АЛТЫНОРДА
Новости

АЙДАЙ СҰЛУ АВИКА

«Келін» телесериалында Ананди бейнесін сомдаған актриса Астанаға қалай келді?
Дүйім қазақ жұртын екі жыл бойы уыздай ұйытып отырған Үндістанның «Келін» телехикаясының басты кейіпкері Анандидің балғын кезін сомдаған актриса Авика Гормен дәл 2 наурызда жүздесеміз деп кім ойлаған?!
«Қазақстан» ұлттық телеарнасының жұлдызды актриса Авика Гормен кездесуге талай адамның арманы болғаны анық. Қар жамылған Астананың аязды күндері ол қазақ жеріне табан тірегенде күн  жылып кеткендей болды (Авика Мумбайдан шыққанда, ол жақта  22 градус ыстық екен). Ол тоңып қалғанын жасырмады. Бірақ аппақ қарды көрген арманшыл қыз дене тоңазытар суықты да елемей, Арқаның ақшақарына «Avika» деп өз атын жазды. Қар бетіндегі есіміне қызыға қарады, аппақ қарды алақанына салып, мәз-мейрам болды.

«Қазмедиа орталығына» алаукеуім сезіммен асыға іздеп келгенімізде, бәріміздің Анандиіміз студия ішінде «Таңшолпан» телехабарына түсіп жатыр екен. Осы арада біз «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы» АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанованы сөзге тарттық:
– Нұржан Жалауқызы, «Келін» телехикаясының үлгі-ұстанымы,  актриса Авика Горды Қазақстанға қалай шақырғандарыңызды айтып беріңізші.
– Біз көрсетіп жатқан Үндістанның «Келін» телехикаясы біздің ата дәстүрімізге сай келетін тағылымды қасиеттерді – кішінің үлкенді сыйлау, отбасының ынтымағы, адалдық, ізгілік сынды қасиеттерді айқын көрсетуімен халықтың зор ыстық ықыласына бөленді. Айта кетейін, Авика Горды біз мемлекет тарапынан емес, өзімізге түскен жарнама қоры есебінен шақырдық.
Бүгінде көпшіліктің жүрек түкпірінен орын алған, аңызға айналған Ананди – Авика Гор бір үйдің жалғыз перзенті екен. Жасы –17-де. Мектепте 9- сыныпта оқиды екен.
Бір кезде «Таңшолпан» студиясынан ошарыла сыртқа шыққан үнді қонақтары (Авикамен бірге әкесі Самир, анасы Четна, менеджер-директоры Шериан, іс жүргізушісі Прерна) арасынан Ананди көзіме  оттай басылды. Әлгі телехикаядағы ақжолтай Анандидің мейірімді бейнесінің ұшқыны көзге бірден шалынды. Бәріміз қонақтармен бас изеп сәлемдестік. Бір күнге белгіленген шоу-бағдарламалар кестесінің өте тығыздығын ескеріп, мен саябыр сәтте, Авика Гормен жедел сұхбат жүргізуге бекіндім! Әріптесім – «Красная шапка» үнді дистрибютерлік компаниясының жауапты қызметкері Мәдинаның таныстыруымен, мен Авика Гормен қас-қағым сәтке еркін, риялы жүздесуге мүмкіндік алдым. Аудармашылар, операторлар, тілшілер Авикамен қайта студияға кірдік.
Осы арада аудармашымен оған мұқабада өзінің суреті мен «Келін» телехикаясының Қазақстандағы көрсетілімі туралы кеңінен жазылған «Ғажайып Үндістан» журналын және журналдың өзге де алты санын сыйладық. Авикаға өз ықыласымды білдіріп: «Намасте, Авика! Апсе милькаар бааһут хуши ху» («Армысыз, Авика! Мен сізді көргеніме өте қуаныштымын!») деп, үндіше рәсіммен  хинди тілінде сәлем бердім. Бұдан соң Алматыдан арнайы алып келген сыйым – қызғалдақ гүлді орамадағы қолына құс қондырып отырған қазақ аруы кәдесыйын тарту еттім. Оны Авиканы қазақ жұрты өз қызындай, әрі құтты келініндей көретініне балайтынымды да аудармашы арқылы жеткіздім. Осыдан кейін мен талантты актриса Авикаға көптен көкейді жаулаған, кезінде кино профессоры, өнертанушы-ғалым Б.Нөгербек, ақын-аудармашы, Үндістанның Шри Падма атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты Ә.Нілі­баев, ақын-шығыстанушы ғалым Ө.Күмісбаев жылы пікірін білдірген белгілі киножобамның (еларалық

телехикая форматындағы) ағылшын тіліндегі қысқаша мазмұнын шығармашылық пікірлесу ретінде таныстыруымның да сәті түсті…

 

Жалпы әсер:
Авика Гордың Астанаға келуіне орай ұйымдастырылған шоу-бағ­дарламалардың ең жарқын тұстары – актрисаның «Таң­шол­пан», «Әйел бақыты», Нұрлан Қоянбаевтың «Түнгі студия» бағ­дар­ламаларына түсуі, Анандидің қазақша дауысын салған актриса Гүл­нар Сматовамен жүздесуі, 94 жасар көрермен Зейнеп Қа­риева әженің шаңырағына бас сұғып, сәлем беруі, Астананың Бәй­терек, Хан Шатыр, Орталық Хазірет Сұлтан мешіті секілді орын­дарында болу сәттері болды.

Жалқы әсер:
…«Әйел бақыты» бағдарламасын түсіретін студияда опе­ра­торлармен қатар, қанаттаса, артта алқақотан жайғасқан сапар­лас­тары, менеджерлер. журналистер жаққа Авиканың екі-үш рет, мен оның төрдегі анасына, тағы бірде ойланып кеткенімде, қа­рап қалған гөзал көз қарасында мың бір сыр ілініп қалғандай кө­рінді…
Сосын сол таныс ілкім көзқарас «Түнгі студияда» төрде отыр­ған маған тағы да ғайыптан кезіккендей болды… Әлде, мұның бә­рі Ананди ақ арман аңызының бір нұр шұғылалы сәулесі ме екен? 

 

Біздің сұхбатымыз, міне, осылай басталды…
– Авика, келешекте әртүрлі жоспардағы актриса болуды армандайсыз ғой… Сізге есімі елге әйгілі Ананди, яғни бейнелеп айтқанда, «Альпі асуынан» аса да алады деп шексіз сенеміз!
– Рақмет! Мен эксперимент жасағанды сүйемін. Қазір Sasural Simar ka деген жаңа телехикаяда түсіп жатырмын. Онда 18 жасар Ролли есімді қыздың бейнесін сомдаймын. Ананди менің оң қолым болса, Ролли сол қолым деуіме болады. Менің ұстанымым – әртүрлі жоспардағы актриса бола алатындығыма көрерменнің көзін жеткізу.
– «Келін» телехикаясында Сізді 80 эпизодқа түсіру жоспарланған екен. Бірақ түсіру барысында сіз халықтың шексіз құрметіне, махаббатына бөленуіңізге қарай, оның орнына 515-тен астам эпизод түсіруге тура келіпті. Егер мен режиссер болсам, 1000 эпизод түсіруді де артық көрмес едім! Авика, үнді киносындағы ұлағат тұтар кумирлеріңіз кім?
– Рақмет! Мен бәрінен әр тұрғыда үлгі аламын. Маған киноактрисалардан Мадхури Дикшит пен Каришма Капурдың билері, Каджолдың, ұлы Рекха мен Айшварияның, Сушита Сеннің, Катриина Кейфтің, Карина Капурдың рөлдері, киноактерлерден Амитабх Баччанның рөлдері, Ритик Рошан мен Шахид Капурдың билері, Шахрух Ханның және Абхишек Баччанның рөлдері, Әмір Ханның шексіз сан қырлы таланты табындырады!
– Қазақстанға келгендегі алған алғашқы әсеріңіз қандай?
– Астана – әсем қала екен! Сәнді архитектурасы бар. Сосын қары да көп… Мені осынша ыстық ықыласпен қарсы алғандарыңызға өте бақыттымын! Қазақ халқы аса қонақжай, мейірбанды жандар екен.
– Қызғалдақ – Өңірдің гүлі, Арулар – Өмірдің гүлі. Сіз «Адамзаттың әсем екінші жартысы» – Арулар қандай болуы тиіс деп ойлайсыз?
– Әйелдер нәзік болса да, осал емес! Олар – батыл, жігерлі жандар. Олар – әрі мейірімділік бастауы, ізгіліктің, жақсылықтың жаршылары.
– Авика, келешекте алға қойған ізгі мақсат, жоспарларыңыз қандай?
– Мен келешекте Әлем арулары конкурсында бас жүлдені жеңіп алғым келеді. Актриса мен модельер болуды қатар ұштастырсам деп армандаймын.
«Ғажайып Үндістан» журналын және ондағы өзінің суреттері мен мақаланы көрген актриса қыз қазақ жұртына қаншалықты танымал болғанына таңғалды.

 

Редакциядан:

«Келін» телесериалының  көрермендерді қаншалықты қызықтырғанын біз де байқағанбыз. Сондықтан екі ай бұрын «Айқын» газетінде «Келін» телесериалы қалай аяқталады?» деген  тақырыппен  шағын пікір жарияладық. Оған осы уақытқа дейін 20 мыңға жуық адам пікір білдірді. Расында да, көрермендерді осы сұрақ әлі де қатты қызықтырады. Бұл сұраққа Астанаға арнайы келген «Келін» Ананди – Авика Гор да нақты жауап бермей, киноның құпиясын сақтап қалды.

 

Алпысбай ШЫМЫРБАЙҰЛЫ

http://www.aikyn.kz/articles/view/44042