Украинада тынышсыздық. Теке тірес жалғасып жатыр. Мұны украин халқының мүддесін қорғаушылар жасап жатыр деуге болмас. Өйткені халық мүддесі қиратумен түгенделмейді. Қираған дүниелердің орнын толтыру керек.
Ал ол сол халықтан салық ретінде жиналған бюджетті жұқарта түсетін бір іс емес пе?! Бюджет демекші, оның өзі тым әлсіз. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік дипломатиялық корпус және халықаралық институттар өкілдері алдында сөйлеген сөзінде атап көрсеткеніндей, 50 миллион тұрғыны бар мемлекеттің жылдық ішкі жалпы өнімінің көлемі тұрғын саны 18 миллионға жетпейтін Қазақстанның жылдық ішкі жалпы өнімінен 25 пайызға аз екен.
Сондай-ақ, сақтық қорларында бар болғаны 20 миллиард долларға жетпейтін алтын-валюта ғана бар көрінеді. Біздің Президентіміз осы ақиқаттарды тілге тиек ете отырып, «әуелі экономика емес, саясат жүрген жерде жағдай осылай болады» дегенді ашық айтты. Біз бүгінгі жағдайға қатысты украиналық оппозиция серкелерін де, наразылық білдірушілер жағында болған бірнеше мыңдаған қарапайым халықты да кінәлаудан аулақпыз. Өйткені экономикалық жағдай жоғарыда айтқанымыздай болып тұрған кезде билікке наразылық білдіру – заңды құбылыс. Ал сол наразылық бассыздыққа, бүлікшілікке ұласып кетсе, одан тек қана зиян келеді. Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, осы уақытқа дейін тек теке тірестер салдарынан Украина экономикасына 150 миллион доллардай шығын келген. Ал мемлекеттің ұлттық валютасы – гривна бұрын-соңды болмаған деңгейде құнсызданды. Девальвация жалғасып жатыр. Қайда барып тірелері белгісіз. Мемлекеттегі жағдай осылай болып тұрғанда Еуроодақ пен АҚШ тарапының лауазымды өкілдері мемлекеттік билікке қысымды күшейте түсуде. Бұл жақтардан мемлекетте саяси реформа жасалынбай, қаржылай көмек болмайтыны ашық айтылды. Ол-ол ма, АҚШ және Еуроодақ эмиссарлары оппозиция серкелеріне көңілдері толмайтындықтарын да жасырмай айтты. Оларға кімнің көңілі толып жатыр дейсіз?! Бірі рингте жұдырықтасудан басқа ештеңені білмейтін болса, екіншісі Батыстың қолдан жасаған тұрса-жатпас қуыршағы секілді. Мемлекеттің экономикасынан хабары бар тұлғалар деп бұларды айтуға ауыз бармайды. Ең болмаса Украина экономикасының табиғи, географиялық, ғылыми әлеуеті жағынан хабары бар біреу болса, дәл қазіргі жағдайда саясат Олимпіне ұмтыла қоймас еді. Өйткені дәл қазіргі таңда Украина билігіне кімді қойсаң да ештеңе тындыра алмасы баршаға белгілі. Мұны біле отырып, билікке ұмтылу ақылдының ісі емес. Және билікке наразылық білдірушілер серкелері «Еуромайдан» деген ұранмен жұмыс істеп жатыр. Бұдан түсінетініміз «Украина Еуроодаққа ассоциацияланған мемлекет болып қана жақсылыққа кенеледі» деген ұғым. Біз бұл мақалада оппозиция серкелерінің осы ұстанымдары ақиқатқа қаншалықты жақын деген сұраққа жауап бере отырып, мемлекеттің болашағына болжам жасаймыз.
Бірінші жол – Еуроодақ
Сонымен ассоциация серкелері дегеніне жетіп, Украина Еуроодаққа ассоциацияланған мемлекет болды деп қарастырайық. Бұл жерде ерекше және ең алдымен назар аудартар тұсымыз Түркияның да осындай мәртебесі барлығы. Ол-ол ма, Түркия НАТО әскери блогының белсенді мүшесі. Бірақ мінекей, 20 жылдан астам уақыттан бері түрік бауырларды Еуроодақ өзіне толық мүшелікке қабылдаған жоқ. Ол-ол ма, түрік тауарларының көп түріне еурорынокқа енуге түрлі кедергілер қойылған. Бұл – бір. Екіншіден, Украинада Еуроодаққа сататындай өтімді тауарлы өндіріс жоқ. Аэроөнеркәсіп кешені бар еді. КСРО державасы ыдырағаннан бергі 23 жыл ішінде ол әбден титықтады десе де болғандай. Ғылыми зерттеу институттары бірқатар сала бойынша жақсы еді. Олар да титықтады. Атом энергиясы өнеркәсібінде біраз игілік бар болған, қазір олардың да сұлбасы қалған деп естиміз. Өйткені 23 жылдан бері бір тиын инвестиция түспеген жерде не оңсын?! Бұлардың бірде-бірі Еуроодақ мемлекеттерін қызықтырмайды. Ол-ол ма, Еуроодақ мемлекеттері Украинаның ауыл шаруашылығы өнімдерін де өздерінің ішкі рыноктарына кіргізбесі анық. Ондағы сапалық талап ТМД аумағындағыдан әлдеқайда күшті. Айтқандай, Еуроодақ мемлекеттерінің бірде-біріне Украинаның автокөліктері емін-еркін кіре алмайды. Өйткені ондағы жанармай Еуро-5 стандартына сай болуы керек. Мұндай сапа Мәскеудің өзінде де жоқ. Ақыр аяғында Украинада Еуроодақ мемлекеттері қызығатын ғылым бар деп ойламаймын. Болған, жоғалды. Көрнекті ғалымдар жан-жаққа кеткен, олардың ізбасарлары да бұл елде қалмаған шығар. Сондай-ақ, мемлекетте бүгінгі энергияның басты көзі мен газ жоқ. Олар Еуропаның өзінде де жоқ. Сонда Еуроодақ Украинаға не береді? Валюталық несие ме? Жоқ, оны да бере алмайды. Әуелі өзінің ежелгі мүшесі Грекия мен Италияға, Португалияға, Испанияға беріп алсын. Еуроодақ Украинаны дұрыстай ала ма? Жоқ, әуелі Грекия, Италия, Португалия, Испания секілді ежелгі мүше мемлекеттерінің экономикасын түзеп берсін. Бұл бұл ма, одақтың Германиядан кейінгі мықтысы Францияның жағдайы да мүшкілдене бастады. Бұл мемлекетте жастардың 50 пайызы жұмыссыз жүр. Еуроодақ бойынша жұмыссыздық 12,7 пайыз. Демек, Еуроодақ Украинаның жұмыссыздарына да жұмыс бере алмайды. Олай болса, Еуроодаққа «барғаннан» Украинаның алатыны жоқ. Керісінше мемлекеттің жағдайы төмендеген үстіне төмендей түседі. Еуроодаққа Украина не үшін керек? 50 миллиондық тұтынушысы бар рынок одақ үшін таптырмас олжа. Бірақ олар украиндық тұтынушылардың сатып алу қабілеті төмен екенін ескермей тұр. АҚШ үшін Украина неге керек? Ресейді қыса түсу үшін, «ПРО» барлау жүйелерін орналастыру үшін. Еуроодақ пен АҚШ секілді алпауыттардың бұл мүдделері қарапайым украиндықтар мен жалпы мемлекеттің мүддесіне сай ма? Жоқ!
Екінші жол – Кедендік одақ
Украинада Кедендік одаққа өту мүмкіндігі де бар. Егер осы мүмкіндікті пайдаланса не болады? Мемлекеттің экономикасы екінші тыныс алады. Кедендік одақ көмірсутектеріне аса бай мемлекеттер құрған халықаралық институт. Онымен Еуроодақ та, АҚШ та санасады. Оның үстіне Қазақстан мен Ресей даму жолындағы мемлекеттер. Бұлардың Украинаға берері мол. Біріншіден, Кедендік одаққа мүше бола отырып, мұнай мен газды бүгінгіден әлдеқайда арзан бағаға сатып ала алады. Бұл экономиканы «тірілтіп», халықтың тұрмысын жақсарту үшін пайдасы көп іс болмақ. Екіншіден, украиндар өздерінің Еуроодақ тұтынушысы менсіне қоймайтын көптеген тауар түрлерін Белорусия, Ресей және Қазақстан тұтынушыларына сата алады. Үшіншіден, Қазақстан мен Ресей Украинаға инвестиция құю мүмкіндігі мол елдер. Төртіншіден, Ресей мен Қазақстан Украинаға жеңіл несие бере де алады. Бесіншіден, дамушы Қазақстан енді екі-үш жылдан соң сырттан жұмысшы күшін тартуға мәжбүр болады. Қазірдің өзінде Қазақстанда шамамен 300 мыңдай гастербайтерлер жұмыс істеп жатыр. Міне, осындай жағдайда украиналық жұмыссыздар күн көрісін үзетін бірдеңе таба алады.
Үшінші жол – бәрінен бас тарту
Тақырыпшадан көрініп тұрғанындай, Украинада үшінші жол бар, ол – барлық одақтан бас тарту. Қазіргі Швейцария секілді. Мұндай жағдайда Украинаның Швейцариядай гүлденіп кетуі екіталай. Өйткені мемлекетте табиғи қор жоқтың қасы да, ашқұрсақ халық тым көп. Сондықтан да саяси теке-тірес пен наразылық жалғаса беретін әдет үйреншікті құбылысқа айналады. Бұл экономика мен тұрмысты түзеудің орнына титықтата түседі. Өйткені Ресей қанша жерден бүйрегі бұрып тұрса да, өзіне рыногын ашпаған мемлекетке өз рыногын ашпайды. Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресейден алда алуы мүмкін мұнай мен газдың бағасы төмендетілмейді. Тұрақтылық жоқ жерге еш жақ инвестиция құймайды. Демек, қазірдің өзінде әлсіреген экономика титықтауын жалғастырады. Қарапайым халықтың жүріп-тұруы визалық тәртіп деңгейінде қалады. АҚШ және Еуроодақтан ешқандай көмек болмайтыны қазірдің өзінде айтылып жатыр. Мұндайда украиналықтардың болашағын көзге елестету аса қынжылтатын көрініс болып шығары сөзсіз.
«Сонда Украинаға қай жолды таңдау керек?» деген орынды сұрақ алдан шығады. Экономиканың жағдайы мен оның ұлттың болашағына тигізер әсері жайлы ғылыми ойдан хабары барлар мұндайда сөз жоқ, бұл мемлекет Кедендік одақты қабылдауға тиіс дегенді айтар еді. Бұлай болмаған жағдайда саяси күштердің теке тірестері төңкерістерге ұласып кетуі әбден мүмкін. Ал ол ұлтты қатерге тігумен бірдей. Кейде Украина болашақта қазіргі Корей түбегіндегі бауырлар секілді бір-біріне мылтық кезенетін жаудай қаққа бөлініп кете ме деп те ойлайсың. Жамандықтың беті аулақ болсын! Мейлі, бұл елдің қазіргі билігі, мейлі оппозициясы жеңіске жетсін, бәрібір олар қай кезде де, қайткен күнде де қалың бұқараның қамын ойлауға тиіс болады. Ал бұқараның жағдайы Еуроодаққа өткеннен жақсармасы айдан анық.
Жұмабек ЖАНДІДИН