АЛТЫНОРДА
Новости

Губернатор Аман Төлеевтің 70 жылдық мерейтойы өтті

Түркістан. 7 сәуір. BAQ.KZ – Ресейдегі Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеевтің 70 жылдығы Түркістанда тойланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Алқалы басқосу қандасымыздың өмірі мен қызметіне арналды. Ақындар шетелдегі қазақ қайраткеріне арнап жазған қазақ және орыс тілдеріндегі өлеңдерін оқыды.
Конференцияның ұйымдастырушысы, Қазақстанның мәдениет қайраткері, ақын, журналист Нұрмахан Назаров ресейлік Губернатор кешінің Түркістанда не үшін өтіп жатқанын түсіндіре келіп: «Бұл жалаң патриотизмшілдік емес. Аман Төлеев туралы хабарсыз да емеспін. Ол 1992 жылы өз отбасымен, туысқандарымен Түркістанға, «Әзірет – Сұлтанға» арнайы келген. Бірге суретке түстік. Бір дастарханнан дәм татып, сұхбаттасқан да жағдай болды. Ол кісіге Қ.А.Ясауи кесенесі бейнеленген ескерткіш кілем сыйладым. Маған визиткасын беріп, «хабарласып тұрайық», деді. Арада 15 күн өткенде губернатордан менің атыма жеделхат келіп тұр. «Жылышыраймен құрметтеп қарсы алғаныңыз үшін рахмет. Келе жатқан Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын»,- депті. Неткен қарапайым басшы…»,-деп өткен күндерді парақтады. Содан бері сыйластықтары кемімеген  Аман Төлеевтің мерейтойына арнап «Қаламгерлер» қауымдастығының төрағасы Н.Назаров журнал шыққалы жатқанын жеткізді.
Аман Ғұмырұлы Төлеев – 1944 жылы 10 мамырда Түркіменстанда дүниеге келген. Ресейде ұзақ жыл қызмет еткен саяси қайраткер Новосібір темір жол инженерлері институтын және Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Еңбек жолын 1964 жылы Кемерово облысында темір жолшы болып бастаған технология ғылымының докторы Новокузнецкідегі Мундыбаш станциясында станция бастығы, Междуреченск темір жол станциясының бастығы, Кемерово облыстық партия комитетінде көлік және байланыс бөлімінің меңгерушісі және Кемерово темір жолының бастығы қызметтерін атқарды. Осыдан кейін ол РФ Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Кемерово облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы, РФ-ның ТМД елдерімен қарым-қатынас министрі қызметтерін атқарды. 1997 жылдан бері Кемерово облысының губернаторы қызметін абыроймен атқарып келе жатқан қандасымыз Ресей Президенттігіне кандидат та болып тіркелді. Қазірге дейін өз саласы бойынша 10-ға тарта кітап жазған қайраткер Ресейдің, Украинаның, Қазақстанның, Беларусьтің және Моңғолияның көптеген ордендерімен марапатталған.
http://baq.kz/kk/diaspora/969