Украина президентi Виктор Янукович премьер-министр Микола Азаровтың отставкаға кету жөнiндегi өтiнiшiн қабыл еттi. Мемлекет басшысы сайтының хабарлауынша, президент министрлер кабинетiне жаңа үкiмет жасақталғанша өкiлеттiгiн жалғастыра берудi тапсырыпты. Премьер-министрдiң қызметiн уақытша атқару бiрiншi вице-премьер Сергей Арбузовқа жүктедi. Қазiр президент Януковичтiң де тағы жар басында тұр.
“Украина министрлер кабинетi туралы” заң бойынша, үкiмет басшысы президент жарлығы шыққан күннен бастап бүкiл командасымен отставкаға кетедi. Жаңа үкiмет екi айдың iшiнде жасақталуы тиiс. Алайда еуромайданшылардың арынына қарасаң, президент Януковичтiң өзiн Азаровтың артынан жөнелтетiндей.
Осыған дейiн оппозиция Украинаның он облысының әкiмшiлiк ғимаратын басып алып, екi губернаторды отставкаға кетуге мәжбүрлеген. Ендi мiне, премьер-министрiн желкелеп қуды. “Януковичтi тағынан тайдырмай тынбаймыз!” дейдi.
Азаровтың ақылы бар екен. “Өз еркiммен кеттiм” дедi. Миколаны кетiрген майданшылардың тепкiсi екенi басы ашық жайт болса да, оның отставка жөнiнде өтiнiш жазуы – ақылдылық. Янукович тағын сақтап қалу үшiн Азаровты құрбан етуге дайын екенiн оппозиция жетекшiлерiне айтқан. Бұл да оған түрткi болса керек. Өзiн құрбан етуге дайын адамның ол не үшiн сойылын соғуға тиiс?
Билiкке келу қандай қиын болса, билiктен кету де сондай қиын екенiн Азаров өтiнiш жазған күнi түсiнiптi. “Мен бүгiн өте қиын әрi жауапты шешiм қабылдадым. Премьер-министрлiк қызметтен отставкаға кетемiн. Дағдарыстың тоқтауына, саяси күштердiң тiл табысуына осы шешiмiм сеп болсын”, – дептi Микола Азаров.
Януковичтiң оппозиция жетекшiлерiне үкiметтi басқаруды ұсынғанын газетiмiздiң өткен нөмiрiнде жазғанбыз (“Оппозиция Януковичке санаулы сағат бердi”, 28 қаңтар, №6). Кеше УДАР партиясының жетекшiсi Виталий Кличко мен “Батькившина” партиясының басшысы Арсений Яценюк бұған қатысты шешiмдi жауабын айтты.
“Заң бойынша 60 күнде үкiмет жасақталуы керек. Бiрақ УДАР партиясының өкiлдерi үкiметтiң жаңа құрамына кiрмейдi”, – дедi В.Кличко.
Янукович үкiметтi басқаруды ұсынған Арсений Яценюк те бастапқы ойынан айнымапты. “Мен мұны тiптi талқылап та жатқам жоқ”, – деп қысқа қайырды.
“Америка даусының” хабарлауынша, сейсенбi күнi Украина президентi Виктор Янукович АҚШ-тың вице-президентi Джо Байденге телефон соққан. “Басшылар Украинадағы жағдайды талқылады. Байден Украина билiгiнiң дағдарыстан шығу үшiн жасап жатқан әрекеттерiн құптады. 16 қаңтарда Жоғарғы рада қабылдаған репрессиялық заңдарды тездетiп керi қайтаруға және оппозиция жетекшiлерiмен тiл табысуға шақырды”, – дейдi “Америка даусы”.
Януковичтiң премьер-министрiн отставкаға жiберуi, оппозициямен татуласуға тырысуы, Байденмен кеңесуi Кремльге ұнамағаны анық. The Wall Street Journal басылымы ресейлiк шендiлердiң бiрiне сiлтеме жасап былай деп жазды: “Ендi Ресей уәдесiнен тайып, Украинаға берем деген несиесiн – 15 миллиард АҚШ долларын бермеуi мүмкiн”.
Азаров отставкаға кеткенi белгiлi болған күнi Ресей президентi В.Путин әлгi несиеге қатысты ойын айтты. “Билiкке оппозиция келген күнде де несиенiң шарты сол күйi қалады. Газдың бағасы да өзгермейдi. Ол маңызды емес. Үкiмет басына Юлия Тимошенко келгенде де онымен конструктивтi келiссөз жүргiзгенбiз”, – дедi ол.
Путиннiң “билiкке оппозиция келсе де, маған бәрiбiр” дегенi – өтiрiк. 15 миллиард доллардың жайы мен газдың бағасы Украина билiгiне кiм келгенiне байланысты болмақ. Билiкке оппозиция келсе, Ресейге жонын бередi. Жонын берiп тұрған Украинаға Ресей қалай жалын төсейдi?
АҚШ президентi Барак Обама кешегi халыққа жолдауында Украинаны сөз еттi. “Украина халқы өз құқығын еркiн әрi бейбiт түрде қорғауға, өз елiнiң болашағын айқындауға қақылы”, – дедi ол.
Ресей президентi Владимир Путин Украина мәселесiнде белi майыса бастағанын мойындағысы жоқ. 28 қаңтарда Брюссельде өткен “Ресей – Еуропалық одақ” саммитiнде ол кәнiгi әдетiнше мысқылдап, еурокомиссар Жозе Мануэль Барроза мен Еуропалық кеңестiң басшысы Херман ван Ромпейдiң әбден жүйкесiн жұқартты.
“Еуропалықтар” еуроинтеграцияның Украина үшiн де, Ресей үшiн де тиiмдi боларын айта бастағаны сол едi, Путин мырс еттi де, украиндердiң “күнәсi” туралы жорғалата жөнелдi. “Сiздердiң БАҚ мұны көрсетпейдi, ал бiз бәрiн көрiп отырмыз. Батыс Украинада дiни қызметкер Киевке жетiп, үкiметтi талқандауды үндеп жатыр. “Бiздiң үйiмiздi негрлер, москалдар (украиндер орыстарды осылай атайды – ред.) және жидтер (иудейлер) билемес үшiн!” дейдi. Мәселен, Грекия мен Кипрдегi дағдарыс кезiнде бiздiң сыртқы iстер министрiмiз топ арасында антиеуропалық үндеу жасап жүрсе, не болар едi? Осыны неге ойламаймыз? Украина мәселесiне ешкiм араласпасын, бiз де араласпаймыз”, – деп өршелендi Путин.
“Араласпаймыз” дегендi бер жағымен ғана айтып тұр. Әйтпесе, Еуромайданда ресейлiк арандатушылар толып жүр. Тiптi “шерушiлерге оқ атқызып жатқан – ресейлiк жалдамалылар” деген әңгiме бар. Путин әдетiнше тiзеге салып, нендей әрекет жасаса да, Украина Еуропаға қарап ұлып тұр…
erik_r@bk.ru
Ерiк РАХЫМ
http://zhasalash.kz/