21 қыркүйек, жексенбі күні Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург және тағы бірнеше қаласында, сонымен бірге шетелдерде Украинадағы соғысқа қарсы бейбітшілік шерулері өтті. Шеруге шыққандар Украинаның шығысындағы қақтығыстарға Ресей әскерінің араласуын тоқтатуды талап етті.
Мәскеудегі Пушкин алаңынан Сахаров даңғылына дейінгі аралықта өткен «Бейбітшілік шеруінде» «Алдау мен соғыс тоқтатылсын» деген ұрандар айтылды. Трубной алаңына дейін барған демонстранттар әуеге бейбітшілік символы – көгершін ұшырды.
Шеруге қатысқандар арасында «Яблоко» партиясы, «Парнас» Ресей республикалық партиясы, «Солидарность» қозғалысы, ЛГБТ белсенділері де болды. Бірақ шеруге шыққандардың нақты санына қатысты ақпараттарда алшақтық бар. Маршқа шыққандар саны ресми мәлімет бойынша 3 мың адам делінген, ал металл іздеу құрылғысында жұмыс істеген еріктілер демонстранттар саны 15 мың адамды құрағанын айтады. Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі шеруге қатысушыларды шамамен 40 мың адам деп есептеген.
«Бейбітшілік шеруіне» қатысқан Ресей мемлекеттік думасының оппозицияшыл депутаты Дмитрий Гудков Twitter-дегі парақшасында демонстрацияға 70 мыңдай адам шыққанын жазады.
Оппозиционер Алексей Навальный Twitter-де Ресей президенті Владимир Путинді айыптайтын плакатты жаюға рұқсат берілмегенін жазды. «Солидарность» қозғалысының жетекшілерінің бірі Петр Царьков плакаттардың көпшілігінің тәркіленіп алынғанын айтты.
«Яблоко» партиясы полиция белсенділерден «Украинамен соғысу – Ресей үшін масқара» деген жазуы бар плакатты тартып алғанын хабарлады.
Маршта шеруді арандату әрекеттері де болған. Демонстранттарға «Бейбітшілік маршы – фашистерге болысушылардың шеруі» деген сөздер жазылған плакат ұстап алған бірнеше жас жақындап келгенімен, оларды полиция тоқтатқан. Шеру кезінде Украинаның шығысында өзін-өзі жариялаған «Донецк халық республикасы», «Луганск халық республикасы» мен «Новороссияның» туларын ұстаған адамдар да жүрген.
azattyq.org сайтынан алынған
Толығырақ: http://alashainasy.kz/sabaktar/reseyde-ukrainadagyi-sogyiska-karsyi-sheru-ott-54538/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі