Астана. 14 сәуір. Baq.kz – Алматыда бір тұлғаның атымен аталатын елуге тарта көше бар. Солардың бірі Мұхтар Әуезов пен Виталий Клочков көшелері. Бұл жайт тек жергілікті тұрғындарға ғана емес, шұғыл қызмет көрсету мекемелерінің мамандарына да қиындық туғызуда. Жедел жәрдем көліктерінің көше шатастырып, өзге біреудің үйіне келіп тұратын сәттері Алматыда жиі қайталанады.
Ал, бұл қиындықтардың барлығын жою тек биыл ғана мүмкін болып отыр. Өйткені, көша атауларын өзгертуге жарияланған мораторий ағымдағы жылдың басында ғана алынып тасталынды. Енді, мамыр айынан бастап арнайы құрылған комиссия мүшелері көше-көшені аралап, қайталанған атаулар мен атауы жоқ көшелерді тізімге енгізеді. Ал, оларды өзгертуге қала тұрғындары да атсалыса алады.
«КСРО кезінен өзгермей қалып кеткен көше атаулары да өзгеріске ұшырамақ. Бізге көшелерге өз аталарының атын қоюды сұрап, талай адамның келетіні белгілі. Бірақ, әр көшенің атауын елімізге еңбегі сіңген, тарихта аты қалған азаматтардың атымен атамақпыз» деді Алматы қалалық Тілдерді дамыту, мұрағат және құжаттама бөлімінің басшысы Қалабай Өтепберген.
Оның айтуынша, көшелердің атымен бірге ұзындығына да мән беріледі.
«Егер көше 45 градусқа бұрылса, онда келесі бөлігі өзге көше болып есептеледі. Ал, одан аз болса бір көше болып есептеле бермек» деді бөлім басшысы.
Бір көшенің атауын өзгерту шамамен 1 миллион теңгені құрайды. Көше аты жазылған маңдайшаларға қате жазғандар жазаланатын болады. Айта кетейік, бүгінде Алматы қаласында атауы жоқ 170 көше тіркелген. Көпшілігі Алатау мен Әуезов аудандарында.
http://baq.kz/kk/news/45790