АЛТЫНОРДА
Новости

Мемлекет басшысы Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрімен кездесті

Астана. 3 қаңтар. Baq.kz – Кездесу барысында түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері қаралды. Атап айтқанда, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара ықпалдастық аясын кеңейтуге ерекше назар аударылды. Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер де талқыланды.

Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрінің Қазақстанға ресми сапарына ризашылығын білдірді.

– Нидерланд – Қазақстан экономикасына ірі инвестиция салушы әрі Еуропа елдері арасындағы сауда-экономикалық серіктесіміз. Біз екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға мүдделіміз. Бұл сапар мемлекеттеріміз үшін маңызды болып саналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сыртқы істер министрі кездесудің өтуіне жасалғаны мүмкіндік үшін алғысын айтты.

– Алғашқы ресми сапардағы міндетім – Гаагада өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысу үшін Нидерланд Королінің біздің елге келу жөніндегі шақыруын жеткізу. Сондай-ақ, Премьер-Министрмен екіжақты кездесулер жоспарланған. Біз теңізге шығатын және порттық инфрақұрылымдары дамыған ел, ал Қазақстан орасан әлеуеті бар ел ретінде күш-жігер біріктіріп, зор нәтижеге жетеміз деп санаймыз, – деді Ф.Тиммерманс.

Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру туралы жоспарын іске асыруға Нидерландтың атсалысу ниеті барын атап өтті.

Гаагада өтетін алдағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысты Ф.Тиммерманс ядролық қару салдарынан болатын қасіреттер туралы Қазақстан өзге елдердің бәрінен де жақсы білетініне тоқталды.

– Семей полигоны аумағында ядролық сынақтар жүргізіліп, оның зардаптарымен ұзақ жылдар бойы күресуге тура келді. Қазақстан бұл шараның қаншалықты шығын әкелетінін біледі. Сондықтан бізге қауіпсіздіктің барлық мәселесін сақтауға мүмкіндік беретін тиімді халықаралық жүйе құру керек. Оны сақтау үшін Қазақстан ұстанып отырған бағытты барлық ел қолдайды, – деді министр.

http://baq.kz/kk/news/43016