Дәл осы ұранмен наразылық шарасын өткізген бір топ Қазақстан азаматы Ресей консулдығының алдына жиналды. Бейбіт түрде бейбітшілікке шақырған топтың белсенділерінің бірі – Мұхтар Тайжанды полиция көп ұзамай тұтқынға алып, сот 50 АЕК көлемінде айыппұл кесті. Ресейлік азаматтар Ресей Қырымға басып кірместен 1 ай бұрын «Украинаның ішкі шиеленісіне Ресей араласпауы керек» деген сенімде болған. 24 ақпанда Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы ақпанның 1-2-сі күндері өткізген сауалнаманың нәтижесімен таныстырды. Орталық сарапшыларының айтуынша, сауалнамаға Ресейдің 42 облысы, аймақтары мен РФ құрамындағы республикалардан 1600 азамат жауап берген. Респонденттердің 73 пайызы Украинаның ішкі ісіне Ресейдің араласуын қаламаған: «Бұл Украинадағы билік пен оппозицияның арасындағы кикілжің. Елдің ішкі шаруасы». Еуропалық Одаққа қосылуды қалаған украиндар Киевтегі Майданда үздіксіз наразылық шараларын өткізді. Бастапқыда бейбіт түрде басталған шерудің соңы 2014 жылдың 18-20 ақпанында қантөгіске ұласты. Жаппай қырғынға себеп болған Украина президенті 22 ақпанда биліктен аластатылды. Оның сарайына басып кірген ашулы топқа ұстатпай, қашып кеткен Янукович әлі күнге қолға түскен жоқ. Есесіне, билік тізгіні уақытша топтың еншісіне бұйырды. Оппозиция өкілдері, қарапайым халық бірнеше бөлікке бөлінді. Ал ақпанның соңында Ресей Қырымға әскери күшін шоғырландыра бастады. Қару-жарақ асынған ресейлік әскерилер Севастополь мен Симферопольдің әуежайына басып кірді. Керчендік аумақты қоршап алды. 2014 жылдың 1 наурызы күні Ресейдің Федерация кеңесі Ресей президенті Владимир Путиннің мәлімдемесіне құлақ түріп, Қырым аумағына РФ Қарулы күштерін енгізуге рұхсат берді. Оған себеп, Януковичтің Украинадағы билікті күшпен басып алған заңсыз топтарға тойтарыс беруге байланысты көмек сұрапты-мыс… Ресейдің басқыншылық әрекетіне Жер шарының түкпір-түкпіріндегі әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдері наразылық танытты. Олардың барлығы да Еуропалық Одаққа мүшелікке өтуді қалайтын, батыстық бағытты таңдаған Украинада қан төгілуіне қарсы. АҚШ, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропалық Одақ т.б. ұйымдар мен көптеген мемлекеттер Ресейдің агрессиялық әрекетін тоқтатуды талап етуде. Осы орайда, Қазақстанда да бір топ азамат наразылық шарасына қатысты. Алматыдағы Ресей Федерациясының консулдығы мен Астанадағы елшілік ғимараттарының алдына жиналып, Ресей билігінен Украинаға күш қолданбауды, соғыс ашпауды, жазықсыз жандардың қанын төкпеуді, біртұтас Украинаны екіге бөлмеуді, анығы, Қырымды Украинадан бөліп алмауды, ел ішіне іріткі салмауды талап етті. Алматы мен Астанадағы екі шарада да 30-дан астам (жалпы саны 60-тан астам) адам жиналған. Шарада сөз алған қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан: «Халықаралық ұйымдар, тәуелсіз мемлекттер, әлемдік сарапшылардың пікірінше, Ресей қазір Украинаға әскери агрессияны жасауда. Яғни, Украинадағы сепаратизмге қолдау көрсетіп жатыр. Бұл өте қауіпті. Қазақстан үшін де. Солтүстік аймақта ұлты орыс Қазақстан азаматтары көп. Ал Путин кезінде «Қай жерде орыс болса, мен солардың құқығын қорғаймын» деп ашық айтты ғой. Меніңше, бүкіл әлем болып, біз Ресейдің Украинаға күш көрсетуіне, басқыншылық жасауына жол бермеуіміз керек!» – деді.
Біздің «Шараға жиналғандардың саны неге аз?» деген сұрағымызға ол «Өкінішке қарай, қазір қазақтардың көпшілігі құлдық санадан арыла алмай жүр. Әрі былтыр гептилге, «Протонның» ұшырылуына қатысты наразылық танытқанда жиналғандар саны тым аз еді, бүгін 30-дан астам азамат жиналды. Келесіде бұдан да көп болатынына сенімдімін. Біз қоғамдық пікір тудыруға баса мән беруіміз керек. Қазір билік жерімізді қытайларға ұзақ мерзімге жалға беруді көздеп жүр. Сырттан, Үндістан, Пәкістан, Қытайдан арзан жұмыс күшін алып келейік дейді. Сонда жұмыссыз жүрген, әлеуметтік ахуалы нашар қазақтар не істемек? Ол да өте қауіпті. Сондықтан оянуымыз керек. Әйтпесе, келешек ұрпақтың жағдайы қиын», – деді.
Ал танымал журналист Қасым Аманжолұлының пікірінше, Қазақстан билігі Украинаның территориялық тұтастығына қатер төндірген Ресейді қолдамайтынын ашық айтуы тиіс: «Негізі белгілі бір елге қарсы әскери шабуыл жасалған кезде әлемдік қауымдастықтың өркениетті өкілдері наразылық білдіреді. Бұл барлық елге тән құбылыс: Латын Америкасы, Африка, Еуропа, Азия болсын, бәрібір. Сондықтан біз Ресейдің Украинаға жасаған басқыншылық әрекетіне бейбіт түрде наразылық таныттық. Біз соғыстың болғанын қаламаймыз, Ресейді бейбітшілікке шақырдық. Мұның астарында сепаратизмге қарсылық жатыр. Біздің билік сабақ алуы тиіс. Ол үшін Кедендік Одақ, Еуразиялық одақтан бас тартып, Еуропалық Одаққа, НАТО-ға ұмтылу. Ең жоғарғы деңгейді алсақ. Ал ең төменгі деңгейдегі шаруалар – Қазақстанның ресми билігі Украинаның біртұтастығын қолдайтынын ашық мәлімдеуі тиіс. Кез келген мемлекеттің азаттығы, тұтастығы, шекарасының беріктігі – жазылмаған қағида. Егер ашық айтпаса, Кремльге бас ұрған, жалтақтық ретінде қабылданады. Мұндайда Ресей де Қазақстаннан аяқ тартады. Қазақстан Ресейдің айтқанына көніп, айдағанына жүрмейтінін сезінеді».
Наразылық шарасында тәртіп сақшылары ешкімді тұтқынға алмады, құзырлы органдар тарапынан ешқандай ескерту де болмады. Тек бірнеше сағаттан кейін белсенділердің бірі – Мұхтар Тайжанды Алматы қаласындағы Бостандық аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері ұстап әкетті. Арада сәл уақыт өткенде Алматы қаласының ауданаралық арнайы әкімшілік соты Мұхтар Тайжанға «Ресейдің консулдығы алдында заңсыз жиын өткізгені үшін» деген айып тағып, 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Сотқа тартылғанын әлеуметтік желілерден естіген біз де Мұхтарға бірнеше рет телефон шалған едік. Алайда, байланысу мүмкін болмады. Кейінірек білсек, бүгін 17.30-ға белгіленген сотқа Мұхтар Тайжанды қолдап барған он шақты азаматты күзетшілер сот залына кіргізбеген. Жабық есік жағдайында өтетіндей бұл қандай құпия?! Біз түсіне алмадық. Астанада өткізілген наразылық шарасында Ресейдің елшілігі алдына жиналған азаматтар арасындағы «Антигептил» қозғалысының мүшесі Махамбет Әбжанды тәртіп сақшылары тұтқынға алды. Бірақ ол көп кешікпей-ақ, бостандыққа шықты.
Нәзия Жоямергенқызы