АЛТЫНОРДА
Новости

Біздің «Экспо» – болашаққа бағытталған көрме болмақ

экспо2017 жылы елімізде өтетін «Expo-2017» көрмесі – болашаққа бағытталған маңызды жоба. Осынау маңызды бастаманы жүзеге асыра отырып, біз тарихи оқиғаның куәгері ғана емес, оның қатысушысы болатын бірегей мүмкіндік алдық. Экспо деген қандай жоба? Ол адамзат өміріне өзгерістер әкелуге ұмтылатын, технологиялық прогресске, идеялардың алға ілгерілеуін ынталандыратын қозғаушы күш қана. Бірақ Қазақстанның азаматтары қызығушылық танытпаса, жаңа кадрлар, жаңа идеялар мен жаңа білімге деген құштарлық болмаса – ілгерілеу мүмкін емес. Сондықтан, бұл көрменің Қазақстанға берері мол.

Ұлттық жобаға айналған бұл халықаралық көрме еліміздің жетістіктерін арттыра түсіп, Қазақстанның әлемдегі танымалдығын тағы бір сатыға көтереді. Осы көрме арқылы әлемдік қауымдастық біздің елімізді тағы бір қырынан жаңаша көруі тиіс. 2017 жылы еліміздің астанасына әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар келеді. Айта кетсек, көрменің ұйымдастырушылары тек шетелдік қонақтардың есебінен сыртқы туризмнің өсіміне ғана емес, «ішкі туризм» де қарқын алады деп күтіп отыр. Алдын ала жасалып отырған есеп бойынша, Астанадағы көрмеге келушілердің 85 пайызы қазақстандықтар болады. Сол себепті, қазір «Экспо» брендін таныту бағытындағы жұмыстар шет елдерде ғана емес, ел ішінде де қарқынды жүргізілуде. Бұл сандар қайдан алынды? Алматы, Астана, Қарағанды, Павлодар және өзге де қалаларда халық арасында жүргізілген сауалнамалар қорытындысы бойынша, ел тұрғындарының біраз бөлігі Астанада өтетін халықаралық көрме туралы мағлұмат білетінін, оған қатысатынын, қонақ, көрермен ретінде келетінін айтыпты. Осындай сауалнаманың көмегімен ұйымдастырушылар ел ішінен келетін адамдардың үлесін анықтады.

Бізге дейін әр елдерде өткізілген осындай халықаралық көрмелердің статистикасына көз жүгіртсек, Экспоға келушілердің 97 пайызы ұйымдастырушы-елдердің тұрғындары болған екен. Ал келушілердің жалпы санына шаққанда шетелдік туристердің үлесі 3-8 пайыз мөлшерінде болған. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған саясаттың арқасында еліміз әлемге танылып келеді, біздегі көрменің ерекшелігі сол – Экспо көрмесіне шетелден келетін қонақтардың үлесі 15 пайызға жетуі тиіс.

Әрине, «Expo-2017» көрмесін өткізу Астана қаласының өзінде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін береді. Қазірдің өзінде қала кәсіпкерлердің белсенді қатысуымен тұрғындар үшін жайлы, бизнес үшін тиімді, қонақтар үшін қызықты көпсалалы орталық ретінде дамып келеді. Ал «Expo-2017» көрмесі Астананы әлемдік маңызы жоғары орталыққа айналдырады.

Көрмеге байланысты құрылыс жұмыстарын айтпағанның өзінде, Астанада сервистік қызметтер – такси, қонақ үйлер, дүкендер, мейрамханалар, жеткізу, гидтер, аудармашылар, жарнама индустриясы дами түседі. Ал көрменің «Болашақтың энергиясы» атты тақырыбы мен оның аясында енгізілетін «жасыл» экономика принциптері өз кезеніде қаладағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына көмектеседі.

ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, «Expo-2017» көрмесі көрмесін өткізу арқылы Астананы ірі халықаралық, көрме және ақпараттық алаңы ретінде қарастыруға басымдық беріледі. «Қазір еліміз ағымдағы онжылдықтағы ең басты шаралардың бірін өткізуге дайындалып жатыр. Экспо-2017 Астанаға және жалпы Қазақстанға қандай экономикалық мүмкіндіктер мен басымдықтар береді десек, ең алдымен ондаған мың жұмыс орындары құрылады, ішкі туризмді дамыту, шетелдік туристер ағынын арттыру және басқа да табыстарға қол жеткізіледі деп күтілуде. Көрме нысандарының құрылысына инвестиция тартудан басқа, елімізге экономикалық тиімділік мәселелері де ескерілген. Экспо аясында бой көтеретін нысандар болашақта Қазақстан мен оның елордасын ірі халықаралық, көрме және ақпараттық-таныстырылымдық алаңы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Астана мен іргелес жатқан өңірлердің шағын және орта бизнесін де дамытуға жаңа серпін беріледі. Бәрінен бұрын – бұл халыққа қызмет көрсету саласы, қонақ үй бизнесі мен ішкі туризм», деген еді вице-министр.

Өзгесін айтпағанда, Астанада «Expo-2017» көрмесінің өтетіні жер-жаһанның әр түкпірінде адамдардың осы қалаға келуге деген құштарлығын оятады. Шетелдік туристер мен қонақтарды шақыру жұмыстары ендігі басталып та кетті. Бұл ұлттық жобаны жүзеге асыру жұмыстарына құзіретті мемлекеттік органдар өз тарапынан мейлінше серпін беруде. Мәселен, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм жөніндегі комитетінің қатысуымен шетелдік және қазақстандық туристерге арналған туристік пакеттер әзірленуде, көптеген елдермен арадағы визалық тәртіп қайта қарастырылуда.

Айта кетсек, бұған дейін елімізде бес туристік кластер белгіленген болатын. Экспо көрмесі Астана кластеріне кіреді. Бұл туристік кластерге Астана қаласының өзі, Бурабай, Қорғалжын және Қарқаралы енген. Бұл жерлерде қонақтар мен туристерді таң қалдыратын нәрселер баршылық – ең алдымен бұл Қазақстанның қайталанбас табиғи байлықтары. Қазіргі күні ұйымдастырушылардың алдында екі міндет тұр: біріншісі – қызмет көрсету деңгейін арттыру, екіншісі туризм мазмұны – қонақтардың көрмеге қатысып қана қоймай, Қазақстан туралы, оның табиғаты туралы неғұрлым көп мағлұмат алуын қамтамасыз ету. Мұның барлығы түптеп келгенде елімізде туристік индустрия дамуы үшін, экономикамыздың жаңа табыс көзін табуы үшін, ал келген қонақтардың Қазақстанға тағы бір рет келгісі келетіндей құштарлығын ояту мақсатында жасалуда.

Көрме 2017 жылдың маусым айынан басталып, қырқүйек айына дейін, 93 күн бойы жалғасады. Инновациялық жаңалықтармен бірге көрме барысында ауқымды мәдени бағдарлама жүргізіледі. Астана әлемдік және қазақстандық өнер жұлдыздары өз өнерлерін паш ететін үлкен концерттік алаңға айналады. Тіпті танымал мұражайлар мен сурет галереяларының экспозициялары ұйымдастырылады деп күтілуде. Жалпы, көрме барысында көрменің өзін қоспағанда ұзын-саны 3 мыңға жуық түрлі ойын-сауықтыру мақсатындағы шаралар ұйымдастырылады.

Жалпы, көрме өткізу жоспары энергетикалық және экологиялық стратегия, «жасыл көпір» стратегиясы және «жасыл өсім» стратегиясы, экономиканы әртараптандыру және кадрлар дайындау, қызмет көрсету және туристік бизнесті дамыту сияқты үлкен міндеттерді біріктіреді. Сонысымен-ақ елімізді алға ілгерілететін ұлттық жоба ретінде қарастырылуда. Бұл «Expo-2017» жобасын жүзеге асырудың арқасында еліміз әлемдегі ең жаңа деген технологиялық ізденістердің ортасына түседі, отандық ғылым мен экономиканың дамуына күшті серпін беріледі.

 

Айдын ОЛЖАЕВ