Өйткені өткен жыл тыныш өткенімен, «шынының мың күнде емес, бір күнде сынатыны» секілді, қатерлі әрекет кез келген тұста, кез келген уақытта бұрқ ете түспесіне ешкім де кепілдік бермейді. Алайда соған қарамастан, Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов «арнайы сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде, халықтың 90 пайызы еліміздегі діни ахуалды тұрақты деп санайды» дейді кеше елордада Орталық коммуникация қызметінде болған брифингте. Шындығында, солай ма?
Әсерлі әңгімені қоя тұрайық, нақты дерекпен сөйлейік. Діни ахуал ушыққан 2011-2012 жылдары Қазақстанда жұрттың төбе шашын тік тұрғызған 20 террорлық жарылыс орын алыпты. Қандықол қарақшылардың кесірінен 47 азамат көз жұмған. Мұның басым бөлігін полиция қызметкерлері құрайды. Бұдан бөлек тағы да 19 адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алып, зардап шекті. Ал жарылыстарды ұйымдастырған радикалды топтың 46 жиһадшысы өзін-өзі жарған, бірқатары құқық қорғаушылармен қақтығыс кезінде өлтірілді. 7-еуі тірідей қолға түсіп, бүгінде темір торда отыр.
Ойлағанның өзінде бойыңды шымырлататын осы оқиғаларға ары кетсе жыл айналған сәтте елдегі ахуалды «керемет, алаңсыз» деп айтуға бола ма? Егер әлдеқалай тапсырмамен, әлдеқалай себеппен әлдебір кезекші ұйымдар мәлімдесе мақұл. Ал бүткіл мемлекеттің ең өзекті әрі қиын саласына жауап беру үшін құрылған агенттік жеңіл-желпі зерттеу орталықтардың мемлекеттің бюджетінен бөлінген миллиондарды осындай оңай жолмен игеріп, үлкен тұрмақ, бала сенбейтін қорытындыны жасап шығаруына қалайша жол береді? Міне, бұл – ойланатын, ойландыратын іс. Егер 2013 жылы да елдің батысы мен оңтүстігінде діни дүрдараздықтар өрши түссе, халық ортасын-да бірқатар кикілжіңдер қайталанса, 150 азамат бүкіл әлемге «мақтанып», Сирияға аттанса, қалайша «90 пайыз тыныштық» орнай қалады?!
«Енді аймақтардан түскен сауалнамалар-ды да салыстырып, қарадық. Иә, кейбір өңірлерде мәселелер бар. Бірақ жалпы алғанда, тыныш қой» дейді төраға. Демек, өңірлерден де орталыққа жалған анықтамалар әдеттегі-дей ағылып жатқанына ешкімнің күмәні жоқ. Өте алаңдатарлық жайтты жалпы емес, жалқы талқылайтын, жіті үңілетін кезге келсек те, жағдай – осы.
Дін істері агенттігінің төрағасы көптің көкейіндегі кезекті сауалға төмендегідей жауап берді: «Кезінде экстремизм баптарымен айыпталып, сотталғандардың ол жерде қалай отыратыны, ертең қоғамға қалай оралатыны, болмаса жанындағыларға қалай әсер ететіні үлкен әрі күрделі мәселе. Бұл Дін істері агенттігі мен басқа да мемлекеттік органдарының назарынан тыс қалмақ емес. Осындай әрбір азаматпен ерекше жұмыс жүргізіліп жатыр. Сенім-наным деген – өте нәзік дүние, сондықтан да радикалды бағытта теріс ағымға еріп кеткендердің көзқарастарын өзгерту айтарлықтай оңай шаруа емес. Бұл бағыттағы шараларға ел өңірлеріндегі имамдар да қатысуда. Біздің басты мақсатымыз – осындай азаматтарымыз діни экстремистік ұстанымынан бас тартып, қоғамға араласқанда, бүлік шығармайтындай жағдайды қалыптастыру».
Төрағаның хабарлауынша, елдегі түрмелерде радикалды бағыттағы әрекеттері үшін ұсталған 600-дей сотталушы отыр. Ең қауіп-тісі экстремистер колонияда жеке-дара оқшауланбастан, өзге де жазасын өтеушілердің қалың ортасында жүр. Құзырлы органдар олардың жүріс-тұрысын қаншалықты қатаң қадағалағанымен, өзгелермен үзілді-кесілді байланыстырмай қоя алмайтындығы тағы анық. Демек, қауіптің үлкені осы тұста екендігі сөзсіз. Күні ертең «жиһадтап» ұрандатқандардың соңынан абақтыдан мыңдаған басбұзар қылмыскерлердің ере шықпасына ешкім де кепілдік бермейді.
Бейсенбай Дәулетұлы
http://www.aikyn.kz/