Израиль армиясы бүгін жергілікті уақытпен үш күндік бітім күшіне енгенде Газа секторынан барлық әскери күшін шығаратынын хабарлады. Израиль армиясының подполковнигі Петр Лернердің айтуынша, Израиль палестиналық жасақтардың Израильге қарсы шабуыл жасау үшін пайдаланатын 32 жерасты туннелін жойғандықтан әскерін әкетпек.
Египет 4 тамыз күні Израиль мен Палестинаға Газа секторында үш күндік бітім жасасуды ұсынып, оны екі жақ та қабылдаған. Енді Каирде Тель-Авив пен Палестина өкілдері ұзақ мерзімдік бітім жасасу туралы келіссөздер өткізеді деген жоспар бар.
Газа секторында бір айдай уақыт бұрын басталған Израильдің әскери операцияларынан 1850-ден аса палестиналық қаза тапқан. Олардың көпшілігі — бейбіт тұрғындар. Ал Израиль тарапынан алпыс төрт сарбаз және төрт бейбіт тұрғын мерт болған.
http://www.azattyq.org/archive/news/20140805/330/330.html?id=25481205