Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ақордада Иран президенті Хассан Роуханимен кездесті деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кездесу барысында екі ел арасындағы мұнай-газ, ауылшаруашылығы, инфрақұрылым салалары бойынша мәселелер талқыланған. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Иранды «әлемдегі маңызды серіктестердің бірі әрі Каспий бойындағы тату көрші» деп атаған.
«Қазақстан Иран Ислам Республикасын әлемдегі маңызды серіктестердің бірі және Каспий бойындағы тату көрші деп санайды. Біз сіздерді алдарыңызда тұрған үлкен мәселе – ядролық бағдарламаларыңызға қатысты проблеманы сәтті шешіп, келісімге қол жеткізесіздер деген сенімдеміз. Бұл Иран экономикасының дамуына және біздің өзара қарым-қатынасымызға ықпал етеді» деген Назарбаев.
Қазақстан президенті соңғы уақытта екі ел арасындағы тауар айналымы азайғанын, бірақ биылғы жылдың көрсеткіштері жақсара бастағанын айтқан.
Назарбаев алдағы қараша айында Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолы іске қосылатынын да атап өткен. Оның сөзінше, теміржол іске қосылған соң Иранға сатылатын бидай көлемі бес есеге ұлғаймақ.
Иран президенті Хассан Роухани Астанаға 8 қыркүйек күні келген.
http://www.azattyq.org/archive/news/20140909/330/330.html?id=26573959