Тоқсаныншы жылдары таэквондо сынды спорт түрін қазақ топырағына әкеліп, тамыр жайғызған тау тұлғалы азамат, алты алаштың айбынына баланған айбоз ұлы – Мұстафа Өзтүріктің ескерткішіне байланысты дау шықты, – деп жазады «Алаш айнасы»газеті.
2014 жылдың қараша айында Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдың мерейтойы өтеді. Осыған байланысты даңқты спортшының достары мен шәкірттері Мәдениет және спорт министрлігінен, Қазақстан таэквондо федерациясынан және Алматы қаласының әкімдігінен Мұстафа Өзтүріктің қазіргі ұсқынсыз ескерткішін алып тастап, орнына жаңасын орнатуды сұрап жатыр.
Мұстафа Өзтүріктің құрметіне тұрғызылған қазіргі ескерткіштің биікті 2 метрге де жетпейді. Ескерткіштің артын айналып қарасаң, тастың үстінде отырған бүркіт бейнеленген секілді. Ал мүсіннің алдыңғы бөлігінде қарға бойлы ер азамат бейнелеген. Жай өткінші адам бірден мұның Мұстафа Өзтүріктің ескерткіші екенін біле қоймайды. Өйткені мүсін мен Мұстафаның келбеті бір-біріне ұқсамайды. Бұл ескерткіш Мұстафаға арналғанын анықтау үшін тура алдына келу керек. Ол жерде тасқа Мұстафа Өзтүрік деп ойып жазып қойған.
Сұлтанмахмұт Шоқбытов, Республикалық спорт жаттықтырушыларының біліктілігін арттыру орталығының жетекшісі:
— Мұстафа Өзтүріктің ескерткіші Алматы облысы Бесағаш ауылында орналасқан. Әрине, қазіргі ескерткішке көңіліміз толмайды. Себебі даңқты спортшымызға арналған мүсін ұсқынсыз жасалған. Сондықтан да Мұстафа Өзтүріктің достары мен шәкірттері ескерткішті өзгерту туралы ұсыныс білдірген еді. Ол — осыдан екі-үш ай бұрын болған жағдай. Алайда мен одан кейін басқа қызметке кетіп, бұл мәселеге байланысты толық ақпаратты білмеймін. Бір білетінім, маусым айында Қазақстан таэквонда федерациясының кезекті жиыны болып, федерацияға жаңа, беделді азаматтар келді. Сол жиын барысында Қазақстан таэквонда федерациясының президенті Вячеслав Ким мырза Мұстафа Өзтүріктің мерейтойын ойдағай өткіземіз деген еді. Одан бөлек торқалы тойды абыроймен өткізуді Алматы облысы таэквонда федерациясының басшысы Серік Абдуллаев та қолдап отыр. Десе де, ескерткішке қатысты ол жерде нақты ештеме айтылмады. Менің ойымша, мерейтойға дейін ескерткішті ауыстыру керек. Өйткені, біріншіден, Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдық тойына шет елден көптеген қонақтар келеді. Сол кісілердің алдында еңсеміз төмен түсіп қалмауы керек. Екіншіден, Мұстафа Өзтүрік — елімізге таэквонда спортын алып келген алғашқы адам. Елімізде бұл спорттың дамуына елеулі үлес қосты. Мұндай адамдарды біз естен шығармауымыз керек. Ол келер ұрпаққа батыр ұлдарын біліп жүруге және бұл спортқа деген қызығушылықты арттырады
Мұстафа Өзтүрік (1954-1995) – таэквондодан әлемнің алты дүркін чемпионы, 7-дан иегері, таэквондо спортынан халықаралық деңгейдегі бапкер, қазақ-түрік таэквондо мектебінің негізін қалаушы. Мұстафа ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстаннан Түркияға қоныс аударған отбасында дүниеге келген. Ол 1990 жыл мен 1995 жылдары аралығында Қазақстанда тұрып қызмет еткен. 1992 жылы Қазақстан азаматтығын алса, 1991 жылы Қазақстан таэквондо федерациясын құрған.
Автор: Уалихан Қосанбай
Толығырақ: http://alashainasy.kz/sport/ozturkt-nege-oz-dengeynde-ulyiktay-almay-jurmz-53824/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі