«Адамның тағдыры өз қолында» дегенді бала күнімде газеттен оқығаным есімде. Жасым 30-ға келгенше сол тағдырдың мәні тез байып кету деп қана ұғыппын. Мектепті кілең беске оқымасам да, төрттіктің дәл ортасында жүрдім. Матиматикаға әлсіз болғамыммен, тіл-әдебиетке құмар едім. Ара-тұра өзімнен бір сынып төмен оқитын қыздарға ғашық болғаным соншалық, олардың кейбіріне арнап өлең де жазып тұрдым.. Шығармаларымның арасында өз сезімімді өзгелерге білдіру мақсатында лақап атпен әңгімелер жазған кездерім де болған. Сол себепті сыныптастарымның алды болмасам да, арты болмағаным анық. Кей уақыттарда түрлі үйірмелерге барып, мектеп арасында өтетін жыл сайынғы жеңіл атлетика жарыстарда жүлделі орындардан көрінсем, «Бал дәурен» вокалды инструментальды ансамбльдің белді әншісі де болғанмын. Соның арқасында өзім оқыған білім ордасының намысын талай сайыстарда қорғағаным әлі есімде. Кейін ойлап қарасам, ата-анам мен туғандарым менен кереметтей жеңіс күтпесе де, ортадан жоғары өмір сүреді деп топшыласы керек. Өкінішке орай, биыл жасым 39-ға келген менің өмірім олай болмай шықты. Қазір басымда басыбайлы баспанам да, бала-шағам да жоқ. Тіпті мен осы жасқа келгенше үйленген де емеспін. Оған себеп те жоқ емес. Қолымда диплом болмағандықтан жалақысы жоғары жұмысқа да кіріп көрмеппін. Соңғы 8 жылдан бері істеп келе жатқан жұмысым – поезд машинистерін тасу. Менің нәпақа тауып жүрген жерім 1-ші Алматы вокзал маңындағы теміржол Депосы. Өзім 10 жыл оқыған мектебімнің қасында бірге жұмыс істейтін екі жігітпен бірігіп пәтер жалдап тұрамын. Пәтерде бірге тұратын әріптестерімнің ішіндегі ең үлкені менмін. Өзімнен 15-17 жас кіші бойдақтардың жүріс-тұрысына қарап, жас күнімде жіберген сан түрлі қателіктерім есіме түседі. Және ол балалардың менің айтқанымды тыңдамайтынын іштей сеземін де. Олар ойлайды «мен өмірде өз орнын таба алмаған бейшара» деп. Және олардың ойы дұрыс та. Ал бейшараны кім тыңдасын. Менің сөзіме ешкім құлақ аспайтындықтан қолыма қалам алып, «Алаш айнасы» газетіндегі «Отбасы — ошақ қасы» айдарына басымнан өткендерді жазып, бір адамға болса да ой салармын, адасып жүргендерді кері қайтарармын деген мақсатпен ішімнен шыққан шерімді тарқатып отырмын. Егер мүмкіндік болып жатса осы жазғандарымды жарияласаңыздар сіздерге мың алғыс айтар едім.
Біз үш ағайындымыз. Үйдің тұңғышымын. Менен екі жасқа кіші Дәулет есімді інім 21 жасында-ақ шаңырақ көтерсе, қазір үш баласын ел қатарлы бағып-қағып отыр. Айнұр есімді жалғыз қарындасым, әлі күнге тұрмысқа шықпағанымен айлығы тәуір банкте жұмыс істейді. Ал зейнет жасындағы әкеміз Дәулеттің қолында. Шешемның о дүниеге аттанғалы 7 жыл толды. 1992 мектеп бітірген жылы сыныптастарымның басым көпшілігі оқуға тапсырып, өмірге жоспарын құрып, жан-таласып жатқанда мен әскерге барып қайтып, полиция қызметкері атану еді. Ал уақыты келгенде мені әскерге алмай қойды. Оған себеп сол құлағым нашар естиді. Әскерге бармайтынымды естіген әкем «Жигули» сатып әперді. Кейін ойлап қарасам, ол көлік маған бақыт емес, қасірет әкелгендей екен. Олай дейтінім қалада әкемнің 5 бөлмелі жер үйі болғанына қарамастан ол көлік менің жатын орныма да, асханама да айналған. Әкемнің үйінде кей жылдары жылына екі-үш-ақ рет қана барған кезімде есімде. Қасыма өзім секілді еш жерге оқуға түспеген, не тұрақты жұмыста жоқ Қуат есімді сыныптасымды ертіп алып, отызға келгенше басымыз ауған жақта жүрдік, ойымызға келгенін істедік. Сөйтіп жүргенде екеуміз ойын автоматының қызығына қалай кіріп кеткенімізді білмей қалыппыз. Қуат екеумізді іздегендер қаладағы ойын автоматы бар жерлерді аралайтын. Менің берекесіз тірлігіме әбден ашынған әкем зейнетке шығар жылы (2003 жыл. Алматыда пәтер бағасы қымбаттамай тұрған) Сейфуллин мен Қарасай батыр көшесі қиылысынан 7 мың долларға бір бөлмелі пәтер алып берді. Ал ол уақытта мен қарызға белшеден батып, өзімді қоярға жер таппай сенделіп, қарызға ақша алған таныстарымның барлығынан қашып-пысып, жасырынып жүргенмен. Тіпті өзімді дара асуға дейін барғанмын. Егер сол кезде қасымда Қуат болмағанда кім білсін қазір о дүниеде жүргеніммен ол жақта да анамнан ұрыс естіп жүруім мүмкін еді. Сол жылдары маған қарызға ақша берген таныстарым жылдар бойы ала алмай жүрген ақшасын қайтарып алу мақсатында екі-үштен жиналып келіп бірнеше рет соққыға да жыққан кездері де болған. Соның салдарынан денсаулықтан да айырылдық. Менің бүгінгі өмірім күнделікті өз нанын тауып жеп жүрген иттікіне ұқсас. Сондықтан ағайын мен жіберген қателікті сіздер жібермесеңіздер екен деймін. Жіберген ең үлкен қателігім жалпы адам арақты жеңе алмағандай, ойын автоматтарын да жеңе алмайды екен. Өкініштісі мен соны кеш ұқтым. Қиналғаным соншалық әкем сыйлаған үйде сол жылы сатып жіберіп, алдымен соммасы үлкен қарыздарымды жаптым. Сол күндерден қалған қарыздарымды біршамасын әлі күнге дейін қайтарумен келемін. Алла қаласа осы жылдың соңында қарыздарымнан толықтай құтыламын деп отырмын.
Қазір менімен бірге тұрып жатқан 22-24 жасар екі жігіт қолдары қалт етсе, карта ойнайтын болып жүр. Ал мен олардың өмірі менікіне ұқсас болғанын қаламаймын.
Марғұлан, Алматы
http://alashainasy.kz/otbasy/53260/