26 қыркүйек күні Астанадағы Ресей елшілігі алдында наразылық акциясын өткізген «Антигептил» қозғалысының төрт өкілін полиция ұстады.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, күндізгі сағат 11-ден өте «Антигептил» қозғалысының төрт мүшесі — Болатбек Біләлов, Ұлан Шәмшет, Алмас Мақсұтов пен Асқар Сейітов Ресей елшілігі алдында Байқоңырдан «Протон» зымыран тасығышының ұшырылуына (28 қыркүйекке жоспарланған — ред.) қарсы акция өткізген. Олар бұған дейінгі акцияларында киген сары түсті плащтарын осы жолы да киіп шыққан. Олармен бірге «Антигептил» қозғалысының тағы он шақты мүшесі болған.
Белсенділер алып шыққан плакаттарын жайып, Қазақстанның әнұранын айтқан. Бұдан соң оларды сол маңға барған полиция ұстап әкеткен. Ұсталған белсендінің бірі Ұлан Шәмшеттің Азаттық тілшісіне телефон арқылы айтуынша, полиция өздерін Алматы аудандық ішкі істер басқармасына апарған.
Ал Алматы аудандық ішкі істер басқармасының кезекші қызметкері Азаттық тілшісіне ұсталғандар туралы ақпарат бере алмайтынын айтты.
2013 жылы 2 шілдеде ресейлік үш «Глонасс» спутнигі тиелген «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшырап, жарылып кеткен еді. Апат орнындағы зиянды заттардың шектік концентрациясы туралы екі елдің ақпараты екі түрлі болған. Қазақстандық мамандардың бағалауынша ол 660-тан 330-ға дейін, ал ресейлік мамандардың есептеуінше 130-дан 10-ға дейін төмендеген.
Апаттан кейін қазақстандық белсенділер Ресейдің Байқоңырдан гептил қолданатын зымырандар ұшырмауын талап еткен акциялар өткізіп келеді.
http://www.azattyq.org/archive/news/20140926/330/330.html?id=26607197