АЛТЫНОРДА
Новости

ОТБАСЫНЫҢ ОРЫНЫ БӨЛЕК

15 – мамыр Халықаралық отбасы күні.Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталады

Ақын сөзімен айтқанда: «Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі», — десек артық емес.Отбасы – өмір бойы біздің қасымызда болатын ең жақын адамдар, әр қоғам мүшесін қалыптастыру мен дамытуға итермелейтін махаббат, түсінік пен ізгі ниетке толы орта.  Отбасының негізгі міндеті балаларды өсіру, оларға лайықты білім беру және адамзаттың қилы қатынастар әлемінде өз орнын табуға көмектесу сол үшін де отбасы берік және сенімді тірек блуы тиіс деген ұғым қалыптасқан.

Осы айтулы күнге орай облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы 12-13 мамыр күндері қала бойынша адамдар көп жиналатын жерлерде және халыққа қызмет көрсету орталықтарында «Жігер» жастар денсаулық орталығы, «Ерлер денсаулығы» орталығы, «Неке және жанұя» медициналық орталығы,  және Әділет басқармасының мамандарының қатысуымен кең ауқымды акция ұйымдастырған еді. Акция барысында тұрғындар өзіне қажетті тегін кеңестер алып, бойын, салмағын, артериалды қан қысымын өлшетуге мүмкіндік алды.  Сонымен бірге, отбасын жоспарлау, өсімталдық денсаулықты қорғау тақырыптарында бейнероликтер көрсетіліп, ақпараттық оқыту материалдары да таратылады.

Сондай-ақ, 14 мамыр күні журналистерге арналған баспасөз мәслихаты болып өтті.Әлеуметтік саясаттың маңызды бір сәті ана мен баланы қорғау, ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек болжамды өмір сүру ұзақтығы 2013 жылы 69,6 жасты құрады, яғни туудың өсімі есебі мен өлімнің тұрақтану есебінен және табиғи өсімінің 3% ұлғайуына байланысты оның өсуінің бет алысы байқалды.  Туу көрсеткішінің өсімі 1,8% болып, 1000 адамға шаққанда 27,3 құрады.  2012 жылы бұл көрсеткіш – 26,8 құраған болатын ана өлімі 6,7%-ға, бала өлімі  17%-ға төмендеді.

Сонымен қатар,  2013 жылы Тараз қалалық Әділет басқармасында  жаңа туылған 9 839 сәби тіркелсе, 3 882 рет ресми түрде жас жұбайлар некесін қидырыпты. Өкінішке орай, тұз-дәмдері жарасым таппаған  1 187 жұптың некесін бұзуға тура келгендігін де айтып өту керек. Тек көңілге медеу тұтарлығы отбасылардың ажырасуы былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда біршама төмендеген.

Ал, бүгін яғни 15 мамыр күні АХАЖ бөлімінде ресми түрде 25 жұп некелерін заңдастыруға өтініш беріпті.  Неке қию салтанатында Тараз қалалық Әділет басқармасының жетекшісі Гүлнар Кушекова жас жұбайларға: «Үйлену оңай, үй болу қиын»,-дейді халқымыз. Мен сіздерге өзара түсіністік, махаббат пен татулық тілеймін. Сіздерге тілейтініміз — бүгінгідей бақытты сәт өмір бойы бірге болсын! – деп құттықтап, алғашқы неке куәліктерін табыс етті. Осындай кең ауқымды іс-шаралардың мақсаты тұрғындардың репродуктивтік денсаулықты сақтау, отбасын жоспарлау, мезгілсіз жүктілік пен жасөспірімдік жүктіліктің алдын алу жөнінде ақпараттылық деңгейін арттыру. Сонымен қатар отбасы, әсіресе жас, толымсыз, көп балалы және мүмкіндігі шектеулі тұлғалар мәселесіне жұртшылықтың назарын аудару.

http://www.aikyn.kz/articles/view/49177