Украинаның шығысында авиация сепаратистер шебін атқылады. Бүгін журналистермен кездескен Украина қорғаныс министрлігінің өкілі «Горловка түбіндегі авиация шабуылынан отыз шақты сепаратист қаза тапқанын» хабарлады. Саур-могила атты жердегі қару-жарақ, оқ-дәрі қоймасы жарылған. Украина қорғаныс министрлігінің мәліметіне қарағанда, «авиация сепаратистер шебін көздеп, бес рет атқан».
Бүгін таңертең ресейлік БАҚ Украина жақтан атылған снаряд Ростов облысында жер үйге түскенін хабарлаған еді. Ресей тарапының ақпараты бойынша, бір адам қаза тапқан, тағы бір адам жараланған.
РИА «Новости» агенттігінің хабарлауынша, Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Григорий Карасин «Ресей бұған қатаң түрде жауап береді» деген. Карасин оның нақты қандай «жауап» болатынын айтпаған, тек Ресейдің оқиғаны тексеретінін мәлімдеген.
Украина қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің өкілі Андрей Лысенко «Украина әскерінің Ресей жаққа ештеме атпағанын» мәлімдеді.
http://www.azattyq.org/archive/news/20140713/330/330.html?id=25455258