АЛТЫНОРДА
Новости

ЕО министрлері Украинадағы жағдайды талқылады

Киевтегі үкіметке наразылық шерулері. Украина, 9 ақпан 2014 жыл. Еуропа Одағы (ЕО) егер Киевте демонстранттарға қарсы зорлық-зомбылық пен қудалау жалғаса берсе, Украина шенеуніктеріне санкция салуға әзір болуы тиіс деп мәлімдеді Чехияның сыртқы істер министрі Любомир Заоралек. Брюссельде 10 ақпанда ЕО сыртқы істер министрлерінің Украинадағы жағдайды талқылаған жиынында сөйлеген Заоралек Украинадағы «зайырлы түрдегі авторитаризмнен сақтануға» шақырады.

Оның сөзінше, ЕО-мен шектес елдегі адам құқықтарының бұзылуына қарап отыра беруге болмайды.

«Егер зорлық-зомбылық күшейе берсе, онда сөзсіз санкциялар салынады. Еуропа Одағы қолында бар барлық тетіктерін пайдалануы тиіс» деді Чехия сыртқы істер министрі.

ЕО елдерінің сыртқы істер министрлері Еуропа одағы Украинамен ассоциация келісіміне қол қою уәдесінен айнымайтынын, бірақ келісім Киев пен Брюссель арасындағы қарым-қатынасты айқындайтын соңғы тетік емес екенін мәлімдеген.
Министрлер Украинададағы саяси дағдарысты тоқтату үшін елде жаңа үкімет құрып, конституциялық реформалар жасауға шақырған.

ЕО егер Украинаның жаңа үкіметі экономикалық және саяси реформалар жүргізсе, елдің экономикалық мәселелерін халықаралық серіктермен бірлесе шешу үшін Киевке көмек беруге дайын екенін білдірді.

Бірақ министрлер Украинадағы демонстранттарды жаппай басуға жауапты шенеуніктерге қарсы жаңа санкциялар салатынын жария еткен жоқ. Соған қарамастан министрлер ЕО Украинадағы саяси дағдарысқа қатты алаңдаулы екенін және оның шиеленісуіне жауап қатуға даяр екенін де ескертті.

 http://www.azattyq.org/