АСТАНА. 4 сәуір. BAQ.KZ – Қырғыз республикасының астанасы — Бішкекте Қырғыз-түрік халықаралық Манас университетінің ұйымдастыруымен «Түркі халықтарының мемлекет басқару дәстүрі» халықаралық ғылыми конгресі өтуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айырқалпақты бауырлар биыл «Қырғыз мемлекеттілігін нығайту жылы» деп жариялаған болатын. Соның аясында өткен тарихқа жүгініп, ғалымдардың уәждерін тыңдауды жөн көріпті. Қазақстан атынан аталған шараға қатысқан Түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі халықаралық жиынның ашылу салтанатында арнайы сөз сөйледі. Мыңдаған жылдық тарихи бар түркілер өз дәуірлерінде бірқатар алып империялар мен далалық мемлекеттер құрып, табысты басқарғанына тоқталған ол Жүсіп Баласағұнның мемлекет басқару туралы жазған «Құтты білік» шығармасына сілтеме жасай отырып, «тарихи тамырларымызға терең үңілуіміз қажет»,- деді. Ғылыми конгреске АҚШ, Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Корея, Жапония мен Ресей сынды елдердің басқару саласы мамандары мен саланы зерттеуші ғалымдары қатысуда. Қатысушылар түркілердің әділ де дала демократиясына негізделген басқару формаларын, мемлекеттердің саяси құрылымы мен ел басқарушылардың қызмет- міндеттеріне қатысты қызықты баяндамалар жасады. Шара аясында Түркі академиясы мен қырғыз-түрік халықаралық Манас университеті өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС
http://baq.kz/kk/material/517