс орталығынан тасу тыйы­латын шығар. Тағы бір игі қа­дам – өткен жылы ауданның бар­лық елді мекендері өздерін көкөніспен толық қамтамасыз етіпті. Зайсан көлінің жағасында бірнеше кәсіпкер азаматтар қауын, қарбыз, орамжапырақ, картоп, қызанақ өсіріп, сатып пайда тапқан.

Ауданның байлығы – ба­лық. Өткен жылы «Зайсан балық­шылары» өндірістік кооперативі 83 миллион теңгенің 1629 тонна балығын аулаған. Бұл күндері осы салада жүзден астам адам еңбек етіп жатыр. «Бентонит и К» ЖШС ашық әдіспен саз және бентонит балшығын өндіру жобасын енгізді. Ол серпінді жобалар қатарына еніп отыр. Құны 300 миллион теңге болатын бұл жоба жылына 100 мың тонна өнеркәсіп өнімін өндірмек. Жаңадан 45 жұмыс орны ашылды.

Тұрғын үй салуда да бағыт­ты жұмыстар жүзеге аспақ. «Дип­лом­мен – ауылға!» бағдар­ламасы бойынша жоғары оқу орнын бітіріп келген 11 маманға баспана сатып алыныпты. Биылдан бастап екі қа­батты 32 пәтерлі екі тұрғын үй­­дің құрылысы басталмақ. Ол жас мамандарға, тұрмысы нашар жан­дарға берілмек. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша да біраз шаралар жүзеге аспақ. Барлық ауылдарда абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ақсуатта «Бөрітостаған», Ақжарда «Толағай» ескерткіш белгілері, Бәйтерек пен белгісіз жауынгерге арналған монумент, Ақсуат пен Ақжарда Ардагерлер үйі ашыл­ды. 2014 жылы әр ауылда жылыжайлар, Ақсуатта спорт мо­­дулі, Қарасу, Бозша, Жамбыл ауыл­дарында жаңа мектептердің салтанатты ашылуы болмақ. Іс­кер ұйымдастырушы, ауданды басқарған 8 айда көп жұмыстар тындырған, ел алғысына ие бол­ған, түлеген Тарбағатайдың ке­мел­денуіне үлес қосып келе жат­қан Ділдабек Тәжібайұлы мен командасының бергенінен берері көп екеніне ешкім шек келтірмесе керек.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы.

––––––––––––––––

Суретте: Тұғылдағы қуыршақ театры әртістері жерлестерін қуантты.

Сурет автордікі.