АЛТЫНОРДА
Новости

Сириядағы соғыста жүрген қырғызстандықтар

Сириядағы Кобани қаласы маңында «Ислам мемлекеті» тобының жалауы қасында тұрған адамдар. 7 қазан 2014 жыл.Сирияда соғысып жүргенн «Ислам мемлекеті» тобына Қырғызстан азаматтарының қосылып жатқанына сарапшылар алаңдаушылық білдіреді. Бірақ экстремистер жағында нақты қаншасы жүргені белгісіз.

ҚАТЕРЛІ ИДЕОЛОГИЯ

Осы аптада Бішкекте өткен дөңгелек үстелде Қырғыз мемлекеттік университетінің тарих, әлеуметтану және құқықтану институтының өкілі Назира Құрбанов Сирияда соғысып жатқан қырғыз азаматтарынан Қырғызстанға идеологиялық қауіп барын ескертті.

– ИМ-нан бұрын оның идеологиясы қатерлі. Қырғыздар Сирияда жинаған тәжірибесін осында келген соң ел ішіне таратады, — деді ол.

«Халықаралық дағдарыс тобы» Бішкектегі филиалының ортаазиялық жобасының директоры Дейрдре Тайнан Азаттыққа Сириядағы соғыста қырғыз азаматтарының жүруі Қырғызстанның қауіпсіздік қызметі мен үкіметін алаңдатып отырғанын айтты. Ол Сирияға кеткен қырғыз азаматтарының саны олар туралы жарияланған мөлшерден көп дейді.

– Кейбіреулер ИШИМ (топ атауының тағы бір қысқарған нұсқасы) қатарында соғысу үшін барады, бірақ ИМ тек сауатсыз жастарды ғана тартады деу – тар шеңберде ойлағандық. Әйелдер, кәсіпкерлер мен отбасымен кеткендер – ИМ тобының идеологиясына байланғандар. Бұндай жағдайда олар ұрысқа тікелей қатыспаса да, соғыстан басқа амал жоқ деп сенеді, — дейді сарапшы.

ИМ ҚАТАРЫНА ӘЙЕЛДЕРДІ ТАРТЫП ЖАТЫР

Бішкекте ИМ мәселесіне арналған дөңгелек үстел жиынында экстремистік топтардың өз қатарына адам тартуы, олардың белгілі бір топтармен жұмыс істейтіні жайлы айтылды.

Нәзира Құрбанова соңғы уақытта соғысқа кеткен әйелдер саны көбейгенін айтты. Бұған елдің оңтүстігінде кедейшіліктің ушығуы мен әйелдер құқығының қорғалмайтыны себеп болып отыр дейді сарапшы. Құрбанова Қырғызстанның оңтүстігінде көп әйел алудың кең тарағанын, әйелдердің көбі заңды құқықтары туралы білмейтінін айтады.

Түркия мен Сирия шекарасы маңындағы сириялық босқын әйел. 26 қыркүйек 2014 жыл.Түркия мен Сирия шекарасы маңындағы сириялық босқын әйел. 26 қыркүйек 2014 жыл.

IslamSNG.com сайты ИМ үгітшілерінің медициналық білімі бар әйелдерге баса мән беретіні туралы айтқан «Ортақ мүддені іздеу» үкіметтік емес ұйымының сарапшысы Икболжан Мирсаитовтың пікірін келтіреді. Сондай-ақ, ИМ билікке наразы немесе көңілі толмайтын әйелдерді де тартуға тырысады дейді ол.

Мирсаитовтың сөзінше, ИМ тобы «білімді жастар мен әйелдерді» орыс тілді сайттар арқылы тауып, өз қатарына тартуға тырысады. Бішкектегі «Полис Азия» орталығының сарапшысы Әсел Мырзақұлова ИМ сияқты экстремистік топтардың Қырғызстанның кедейшілік зардабын тартқан тұрғындарына көмектескен болып, қарызын өтеуге және медициналық қызмет үшін төлем жасауға жәрдем ұсынатынын айтады. Діни сауаты төмен, жағдайы нашар әйелдер ақ пен қараны ажырата алмай, діни радикалдардың тұзағына түсіп қалады дейді ол.

РАДИКАЛДАРҒА ҚАРСЫ ТҰРУ

Әйткенмен Бішкектегі дөңгелек үстел талқысында әсіредіншілдермен күресудің тиімді жолы қайсы деген сауалға тұщымды жауап берілмеген. Дейрдре Тайнан Орталық Азияның басқа елдері тәрізді Қырғызстан да шетелге соғысқа барғандарды заң бойынша қылмыстық жауапқа тартатын өзгеріс енгізбек ниетте екенін айтады.

– Бірақ бұл заңдар елге қайтқысы келетін азаматтарға кедергі болатын сияқты. Экстремизмнің алдын алу шаралары мардымсыз күйде, ал радикалдарға бет бұрғандармен жұмыс істеп, түзу жолға салу әдісі жоққа тән. Мешіттерде аздаған «түсіндірме жұмысы» жүргізіледі, бірақ әсіредіншілдер ресми түрде тіркелген мешіттерде емес, жеке үйлер мен ғибадат бөлмелерінде жұмыс істейді, үкімет олармен жұмыс істеудің амалын тапқан жоқ, — дейді Тайнан.

Қырғызстан қауіпсіздік қызметінің кейбір өкілдері ИМ тобы Талибанмен салыстырғанда аймаққа көбірек қатер төндіреді деп санағанымен, қырғыз үкіметі діни радикладардың көбеюіне қарсы күресіп келеді.

– Биліктің әлсіздігі мен әлеуметтік қызметтердің нашарлығы сияқты ел ішіндегі түрлі келеңсіздіктерді өз мүддесіне пайдаланған әртүрлі мақсатты көздейтін исламшыл ұйымдар елдің кейбір аймағында ықпалын жүргізе бастады, ол Қырғызстанның зайырлы үкіметіне де қауіп төндіреді, — деді Дейрдре Тайнан.

Дөңгелек үстелге қатысушылар радикалдық топтармен күресудің бір амалы ретінде бұл іске аймақтағы басқа елдерді, оның ішінде Ресейді де қосу керектігін айтты.

Қырғызстан шекара қызметінің басшысы Токон Мамытов ИМ тобын «жаңа типті армия» деп сипаттап, Қырғызстан жалғыз өзі оны жеңе алмайтынын айтады. Оның пікірінше, Қырғызстан бұл мәселеде Ресей мен постсоветтік бес елдің әскери альянсы – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымымен (ҰҚТШҰ) күш біріктіргені абзал болмақ.

Мамытов «Ислам мемлекеті» де Украинаның «Оңшыл сектор» ұлттық саяси партиясы сияқты «жаһандану хаосынан» туындады деп есептейді. Шекаралық қызмет басшысы ИМ тобымен күресудің өзіндік әдісі туралы да айтты. «Кейде мен Эбола вирусы ИМ тобын талқандау үшін ойлап табылған шығар деп армандаймын» дейді ол.

Йоанна Паражчуктің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан. 

http://www.azattyq.org/content/kyrgyz_citizen_in_syria_war_igil_islam_state/26655381.html