АСТАНА. 15 мамыр. BAQ.KZ – Еліміздің Еуразиялық экономикалық одаққа кіруіне Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті толықтай жетеді. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов өңір кәсіпкерлерімен болған дөңгелек үстелде мәлімдеді.
Еліміздің Еуразиялық экономикалық одаққа кіргенінен ұтары көп. Оның бірі нарықта бәсекелестік артып, сапалы дүние көптеп шығарылса, екіншісі бұқараның қалтасына тиімді болмақ. Яғни, өнім көлемі артқан сайын баға да түседі деген болжам бар.
Берік Оспанов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
— Халықтың санына қарай еліміздің нарығы 17 миллион болса, енді одақ құрылғаннан кейін ол 10 есеге ұлғайып, 170 миллионға жететін болады. Ол дегеніміз — кәсіпкерлер үшін өте үлкен мүмкіншілік. Сондықтан біздің бизнесмендер осы одақта жұмыс жасауға дайын болуы керек..
Еуразиялық одақтың алғашқы баспалдақтарының бірі болған Кедендік одақта Оңтүстіктегі экспорт көлемі 2011 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артқан. Осыған қызыққан өзге де кәсіпкерлер болашақ Еуразиялық одақ құрамындағы мемлекеттермен аралас-құралас жұмыс жасасуға құлшынып отыр.
Мұрат Тағаев, облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер:
— Аудан көлемінде жазылған бір ғана қағазбен осы одақтың құрамындағы елдердің кез келген жеріне біздің өнім кедергісіз жетіп отыр. Яғни, тиімді тұсы сол — бізде жазылған барлық құжатты ол кісілер мойындап, қабылдап жатқаны. Сондай-ақ, ол жақтағы қағаздар да бізде дәл солай қабылданып, жүзеге асырылады. Бұл — өте жақсы нәрсе.
Келер жылдың қаңтарынан бастап толықтай жүзеге асатын жобаға Оңтүстіктің әлеуеті толық жетеді. Облыстық экономиканы және бюджетті жоспарлау басқармасының мамандары осылай дейді. Ол үшін көптеген жоба іске асырылыпты.
Арман Абдуллаев, ОҚО экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы:
— Жалпы, өңірлік өнімнің көлемі өткен жылдың қорытындысымен айтқанда 2,1 триллион теңгені құрап, 7,9 пайызға артты. Республикадағы облыстың үлесі 6 пайызды құрады. Үдемелі индустриалдық даму бағдарламасы аясында индустриалдық карта аясында 170 жоба іске асырылды. Ол республикадағы 919 жобаның 18,3 пайызын құрайды. Ауыл шаруашылығы саласында 3 айда өндірілген өнім 34,7 миллард теңгені құрап, 3,5 пайызға артып отыр.
Жалпы, үш тағандық істе Қазақ елі барлық саланы қамтуға тырыспақ. Ал негізінен ортақ одақта қазақстандық тарап ауыл шаруашылығы тауарлары мен қайта өңдеу саласына иек артып отыр. Еске салайық, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы ұсынысты осыдан аттай 20 жыл бұрын Елбасы айтқан болатын.
http://baq.kz/kk/news/47209