АЛТЫНОРДА
Новости

30 наурызда мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді

АСТАНА. 11 наурыз. BAQ.KZ – 30 наурызда республиканың 14 өңіріндегі 59 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өтеді, деп хабарлайды Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметінен.

Барлығы Астана қалалық мәслихатына 1, облыстық мәслихаттарға 7, қалалық мәслихаттарға 12 және аудандық мәслихаттарға 39 депутат сайланады. Сайлау науқаны қажетті қаржылық және материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етілген. Жалпы, сайлауға 188 кандидат ұсынылды, олардың 61-ін саяси партиялар, 2-ін қоғамдық бірлестіктер ұсынды және тағы 125-і өзін-өзі ұсынғандар.

Қазіргі сәтте мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталды. Барлығы 170 кандидат тіркелді. Олардың 120-сы (70,6%) ер адамдар және 50-і (29,4%) әйел адамдар. 67 кандидат Қазақстан Республикасы саяси партияларының мүшелері болып табылады, 43-і өзінің партияға тиесілілігін көрсетпеген. Тіркелген кандидаттардың ішінде 6 ұлттың өкілі бар. Үміткерлердің орташа жасы — 41-де.

Сондай-ақ 140 (82,4%) кандидаттың жоғары білімі бар, 20-сының (11,8%) арнайы орта және 10-ының (5,9%) орта білімі бар. Кандидаттардың 43 % мемлекеттік мекемелерде, ұйымдарда және кәсіпорындарда, 30 % коммерциялық құрылымдарда қызмет жасайды. Қазіргі уақытта сайлаушыларға үгіт жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кетерлігі, үгіт-насихат жұмыстары 28 наурыз күні 24 сағатта аяқталады.

«Мәслихаттардан шығып қалған депутаттардың орнына сайлау науқанының барысымен танысу мақсатында 11-14 наурыз аралығында Ортсайлауком мүшелері М.А. Сәрсембаев, Т.В. Охлопкова мен Л.Ж. Сүлеймен Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарына барып қайтады. Сапар барысында Ортсайлауком мүшелері облыстың аумақтық және округтік сайлау комиссияларының мүшелерімен сайлау заңнамасының нормаларын сақтауды қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ дауыс беру күніне дайындық бойынша сайлау органдарының міндеттері талқыланатын кездесулер өткізеді. Бұған қоса, өңірлердегі сайлаушылар тізімдерін құру және түзету жұмыстарын ұйымдастыруды сараптауға ерекше көңіл бөлінеді» делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

http://baq.kz/