Украина армиясы 8 шілдеге қараған түні Донецк облысының Константиновка қаласын алды деп хабарлады «Ақпараттық қарсыласу» тобының жетекшісі Дмитрий Тымчук Facebook-тегі парақшасында. Оның айтуынша, түнде ресейшіл сепаратистер украин армиясының үш блокпостын минометпен атқылаған.
Луганскіде бүгін таңертең жеңіл такси көлігіне снаряд жарықшақтары тиген. Қала басшылығының хабарлауынша, ққиғадан екі адам қаза тауып, төртеуі жараланған.
Украинаның мемлекеттік шекара қызметінің хабарлауынша, Луганск облысындағы «Довжанский» және «Дяково» шекара пунктерінде де атыс болып, сегіз шекарашы жараланған.
Биліктің елдің шығысындағы іс-қимылдарына көңілі толмайтын Майдан белсенділері бүгін парламент — Жоғарғы Рада алдына жиналады. Олар биліктен қатаң әрекет жасауы қажет деп, Украина қауіпсіздік қызметінің басшысын, мемлекеттік шекара қызметінің басшысы мен бас прокуратураны ауыстыруды талап етеді.
7 шілдеде президент Петр Порошенко сепаратистер басып алған Луганск мен Донецкіні азат ету жөніндегі арнайы операция жоспарын бекіткен. Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі төрағасының орынбасары Михаил Ковальдің айтуынша, сепаратистерді тізе бүгуге мәжбүрлеу үшін Донецк мен Луганск қоршауға алынады.
Коваль бұған қоса Ресей Украинамен шекарасына арнайы тактикалық бөлімшелерді шоғырландырғанын айтады. Бөлімшелер Украинамен шекараның бір бөлігін Ресей жағына қарулы топтардың еніп кетуінен қорғайды.
http://www.azattyq.org/archive/news/20140708/330/330.html?id=25449383