АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Ауғанстанда билікті заңсыз жолмен басып алу әрекеті болған жағдайда Вашингтонның бұл елге беретін көмегі тоқтайтынын ескертті. Керри бұл жайында Ауғастанда 14 маусымда өткен президент сайлауының екінші кезеңінің алдын-ала нәтижелері жарияланғаннан соң ішкі саяси жағдай шиеленісе түсуіне байланысты айтты.
Джон Керри Ауғанстанда «қосымша үкімет құрылуы мүмкін» деген хабарларға алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, Вашингтон сайлау органдары дауыс беру нәтижелерінің бұрмаланғаны туралы мәлімдемелерді тексереді деп күтеді.
Ауғанстанның тәуелсіз сайлау комиссиясы 7 шілдеде сайлауда алдын-ала нәтиже бойынша 56 пайыздан астам дауыс жинаған бұрынғы қаржы министрі Ашраф Гани жеңіске жетіп тұр деп мәлімдеген. Оның қарсыласы, бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла 44 пайызға жуық дауыс жинаған.
Абдулланың өкілдері дауыс беру нәтижелерін мойындаудан бас тартып, нәтижелерді бұрмалауды «төңкеріс жасау әрекеті» деп атады.
Сайлау комиссиясының төрағасы Ахмад Юсуф Нуристани сайлауда заң бұзушылықтар болғаны туралы арыз-шағымдар қаралған соң дауыс беру нәтижелері өзгеруі мүмкін екенін айтқан.
http://www.azattyq.org/archive/news/20140708/330/330.html?id=25449323